Ақмолалықтар: бұл – тарихи мүмкіндік! Біз оны тиімді пайдаланамыз!

Дамудың маңызды міндеті

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев жылдың бас-ты құжатына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атауын берді. Осы сөздердің әр буынында сананы серпілтер өрліктің өзегі бар. Осы сөздердің қанатты екпінінде Тәуелсіздігімізді тұғырландырған өр халқымыздың жаңашыл қадамдарға дайын екендігін меңзейтін асқақтық қол бұлғайды. Бұл – замана талабындағы Жолдаудың терең мазмұнын білдіретін тұғырнамалық қағидат, қазақстандықтардың ерік-жігерін тасқындатқан «Мәңгілік Елге» бастайтын сенімді баспалдақ ретінде бағалануда.
Елбасының әрбір Жолдауы қазақстандықтардың жақсы тұрмысын ғана емес, алаңсыз болашағын діттейтіндігімен құнды. Тәуелсіздігіміздің 26 жылдық салтанаты мұны барынша дәлелдеді. Қазақстанды құрмет тұтатын, үлгі ететін мемлекеттер санаты қалыңдады. Себебі, Қазақстан үнемі қозғалыстағы, үнемі алға басушы, ынтымағы ырысқа жетелеген ел. Мақсат – қазіргі азаматтық қоғамды біртұтас ұлтқа айналдыру. Сондықтан, Тұңғыш Президентіміздің сарабдал саясатына негізделген жаңа Жолдауындағы негізгі 10 міндетті мінсіз орындау баршамыз үшін үлкен абырой болмақ.
Республика Үкіметі Елбасы Жолдауын жүзеге асырудың жалпыұлттық жоспарын белгіледі. Мұндайда уақыт ұттырмағанымыз ғанибет. Біз де Жолдау жарияланар тұста ел ішін аралап, жұртшылықпен кездесулер өткіздік. Халық ертеңін уақыт алға тартқан өзгерістермен байланыстыратынын, оңтайлы істерге бейімделе бастағанын байқадық. Айналамызда ілім мен білімнің озық үлгілеріне сұраныс, қажеттілік пайда болды. Адами капитал жаңғыру үстінде.
Ақмола облысынан депутат болып сайланғандықтан жерлестер тынысынан бірер мысал келтірейін. Өңірде өнеркәсіптік серпіліс үлгі тұтарлықтай. Индустриялық-инновациялық бағытта жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар қатары көбейген. «Қазақстанда жасалған» маркасымен өнім шығарушылар ішкі-сыртқы нарықта кеңінен танымал. Облыс шағын және орта бизнесті несиелік қаржыландырудан бірінші орынға шыққан. Облыстың Индустрияландыру картасына, яғни, кәсіпкерлікті қолдауға 782,5 миллиард теңгені құрайтын 90 жоба енгізіліп, 12,3 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындары құрылды. Қайтарымның салмағын осымен де бағамдауға болады. Бұған қосымша «Ақмола облысының мемлекеттік-жекеменшік аймақтық орталығының» жұмыс істеп тұруы ортақ істің оралымдығын аңғартады.
Елбасы халқымызға Жолдауындағы маңызды міндеттер қатарында: «Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс», – деген тұжырымды атап көрсетті. Бұл тұрғыда да өзіміздің озық жүйеміз қалыптасып үлгерді. Көкшетаудағы
Назарбаев зияткерлік мектебі 2009 жылы «Тұңғыш Президенттің 20 интеллектуалды мектебі» жобасы шеңберінде жұмыс бастаған еді. Қазіргі күні физика-математика пәндерін тереңдетіп оқытатын мектепте эксперттік, модераторлық деңгейдегі 191 педагог 860 дарынды балаларға сабақ береді. Ұжым әлемнің 112 елінің озық оқу орындарын біріктіретін Халықаралық мектептер кеңесінде (CIS) аккредиттелген. Мектеп түлектері халықаралық SAT, IELTS, TOEFL емтихандарына қатысады. Былтыр кәмелеттік аттестат алған балалардың 90 пайызы арнайы гранттармен Ресей, Қытай, Малайзия, Кипр, Польша, Болгария, тағы басқа елдердің жоғары оқу орындарына түскен. Сондай-ақ, өңірде «Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы ойдағыдай жүзеге асырылуда.
Қазақстан Парламенті де Жолдау міндеттерін жүзеге асыру мүдделестігінде қызмет атқарады. Құжаттағы он міндеттің барлығы Сенаттағы біздің комитеттің үйлесімді жұмысын талап етеді. Сондықтан, менің әріптестерім өз регламенті деңгейінде Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың мүмкіндіктерін алға жылжыту тетіктеріне сай заңдық актілердің әрекет жасауына белсенділікпен үлес қосатыны анық.

Рашит ӘКІМОВ,
Парламент Сенатының депутаты, аграрлық мәселелер, табиғатты
пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің хатшысы.

Ел болашағының кепілі

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында елімізде жүзеге асырылуы тиіс 10 міндет айқындалған. Бұл құжатты 2050 жылға дейінгі ел дамуының ұзақ мерзімді стратегиясында айтылған межеге жету үшін жасалған тағы бір оң қадам деп санаймын.
Аса қуанатын жағдай, бүгінде қоғамдық құндылықтар терең өзгерістерді бастан кешуде. Бағдарламалық мақаланың негізгі мақсатының өзі – бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін еліміздің уақыт талабына сай жан-жақты технологиялық, экономикалық және әлеуметтік өсіп-дамуына қол жеткізу.
Сонымен қатар, біздің облысымыз аграрлық аймақ болып саналатындықтан, Елбасының аграрлық секторға да ерекше тоқталып, отандық өнімді халықаралық нарыққа шығарудың стратегиялық жолын белгілей түскені біз үшін өте маңызды. Әрине, әлемге танылатын «Қазақстанда жасалған» табиғи азық-түлік брендін қалыптастыруға аграрлық саланың экспорттық әлеуеті зор екені белгілі. Бізде астықты аймақтар жетерлік. Оларды өңдейтін өнеркәсіп кешендері де қазіргі заманға сай техникамен қамтамасыз етілген. Осыған орай, ел экономикасының алға басып, дами түсуіне өз үлесін қосып келе жатқан шаруа қожалықтары да аз емес.
Ал, халықты әрқашан толғандыратын мәселе – білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау сияқты маңызды салаларға келсек, олар да басты назарда ұсталуда.
Елбасының тапсырмасы бойынша өткен жылдары әлеуметтік төлемдердің мөлшері мемлекет тарапынан үш рет көтерілді. Соның ішінде базалық зейнетақы 29 пайызға, ынтымақты зейнетақы 32 пайызға, денсаулық сақтау және білім беру қызметкерлерінің жалақысы тиісінше 28 және 29 пайызға дейін өсті. Биылдан бастап базалық зейнетақы жаңадан қаралады.
Әсіресе, елімізде жастардың жағдайы назардан тыс қалған емес. Себебі, олар – еліміздің болашағы. Білімді ұрпақ әрқашан елін биікке жетелейтіні, ал, нақты айтылған сөз адамның алғы күндеріне сенім тудыратыны сөзсіз. Жылдан-жылға қоғамда жарқын болашағымыз үшін барлық жағдайлар жасалуда. Осыған орай, бүгінгі Жолдауда айтылған әлеуметтік қолдау шараларына, өздеріне жасалып жатқан қамқорлықтарға алыс-жақын ауылдардағы қарттарымыз мен мүгедектер, білім алуға талпынған жастар жағы риза болатыны айқын.
Осы стратегиялық құжаттан, яғни, Президенттің Жолдауынан туындаған міндеттердің жүзеге асырылуын қамтамасыз етуде әр деңгейдегі мәслихат депутаттары да қарап қалмайтынына сенімім мол. Сол үшін белсене жұмыс істеп, ортақ іске мүмкіндігімізше өз үлесімізді қосуды бәріміздің басты міндетіміз деп санаймын.

Дулат НҰРМОЛДИН,
Ақмола облыстық мәслихатының хатшысы.

Бәріміз де жауаптымыз

Агроөнеркәсіп кешенін жаңа технологиялық деңгейге көтеру керек. Бұл ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігі мен өңделген өнім экспортын түбегейлі арттыруға тиіс.

Президентіміз биылғы Жолдауында экономикасы дамыған ел болуымыз үшін, қазақстандықтардың тұрмыс жағдайы жақсарып, ұрпағымыздың интеллигент азамат болып өсуі үшін нендей шараларды қолдану қажеттігін анық белгілеп берді. Бүгінгі таңда стратегиялық құжат аудан жұртшылығы арасында қызу талқылануда.
Қазір партияның аудандық филиалы Елбасының Жолдауын қызу талқылап, оны халыққа түсіндірудің нақтылы жос-парын жасадық. Еліміздің алдында жауапты міндеттер тұрғандығын айқын сезінеміз, әсіресе, индустрияландыру, ауыл шарушылығы өнімдерін өндіруді жақсарту, жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруді жетілдіру қажеттігі бізді қатты ойландыруы керек. Өйткені, жаһандық бәсекелікке қабілетті ұрпақ тәрбиелеу оларды бүгінгі заманның білімімен қаруландырып, елімізді жаңа технологиялар арқылы өркендетуге ынталандыру қажет. Бұл жұмыстар үшін баршамыз жауаптымыз.
Елбасының биылғы Жолдауында қойылған нақтылы 10 міндеттін барлығы да «Қазақстан-2050» даму стратегиясының негізгі міндеттеріне келіп саяды. Сонымен бірге, қазіргі кең көлемде жүргізіліп жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында осы жұмыстарды ұштастыра жүргізу қажет деп санаймыз. Бұл барлық нұротандықтардың міндеті болса керек.
Халықтың әлеуетін арттыру – «Нұр Отан» партиясының негізгі ұстанымы болып келді. Және бұл жұмыс биылғы Жолдауда айтылған міндеттер шеңберінде одан әрі жалғасын табатыны сөзсіз. Өткен жылы «Нұр Отан» партиясы Есіл аудандық филиалының қоғамдық қабылдауында жеке мәселелері бойынша 300-ге жуық адам болды. Аудан тұрғындарының өтініштері көбінесе жылу беру мәселесі, жұмыспен қамту, әлеуметтік мәселелерді қамтыды.
Қабылдауға келген азаматтардың 57 пайызының өтініші оң шешімін тапты. Ал, қалған мәселелер бойынша түсініктемелер берілді. Айта кетейік, қоғамдық қабылдауды партиямыздың өкілдері ғана жүргізген жоқ. Бұл шараға атқарушы, құқық қорғау органдарының мамандары, аудандық мәслихат депутаттары да қатысты.
«Ғарыш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде аспазшы болып жұмыс істейтін Любовь Закатова қоғамдық қабылдауға келіп, қыстың қақаған аязында баспанасыз қалғанын жеткізді. Дәл осындай жағдайда қалған екінші топтағы мүгедек Бекболат Қасымов та партиядан көмек сұрады. Оларға мәселелері заң аясында жуық арада шешімін табатындығы жеткізілді. 2017 жылдың наурыз айында Орловка ауылының тұрғындары ауа райының қолайсыздығына байланысты тас жолда қар құрсауында қалған болатын. ДЭУ-4 мекемесінің жедел іс-шараларының арқасында тұрғындар аман-есен құтқарылды.
Сонымен қатар, партияның аудандық филиалы Есіл қаласының тұрғыны С.Труске көмек көрсетті. Аталған азамат белгісіз себептермен өлгендердің тізіміне енгізіліп кеткендіктен мекенжай бойынша анықтама ала алмаған. Партияның аудандық филиалының араласуымен мәселе тез арада шешім тапты.
Ендігі арада біздің алдымызда тұрған басты міндет – үстіміздегі жылы қоғамдық қабылдауға келген барлық азаматтардың мәселелерін шешуге тырысу, әр өтінішті жеке-жеке зерттеп, шешімсіз қалдырмау. «Нақты бір адамға – нақтылы көмек көрсету» – біздің басты қағидамыз болып қала береді.

Әнел ЕРДЕНОВА,
Ақмола облыстық мәслихатының депутаты, «Нұр Отан» партиясы
Есіл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.

Өндіріс пен жоғары білім ғылыммен берік ұштастырылуы керек

Білім беру жүйесінің барлық деңгейі заман шындығы мен экономика сұраныстарына жауап беруі тиіс.

Өткен 26 жылдың көлемінде тәуелсіз Қазақ елін дамып, өркендеудің үлкен белесіне көтеріп, бүкіл әлемдік қауымдастықтың бізбен санасуына қол жеткізген Қазақстан Республикасының Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қашанда біздің тәуелсіз мемлекетіміздің болашағын көрегендікпен болжап, жоспарлай білудің нағыз үлгі-өнегесін танытып келеді. Елбасының кейінгі жылдардағы ел халқына арнаған Жолдауларының өзін алып қарасақ, ұстанар бағытының нақтылығы, ауқымының кеңдігі, қамтылған мәселелерінің тереңдігімен бірінен-бірі асып түсетіні айқын. Айталық, бұдан бұрынғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында әлемнің қарқынды түрде өзгеріп келе жатқандығын, соған орай төртінші өнеркәсіптік революцияның басталғандығын тілге тиек етіп, үшінші жаңғыруды бастауымыз керектігін алға тартса әрі «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының негізінде мемлекетіміздің жан-жақты даму стратегиясын айқындап берсе, бұл жолы сол төртінші өнеркәсіптік революция арқылы дамудың жаңа мүмкіндіктерін өз еліміздің мақсат-мүддесімен орайластыра, кең көлемде ашып көрсетеді. Сөйтіп, оны он басты-басты міндетке жіктеп, Қазақстанның қазіргіден де күш алып, өрлей түсуінің нақты жолын айшықтайды.
Осы орайда, Елбасының қазақстандықтардың алдына қойып отырған қай міндетін алып қарасақ та, нағыз бүгінгі күннің, яғни, әлемнің озық мемлекеттері жүріп өткен ауыр, ауыр болса да нәтижесі орасан іс-қимылдың көкжиегі мен мұндалайды. Еліміздің ғылыми әлеуетін үнемі қадағалап, жиі ой елегінен өткізіп жүрген ғалым ретінде бірден менің көңіліме қонғаны осы Жолдаудың ғылыми негіздемесінің өте бай екені және әлемдік заман ағымына терең үйлесе түсуі. Мәселен, ендігі жерде ел дамуында маңызды орын алатын тарихи құжаттың индустрияландыру және жаңа технологияларды енгізу тақырыбынан басталуы тегін емес. Біз өткен аз уақыттың өзінде цифр-ландыру тенденциясының елімізді ілгері бастыруда, соның ішінде халықтың бұрын күрмеуі қиын болып келген көкейкесті мәселелерін шешуде қаншалықты пайда әкелгендігін жан-жүрегімізбен жақсы сезініп қалдық. Елбасы бұл Жолдауында қазіргі қол жеткенмен шектелмей, өндіріс орындарын, цифрландырудың жаңа мүмкіндіктеріне сүйене отырып, одан әрі жаңғыртуға, осының оң қырларын ашып беретін пилоттық жобаларды жолға қоюға әрі бір мезгілде осы тұрғыдағы іс-тәжірибені кеңінен таратуға баса мән беріп отыр. Бұл біздіңше, еліміздің әлемдік сыннан өткен жаңа технологиялардың арқасында әрі қарай да ілгері басуының сенімді бір алғышарты.
Менің бар саналы өмірім аграрлық саламен, соның ішінде аграрлық ғылыммен байланысты болып келе жатқандықтан, осы жолы Жолдаудың «Ақылды технологиялар – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі» деп аталатын үшінші міндетіне де жан-жақты ден қойдым. Бұл арада, Елбасының шикізатты дұрыс өңдеп, сапалы дайын өнімдерімізбен әлемдік нарыққа шығуымыз қажет екендігі туралы нақты тұжырымдамалары ел аграршылары мен ғалымдары бар күш-жігерлерін, ғылыми әлеуеттерін жұмсап, жеделдете шешетін үлкен шаруалардың бірі. Осыған орай, аграрлық университеттердің рөлін қайта қарау керек деген пікірмен де келіспей болмайды. Бұл орайда сөз ауыл шаруашылығына керек мамандарды өскелең заман талабына сай, жаңа ғылыми жетістіктер, жаңа техника мен технологиялар негізінде даярлау туралы болып отырғандығы айқын. Жасыратыны жоқ, біз әлі аграрлық саланы жүргізуде әлемнің озық елдері баяғыда-ақ қол жеткізген үздік көрсеткіштерді бағындыра алмай келеміз.
Мен бір мезгілде білім саласының да өкілі болғандықтан, Мемлекет басшысының осы Жолдауда білім берудің жаңа сапасына да ерекше қамқорлық танытқанына ризашылық білдіремін. «Еліміздің университеттеріндегі педагогикалық кафедралар мен факультеттерді дамыту қажет» деген бір тұжырымының өзінде үлкен мән, жоғары білімнің бүгінгі және ертеңгі жаңғыру жолдары жатыр. Біздің Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде төрт факультет жұмыс істейді. Оларда ел экономикасы мен халық шаруашылығына қажетті 24 мамандық бойынша мамандар даярлануда. Бұл мамандықтардың бәрі бүгінгі күннің тұрғысынан алып қарағанда, тәуелсіз еліміздің дамып, өркендеуіне аса қажет. Солардың ішінде әсіресе, Жолдаудың «Екінші. Ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту» және «Төртінші. Көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру» тарауларында алға қойылған міндеттермен берік үйлесім табатын көлік қозғалысы ісін ұйымдастыру және экологиялық қауіпсіздік мамандықтарының орны ерекше дер едім.
Бір сөзбен айтқанда, биылғы Елбасы Жолдауының тереңнен саралап берген әрбір міндеті мен бағыты, егер сәтімен жүзеге асырылып жатса, біздің дамып-өркендеуіміздің тағы бір мол мүмкіндігі екеніне дау жоқ. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, тек бұл үшін баршамыздың да ортақ іс, ортақ мүдде жолындағы еселі еңбегіміз, риясыз ұмтылысымыз керек. Мен барша ақмолалық жерлестерімді осы Жолдаудың өміршеңдігі үшін белсене қарекет танытуға шақырамын және ел болып, сол үдеден ойдағыдай көрінетінімізге кәміл сенемін.

Сағынтай ЕЛУБАЕВ,
Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Ақмола облысының құрметті азаматы.

 

Ел Президентінің терең мазмұнға ие әрбір жаңа Жолдауы, бағдарламалық мақалалары – ең алдымен егемен еліміздің ертеңгі жарқын болашағына бастар басты бағыты деп ұғынамыз. Биылғы Жолдау заман талабына сай туындап отырған экономикалық жаңа өзгерістерге қабілетті жаңа Қазақстанды қалыптастыру міндеті алға қойылған тағы бір құнды еңбек екені сөзсіз. Бұл құжатта ұлттық идеологияның, рухани жаңғырудың маңызды тетіктері қарастырылған. Экономикамызды жаһандық бәсекеге қабілетті етіп қайта құра отырып, сол жаңа технологиялармен жұмыс жасай алатын ІТ-технологияны меңгерген, қаржылық сауатты, ұлтжанды жас ұрпақ тәрбиелеп өсіруіміз керек. Отанымызды әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосу бүгінгі күні біздің басты мақсатымыз бен бағытымыздың негізі екені атап көрсетіледі.
Сондай-ақ, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елімізді рухани жаңғырту бағытында ауқымды істердің атқарылғандығы баршамызға мәлім. Осыған орай, бірқатар маңызды да ауқымды бағдарламалар іске қосылып, болашаққа қатысты іс-әрекеттеріміздің жүйелі жоспары құрылған болатын. Қорыта айтқанда, нақты мақсатқа жету, білім алу, салауатты өмір салтын ұстану, әр нәрсені ұтымды пайдалану – қазіргі заманның талабы болып отырғанын да атап өткен. Бұл барша қазақстандықтарға тың серпін береді.
Жұмабай ӘМІРЖАНОВ,
Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты, «АП-Импекс»
серіктестігінің директоры.

Қазақстан халқына арналған басты құжатта өмірде маңызы зор, өзекті салалардың мәселелеріне басым назар аударылған. Бұл дегеніміз жаңа технологияларды енгізу арқылы еңбек нарығын, әлеуметтік салаларды, білім, медицина, аграрлы, банктік секторларды сауықтыру, сонымен бірге жемқорлыққа қарсы күресті жаңғырту бағытында жасалып отырған қуатты қадам. Аталған мәселелер бұрыннан айтылып, міндеттер қойылып келе жатқаны белгілі. Бірақ, Президент Н.Назарбаев осы жолы бұл міндеттерді орындау үшін нақты мемлекеттік органдарға тапсырмалар жүктеп отыр.
Елбасы өз Жолдауында бізге даму жолында серпін беріп қоймай, «Жаңа әлем көшбасшыларының қатарына қосылу үшін Қазақстанда қажетті нәрсенің бәрі бар екеніне сенімдімін» деп көрсетіп, өзінің отандастарына деген сенімін осылайша жеткізді.
Мен Елбасының барлық бастамаларын қолдаймын және алға қойылған міндеттердің орындалатынына сенімдімін. Ауданымызда осы міндеттерді атқару үшін нақты жоспарлар жасалып, іске асырылатын болады.
Біз дамыған елу елдің қатарына нақты міндеттер мен бағдарламалық жоспарларды іске асыру негізінде қосылдық, енді озық дамыған отыз елдің қатарына қосылу үшін барынша еңбектенуіміз қажет.

Қанат МҰҚАНОВ,
«Нұр Отан» партиясы Атбасар
аудандық филиалы төрағасының
бірінші орынбасары.

Елбасы Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында еліміздің жаңа даму мүмкіндіктерін атап көрсетті. Бұл құжат қазіргі таңда елімізде жүзеге асырылып жатқан «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» кешенді бағдарламасының жалғасы деп білемін.
Президент биылғы Жолдауында да білім саласын назардан тыс қалдырған жоқ. Керісінше, ұстаздардың беделін көтеру мәселесін ел алдында тұрған он міндеттің бірі ретінде белгіледі. Азат орта мектебінің ұстаздар қауымы маңызды құжатта айтылған барлық тапсырмаларды орындауға бар күштерін салатын болады.
Білім жүйесінің барлық деңгейі қазіргі заман талаптарына, экономика қажеттіліктеріне жауап беруі тиіс. Үш тілді білім беруде, латын графикасына көшуде мұғалімдердің атқарар рөлі орасан зор. Себебі, жаңару ұстаздардан басталады. Президент оқу бағдарламасының жаңартылған мазмұны аясында қайтадан оқыған мұғалімдердің лауазымдық жалақысы біліктіліктілігіне сай 30-50 пайызға дейін өсетіндігін жеткізді. Мектебіміздегі 38 педагог қызметкерлердің 45 пайызға жуығы жаңартылған білім мазмұны бойынша арнайы білім жетілдіру курсынан өтті. Бұл үрдіс ары қарай да жалғасын табады.
Елбасы өз сөзінде барлық қоғамды ынтымаққа, бірлікке шақырды. Себебі, ынтымақ бар жерде бірлік бар. Жолдауда айтылған міндеттерді орындауға әрқайсысымыз күш салсақ, алар асуымыз алда деп ойлаймын.

Ерік ЖАНМОЛДАҰЛЫ,
Азат орта мектебінің директоры.

Қазақстан Президентінің биылғы Жолдауы елімізді Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамытуға арналды. Осыған байланысты Мемлекет басшысы баршамыз жеделдете іске кірісіп, тыңғылықты орындауға тиісті 10 негізгі міндетті белгіледі. Бұл маңызды міндеттерді талап дәрежесінде іске асыру Қазақстанның серпінді дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді.
Елбасы өзінің Жолдауында заманалық технологиялық серпіліс әлем келбетін өзгертетінін атап көрсетті. Ауқымды технологиялық бетбұрыс тәуекелшілдікпен қатар, даму барысымыздағы жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл біздің дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуымыздағы оңтайлы мүмкіндік болмақ.
Әлемнің озық мемлекеттері бүгінгі күні сервистік қатынастарды ақпараттық-коммуникациялық технология үрдісімен жүргізуде. Цифрлық технология адамдарды біріктіреді, кәсіпкерлікті дамытып, қарым-қатынас ауқымын кеңейтеді. Мұны экономикалық өсімнің бағдаршамы деп бағаласақ артық емес.
Президент Н.Ә.Назарбаев өндірістік процестерді цифрландыру, заманалық бизнес-модельдерді игеру арқылы еңбек өнімділігін еселеуге болатындығына назар аударды. Информациялық-технологиялық қатынастар мәселесін шешу пайдаланылмаған ресурстарды іске қосып, қайта өңдеуді жандандырып, өндіріс тиімділігін арттырады.
Жолдауда көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру баршамыздан жоғары жауапкершілікті талап етеді. Қазақстандықтардың ынтымақты еңбегі ғана жемісін төкпек. Мұндай қасиеттер отандастарымыздың бойындағы асыл қасиет екендігін мақтан ете аламыз. Жаңа дәуірдің жасампаз үні баршамызды жаңа жетістіктерге бастайтынына сенімдіміз.

Ильдар ХАДИЕВ,
Біржан сал аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы.

Қазақстандықтардың бақуатты өмір сүруін қамтамасыз етуді, әлеуметтің әлеуетін арттыруды көздейтін Президентіміздің биылғы Жолдауын мен де зор ықыласпен қабылдадым.
Маңызды құжатта еліміздің жарқын келешекте дамуы үшін нақты он басымдық белгіленді. Елбасымыз Жолдауда
атап өткендей, өркениетті елдердің қатарына қосылуымыз үшін әлеуметтік, денсаулық сақтау, білім салаларында көптеген өзгертулер енгізіліп, ел азаматтары бұл істердің пайдасын көруі керек.
Жылдан жылға тәуелсіз мемлекетіміздің гүлденіп жатқанына куә болудамыз. Егемен еліміз одан ары қарай да дами беруі үшін заман ырғағымен қозғалып, ХХІ ғасыр қойып отырған талаптарға тайсалмай жауап бере алатындай қауқарымыз болуы қажет. Міне, осы міндеттердің барлығы да көреген Көшбасшымыздың күні кеше жариялаған Жолдауында тайға таңба басқандай анық көрсетілген. Ендігі арада, жалаң дақпырттан арылып, айтылған осы міндеттердің барлығын бір кісідей жұмылып жүзеге асыруымыз керек. Әр қазақстандық бұл құжаттың маңыздылығын түсініп, санасын серпілткеніне мен сенімдімін.

Тұрлыбек БОЛАТОВ,
Ақмола облыстық мәслихатының депутаты, «Сарытомар»
жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ел халқына арнаған Жолдауында болашақта Қазақстанды әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына жеткізетін даму стратегиясын 10 басым міндеттер арқылы айқындап берді.
Дүниежүзілік қауымдастықтың алдында өзіміздің мәдени және тарихи ерекшелігімізді, қайталанбас ұлттық кодымызды жаңа заман талабымен ұштастыруда «Рухани жаңғыру» бағдарламасының алатын орны ерекше. Осы бағдарламаның «Рухани қазына», «Киелі Қазақстан», «Туған жер» атты бөлімдері Қазақстандық патриотизмді көтеруде өте қажет бағыттардың бірі деп ойлаймын. Еліміздің әлеуметтік, экономикалық жағынан қарышты дамуы үшін жаңа заманғы ғылым мен техниканың жетістігі, цифрлы технологиялармен бірге жарқын болашаққа бастайтын бағытымыздың бірі халқымыздың бірлігі, жеріміздің тұтастығы және жас ұрпақты тәрбиелеу мәселесі екендігі анық.
Қазақ елі бір сарынды тіршілікпен тұйықталмауы тиіс. Жаһандық өзгерістер мен жаңалықтар бізге де жат емес. Алайда, біздің ешкімге ұқсамайтын өз жолымыз бар. Сондай сара жолды Президентіміз тағы да көрсетіп беріп отыр, бұны біз ықыласпен қабылдаймыз. Тарихи Жолдаумен жігерленген облыстағы мәдениет саласының қызметкерлері де Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатын қолдай отырып, еселі еңбек етіп, еліміздің гүлденуіне өз үлестерін қосуға қашанда әзір.

Сайлау ЖЫЛҚЫБАЕВ,
Ерейментау аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдаулары – халқымыз үшін басты саяси оқиғалардың бірі екені сөзсіз. Шынымды айтсам, биылғы Жолдауды тыңдап, өз басым қатты қуандым.
Неге десеңіздер, еліміздің жеткен жетістіктермен ғана тоқтап қалмай, тіпті әлемдік дағдарыс кезеңінде де дамудың жаңа жолына түскені баршамыздың кемел келешекке бағыт алғанымызды аңғартып тұр. Жолдауда Елбасы айтып отырған он міндет сан рет ойланып барып қабылданған шешімдер екені анық көрінеді. Оның әрқайсысы үлкен ойларға, зор мақсаттарға жетелейді. Және де бәріміздің бірігуімізді талап етеді. Президенттің индустрияландыру, өнеркәсіп саласына жаңа технологияларды енгізу туралы ойы өте дұрыс. Біздің кәсіпорынның құрал-жабдықтары мейлінше компьютерлік басқаруға көшірілген. Зауытта өндірілетін өнімнің тоқсан пайызынан астамы экспортқа шығарылады.
Елімізде жыл сайын өнеркәсіп өндірісі дамып, жаңадан зауыттар ашылып жатқандықтан, сәйкесінше онда жұмыс істейтін мамандар даярлау ісін де одан ары жалғастыра беруіміз қажет. Жолдауда да осы мәселенің сырт қалмағанына риза болдым.

Анатолий ТОМИЛОВ,
Ақмола облыстық
мәслихатының депутаты, «ЕПК Степногорск» акционерлік қоғамының бас директоры.,

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған биылғы Жолдауында Қазақстанның қол жеткізген нәтижелі жетістіктерін қорытындылап, еліміздің болашақ даму жолындағы міндеттерін нақты атап өтті. Басты құжаттағы мақсат-міндеттер Елордасы – Астананың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында жүктеліп отырғандығы да айтарлықтай маңызды.
Елбасының биылғы Жолдауында атап көрсетілген 10 міндетті орындау еліміздің экономикалық жүйесінің, әлеуметтік реформалардың жоспарлы орындалуының қамтылуын нығайтатын жауапты кезең болмақшы. Бұл орайда, Мемлекет басшысының өз Жолдауында халықты толғандыратын мәселелерді және оларды шешудің жолдарын рет-ретімен баяндағаны қуантады. Әсіресе, Қазақстанның міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне кезең-кезеңмен көшетіні нақты айтылған. Сонымен бірге, біздің оқушыларымыздың барлығы да алдағы уақытта үш тілді еркін меңгерген ұрпақ болып өсетіні көңілге қонымды. Бүгінде әрқайсысымыз өз саламыз бойынша алға қойылған міндеттерді орындау барысында не істедік деп, өз-өзімізге есеп беруіміз керек. Өз тарапымнан кәсіпкер ретінде мен де Елбасы жүктеп отырған міндеттерді орындау үшін жауапкершілік алып, оның орындалуына, еліміздің гүлденіп, көркею жолында өз үлесімді қосуға дайынмын.

Анна КОЗЛОВА,
жеке кәсіпкер.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев ел халқына арнаған биылғы Жолдауында бүгінгі таңда адамзат баласының жаңа өнеркәсіптік жаңғыруға қадам басқанын, соған орай, заман ағымынан қалмай озық технологияны игеру, бәсекелестікке қабілетті әлемнің озық елдерінің қатарына қосылу міндеттері жайында айтты. Қазіргі заманғы технология әлемді өзгертуде және дамудың жаңа мүмкіндіктерін ашуда.
Бұл бізге әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына ену үшін тарихи мүмкіндік. Біз, қазақстандықтар, бірлігі мен татулығы ұялаған тәуелсіз елде тұрамыз. Гүлденіп келе жатқан Қазақстанда бейбітшілік пен ұлтаралық келісім салтанат құрған. Мемлекет басшысының сындарлы саясатының арқасында ширек ғасырда әлемдік деңгейдегі биіктерге қол жеткізіп, бәсекеге қабілетті ел атандық. Тәуелсіздіктің ширек ғасырында қол жеткен осындай толағай табыстарымыз ауыз толтырып айтуға тұрарлық.
Әлемнің дамыған мемлекеттерінің отыздығына кіру тәрізді нақты мақсат қойған Елбасы бұған заманауи жаңа технологияларды игеру арқылы жететінін мәлімдеп, атқарушы органдардың алдында тұрған нақты тапсырмаларды белгіледі. Бұл тапсырмаларды біз елімізді кемелдендіру үшін толық орындауға міндеттіміз!

Мағауия ҚАНАПИН,
«Оксановка-1» серіктестігінің
директоры.

Елбасымыздың жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауларында еліміздің болашақ даму бағдары мен алда тұрған кезек күтпес міндеттер нақты айқындалып, атқарушы органдардың алдына тапсырмалар қойылып жатады.
Биылғы Жолдауда да еліміздің болашақ даму бағдарына қатысты он бағыттан тұратын нақты міндеттер айқындалып көрсетілді. «Нұр Отан» партиясының жастар қанаты әрдайым Мемлекет басшысы белгілеген саясатты жүзеге асыруға белсене атсалысып жүреді. Біздер, партияның аудандық филиалының жастар қанатының өкілдері, Елбасы Жолдауын баспасөзден оқып, белгіленген міндеттермен танысып шықтық.
Жолдауда көрсетілген он бағыттың бәрі де еліміздің келешегі үшін маңызы зор салалар. Өндірісті, ауыл шаруашылығын дамыту, денсаулық сақтау, білім саласын жетілдіру, цифрлық технологияны игеру, заң үстемдігін қамтамасыз етіп, жемқорлықпен күресті өрістету сияқты міндеттердің бәрі де бұрын да айтылып, құзырлы органдар тарапынан қолға алынып жүрген шаруалар.
Дегенмен, еліміздің келешегі үшін маңызы зор бұл бағыттар бойынша әлі де көп жұмыстар атқару қажет. Елбасы Жолдауында осыған орай нақты міндеттер мен тапсырмалар белгіленген. Біздер, партияның жастар қанатының белсенділері Жолдауда белгіленген міндеттерді халыққа түсіндіріп, оны жүзеге асыруға барынша атсалысатын боламыз.
Елбасы Қазақстанда жасалып жатқан игілікті істердің барлығын жастардың болашағы үшін жасалып отырғандығын үзбей айтып келеді. Ендеше, тәуелсіз еліміздің бүгіні мен келешегі үшін жастарға жүктелер аса жауапты міндеттер бар. Біз сол міндеттердің үдесінен шығарымызға сенімдіміз!

Айман СӘБИЕВА,
«Нұр Отан» партиясы Бурабай аудандық филиалы «Жас Отан» жастар қанатының төрайымы.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы 2018 жылдың басындағы кезекті халыққа Жолдауы 10 саланы нақтылап, даму бағдарын айқындайды. Әр бағдарды оқи отырып, көз алдыңа келешекке көрегендікпен жасалған ауқымды іс-шаралардың тізбегі келеді.
Ең бастысы, біз қазіргі қиындыққа толы заманда әлем елдері қатарлы экономикасы мен өндірісі, инфракұрылымдары мен саяси-әлеуметтік жағдайы дамыған, ұлтаралық келісім мен бейбітшілікте өмір сүріп жатқан елміз. Кедейшілік 13 есе қысқарып, жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызға дейін төмендеді. Денсаулық сақтау, білім деңгейін көтеру бағытында нақтыланған міндеттер мен болашаққа жасалған жоспарлар көңіл қуантады. Ресурстық әлеуетті, жасыл-энергияны дамытып, «ақылды технологиялар», «ақылды қалалар» жобаларын жүзеге асыру келешегімізді кемелдендіре түседі. Елбасы: «Біз егін егіп, дәнді дақылдарды өсіруді үйрендік. Оны мақтан тұтамыз. Алайда, қазір ол жеткіліксіз. Шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз етіп, әлемдік нарықтарға жоғары сапалы дайын өніммен шығуымыз қажет», –
дейді. Біз жаңа заманға лайық болу үшін, жаңаша өмір сүруге бет бұруымыз қажет-ақ.

Бақыт ӘМІРХАНОВА,
Егіндікөл аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған биылғы Жолдауы халық қалаулысы ретінде біздерге алдағы жұмысымызда не нәрсеге мән беруіміз керектігін нақты айқындап берді.
Елбасы бағдарламалық құжатта атап өткен индустрия, өнеркәсіпке, басқа да салаларға қатысты он міндетпен қатар, халықтың әл-ауқатын арттыру туралы идеясы мені ерекше толғандырды. Өйткені, депутат болғаннан кейін біздің жұмысымыз да тұрғындармен тығыз байланысты. Жолдауда үстіміздегі жылы халықтың әлеуетін көтеру мақсатында қандай істер жүзеге асатыны нақты белгіленіп, бұдан бұрын қандай шаралар қолға алынғаны туралы да айтылды. «2016-2017 жылдары зейнетақы мен жәрдемақы үш рет көбейгенін еске салғым келеді. Базалық зейнетақы, жалпы алғанда, 29 пайызға, ынтымақты зейнетақы 32 пайызға, бала тууға байланысты жәрдемақы 37 пайызға, ал, мүгедектер мен асыраушысынан айырылғандарға төленетін жәрдемақының әрқайсысы 43 пайызға өсті», – деп атап өтті Президент.
Менің негізгі мамандығым мұғалім болғаннан кейін маңызды құжатта ұстаздардың беделін көтеру туралы мәселеге де бейжай қарай алмаймын. Елбасының бұл айтқаны өте орынды. Ұстаздық мамандық қашанда мәртебелі мамандық болып қалуы керек. Өз басым, осы айтылған барлық міндеттерді жүзеге асыруға бар үлесімді қосуға тырысамын және де жерлестерімді де соған шақырамын.

Гүлнәр КӘРІМОВА,
Есіл аудандық мәслихатының депутаты.

Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың биылғы Жолдауы «Бүгінде әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді» деген сөздермен басталуының терең мағынасы бар. Сонымен қатар, бұл тұжырым ағымдағы жылдың нақты бағытын, атқарылар істердің ауқымдылығы мен ортақ жауапкершіліктің салмағын айқындайды. Алға қойылған он міндет ел өркендеуінің басты негізі болмақ.
Елбасымыз өз Жолдауында әлеуметтік салаға ерекше көңіл бөлетіні ауылымыздың барша тұрғындарын қуанышқа бөлейді. Өйткені, әлеуметтік көмектің жыл санап өсіп отырғандығы мемлекетіміздің қуаттылығын, ертеңгі күніміздің жарқындығын білдіреді. Менің мамандығым мұғалім болғандықтан, маған Президентіміздің адами капиталдың жаңа сапасына байланысты қойған міндеттері жанымды жадырата түсті. Соның ішінде мұғалімнің беделін арттыру қажеттілігі туралы айтқан сөзін балаларымыздың болашағына қамқорлық, білім-ғылымды жетілдіру арқылы заманалық өзгерістер ортасына бастайтын ізгілік мұраты деп түсінемін.
Сонымен қатар, ел экономикасын одан әрі дамыту, халықтың өз қабілетін көрсетудегі белсенділігін арттыру, ауыл шаруашылығын озық технологиялар жетегімен қуаттандырудың жаңа міндеттері ауыл өмірін шаттандыратыны сөзсіз. Жолдау шаруа қожалықтарын, шағын бизнес ортасын дамыту үрдісін жалғастырып, өзін-өзі қамтамасыз етушілердің жұмысына екпін береді. Білім, ғылым саласы қызметкерлерінің еңбекақысы, базалық зейнетақының жаңа мөлшерін 2017 жылмен салыстырғанда 1,8 есе арттыру әр қазақстандықтың бойына мемлекеттік саясатқа деген құрмет сезімін ұялатады.
«Нұр Отан» партиясының мүшесі ретінде Жолдауда қойылған міндеттерді басшылыққа алып, оны жүзеге асыруда бар күш-жігерімді жұмсауды абыройлы парыз санаймын. Елбасы Жолдауынан қуат алып, алдағы уақытта да өз жұмысымды жетілдіре бермекпін.

Гүлден МҰХАМБЕТЖАНОВА,
Жақсы аудандық мәслихатының депутаты, «Тарас сайлау учаскесі» бастауыш партия ұйымының төрайымы.

Жиырма жылдан астам уақыттан бері еліміз дәстүрлі түрде жылдың басында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауын тосады. Бұл – бір мезгілде еліміз бен қоғамымыз өткен кезеңде қол жеткен жетістіктердің қорытындыларын шығару, сонымен бірге, келешекке дамудың нақты қадамдары мен көкжиегін анықтау. Әр жолы аталған құжат істің нақты жайын терең талдауымен және еліміздің одан арғы даму бағыттарын дәл айқындауымен ерекшеленеді.
Біздің Мемлекетіміздің басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөзде жаңадан жария-
ланып отырған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы жаңа әлемдік саясатта жолымыздың табысты, ісіміздің өркенді болуы үшін не істеуіміз керектігін кезекті рет тереңнен толғай түседі. Экономиканы төртінші модернизациялау алғашқы үш жаңғыртудың жалғасы. Ал, ол жаңғыртулар елімізге әлемдегі неғұрлым бәсекеге қабілетті елу мемлекеттің қатарына енуімізге мүмкіндік бергені белгілі. Төртінші модернизациялау одан арғы экономикалық дамуды қамтамасыз ету және жедел дамыған мемлекеттердің отыздығына ену міндетін алдымызға қойып отыр.
Жолдауда өмірдің өзекті салаларына екпін жасалған. Елбасы қоғам болып, ел болып баршамыз жүзеге асыруға тиісті негізгі он міндетті айқындап берген. Бұлар жаңа технологияларды енгізу, ресурстық әлеуетті арттырып, құрылыста және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында жаңа жетістіктерге жету, агроөнеркәсіптік кешенді одан әрі дамытып, банк жүйесін сауықтыру, сыбайлас жемқорлықпен күрес, ел қауіпсіздігін өміршең ету. Мұның бәрі еліміздің негізгі даму жолын белгілейтін іргелі міндеттер.
Мемлекетті басқарудың тиімділігіне қатысты мәселелер де Жолдауда үлкен орын алған. Бизнестің, қоғам мен барлық тұрғындардың хал-ахуалы әрбір азаматтың өмір қажеттілігі кеңінен ойластырылуы тиіс болып отырған мемлекеттік қызметтің сапасы мен мемлекеттің өзінің көмек-қолдауына тікелей байланысты. Осы орайда, аймақтардың экономикалық дербестігі және жергілікті өзін-өзі басқару аясы кеңейіп келеді. Тұңғыш рет біздің аудандық мәслихат сессиясында халқының саны екі мың адамнан асатын жеті ауылдық округтің өз бюджеттері бекітілді. Мұның өзі жергілікті қауымдастыққа бюджет қаржысын жұмсаудағы басым бағыттарды өздері анықтауға, оларды ауылдың неғұрлым маңызды буындарына орайластыруға мүмкіндік береді.
Еліміздің одан әрі табысты дамуы, халқымыздың әл-ауқатының жоғары болуы Жолдаудағы «Адами капитал – жаңғыру негізі» деп аталатын жетінші міндетпен тікелей байланысты. Расында, бәрі мектеп қабырғасынан басталады. Білім, азаматтық сана-сезім мен патриотизм негізі нақ осы білім ордасында қалыптасады. Осы бір маңызды оқу-тәрбие процесінде сөз жоқ, мұғалімдер мен осы мамандықтың беделін арттыру маңызды орын алады. Мемлекет бұған дейін де осы бағытта көп жұмыс атқарды. Жыл сайын бюджеттің әлеуметтік салаға бағыттаған қаржысының көлемі артып келеді. 2018 жылы біздің ауданның бюджетінде тек осы білім саласын одан әрі дамытуға 3 миллиард 755 миллион теңге қаржы салынды. Бұл – аудан бюджетінің 68,8 пайызы. Біздің бәріміз көп жағдайда ата-аналармыз. Сондықтан, балаларымыздың үмітімізді ақтап, Отанымыздың лайықты азаматтары болып өсуіне мүдделіміз. Бұл мәселеде білім мекемелерінің атқаратын рөлі шынында орасан зор.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында ел дамуына серпін беріп қана қоймайды, сонымен бірге, қоғамымыз алға аршынды қадам жасау, ал, адамдарымыз осы жолда өз парызы мен қажеттілігін білуі үшін не істеу керек екендігін де қоса түсіндіреді. Ал, мұның өзі баршамыздың көңілімізден шығып отырғанына шүбә жоқ.

Қайрат АУҒАЛИЕВ,
Зеренді аудандық мәслихатының
хатшысы.

Мемлекет басшысы ел халқына арнаған биылғы Жолдауында Үкімет пен қазақстандықтардың алдына 10 жаңа міндет қойды.
Өнімді экспорттауға бағытталған отандық кәсіпорындарды жаңғыртудың жаңа тетіктерін жасау қажет. ХХІ ғасырда әлемге экономиканы дамытуда ерекше орын алатын табиғи ресурстар өте қажет. Кәсіпорындардың энергияны тиімді пайдалануы мен жинақтау талабын арттыру керек. Астанада өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі баламалы қуат өндіру саласында алға басушылық бар екенін көрсетті. Қазақстан ауыл шаруашылығы дәнді дақылдарының әртүрлі сұрпын өсіруді, астық өндіруді, шикізатты сапалы өңдеуді қамтамасыз етіп, жоғары талапқа сай өнімді әлемдік рынокқа шығуды үйренді. Мемлекет басшысы өз Жолдауында көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту, жүк қозғалысын қадағалау үшін цифрлық технологияны енгізу, кедендік операцияларды қысқарту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, құрылысқа қазіргі заманғы технологияны енгізу керек. 2030 жылы бір тұрғын 30 шаршы метрге дейін баспанамен қамтамасыз етілуі тиіс. Инвестициялық климат пен қор рыногын дамытып, банктер жұмысын жақсарту керек. Елбасы бизнесті қолдау, «бір терезе» қағидаты бойынша үрдістерді цифр-
ландыруды енгізіп, «бір өтініш» қағидаты бойынша мемлекеттік қызмет көрсету, тиімді мемлекеттік басқаруды жүзеге асыру жөнінде айтты. Сот пен құқық қорғау жүйесін қайта құрып, сыбайлас жемқорлықпен күресті жалғастыру керек. Биылғы жылы Астананың 20 жылдық мерейтойы. Қазіргі заманғы технология мегаполюс проблемасын тиімді шешуде. Астананың тәжірибесі бойынша «Смарт Сити» эталондық стандартын құру да маңызды міндет.

Асқар СЪЕЗБЕКОВ,
«Мирас» шаруа қожалығының
басшысы.

Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы әрбір жаңа мәлімдемесі біздің еліміздің дамуындағы маңызды стратегиялық құжат. Сондықтан, биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында еліміздің қарқынды экономикалық даму жолына бет алған 10 негізгі міндетті атап көрсетті.
Заманауи технологиялар жылдам өсіп келе жатқан мегаполистің проблемаларын тиімді шешуге жол ашады. Еліміздің дамуында цифрлық технологияларды енгізу мен агроөнеркәсіп кешенін жаңа технологиялық деңгейге көтеру, транспорт пен логистикалық инфроқұрылымды одан әрі дамыту баса айтылған. Әсіресе, өндіріске әлемдік озық үлгідегі технологияны әкелу бүгінгі күннін басты міндеті болса керек. Біз осы бағытта жұмыс істемекшіміз.
Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаевтың жаңа бастамасы мемлекетіміз болашақта дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін жасалынып жатқан еңбектің бір үлесі десек болады.

Сайра МАТАЙБАЕВА,
«ҚАЗЫНА-SR» серіктестігінің
бас директоры.

Мен Мемлекет басшысының биылғы дәстүрлі Жолдауын асқан ықыласпен оқыдым. Онда барлық бағыт толық қамтылды деймін. Әсіресе, адами капитал – жаңғыру негізі екенін нақты көрсетті. Ол өз сөзінде, білім беру саласындағы мұғалімдердің рөлін айқындай отырып, медициналық қызмет көрсету сапасын көтеруді алға қойды.
Бүгінде мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерінің барлығын толықтай орындап отырғанының куәсі болдық. 2016-2017 жылдары зейнетақы мен жәрдемақы үш рет көбейгенін еске салған Елбасы базалық зейнетақы, жалпы алғанда 29 пайызға, ынтымақты зейнетақы 32 пайызға, денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлердің жалақысы 28 пайызға, білім беру саласы қызметкерлерінің жалақысы 29 пайызға, әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерінің жалақысы 40 пайызға, «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілердің жалақысы 30 пайызға, стипендиялар 25 пайызға өскенін алға тартты. Дағдарыс заманы. Соған қарамастан, әлемнің санаулы ғана елдері әлеуметтік салаға жұмсайтын шығындарын осылайша арттыру да Елбасының көрегендігінен болатын.
Республикалық бюджеттің әлеуметтік салаға бөлінген шығыны осы жылы 12 пайызға өсіп, 4,1 триллион теңгеден асты. Үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы еңбек өтіліне байланысты орташа алғанда 1,8 есеге көбейетін болады. Әсіресе, мұғалімдердің жалақысы біліктілігінің расталуына байланысты тұтастай алғанда 30 пайыздан 50 пайызға дейін өсетіні қуантарлық жайт. Мұның бәрі түптеп келгенде біздің халқымыздың болашағына сенімді түрде қарай алатынын көрсетеді. Бүгінде саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісім арқасында экономикамызды, саясатымызды және санамызды жаңғыртуға кірістік. Халықтар арасындағы ынтымақ пен келісім барда біз барлық қиындықтарды еңсеріп, 30 елдің қатарына кіреміз.

Болат САТАНОВ,
еңбек ардагері.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халыққа өзінің кезекті Жолдауын жария етті. Бұл Жолдаудың өзгешелігі мен ерекшеліктері мүлде бөлек. Себебі, «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдаудың негізінде он басымдыққа бөлінген даму бағыттары айқындалған. Еліміз 30 дамыған мемлекеттің қатарына кірудің алдынғы кезеңдерінде тұр. Сондықтан, елімізде жарияланған индустриялық реформалар әрі қарай да өз жалғасын табуы тиіс.
Еуропаның дамыған елдерінде қолданылатын «smart-city» жобасы еліміздің ірі және өнеркәсібі дамыған қалаларында қолданысқа енгізілетін болады. Ол өз кезегінде үлкенді-кішілі қалаларымыздың дамуы үшін инвесторлардың келуіне мүмкіндік бермекші.
Бұл Жолдауда ауыл тұрғындарының әлеуетін жақсарту жайы да айтылды.
Аудан орталықтарында жұмыссыз жастарға кәсіптік білім беру, ауылдық жерлерде жұмыспен қамтудың жаңа Жол картасын жобалау, ауыл жастарының жағдайын қарастыру секілді түйткілді мәселелер қамтылған. Жастарға қолдау көрсетуді одан әрі жалғастыру, жергілікті басқару органдарында халыққа қызмет көрсету сапасын жақсарту мәселелері нақты айтылған. Елбасымыз осы Жолдауда айқындаған «Бір терезе» жүйесі қызмет көрсету орындарында «менменшілдік» пен «қағазбастылықты» түбегейлі жоюдың бірден-бір жолы екені айтпасақ та түсінікті.
Елбасымыз өткен жылы жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған рухани жаңғыру идеялары осы Жолдауды іске асыру барысында жаңаша серпін алып, ел дамуына игі ықпал етпекші. «5 институционалдық реформаны жүзеге асыруға бағытталған 100 нақты қадам өзінің өміршеңдігін көрсетті» деп атап көрсетті Мемлекет басшысы осы маңызды құжатта. Сондықтан, бұл бағыт та алдағы уақытта әрбір қазақстандықтың негізгі ұстанымына айналуы тиіс.
Еліміз Орта Азия мен Шығыс Еуропа мемлекеттері арасында тұңғыш рет ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесін ойдағыдай өткізіп, әлем елдері алдында өз күш-қуатын көрсете білді. Олай болса, еліміздің дамуына бұл Жолдаудың да қосатын үлесі аз болмайтынына сенім мол.

Шоқан ЗӘКАРИН,
«Нұр Отан» партиясының
Қорғалжын аудандық филиалы саяси кеңесінің мүшесі.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы жылғы халыққа арнаған Жолдауы қазақстандықтарға қазіргі заман талабына сай дамудың бағдарын қадамдап түсіндіреді. Шарықтап дамыған технология бәсекелестікті бұрын-соңды болмаған деңгейге көтеріп, замана көшінен қалмау үшін озық технологияны меңгеруді талап етуде. Елбасы Жолдауында сол уақыт талабынан туған сұранысқа сай даму үшін не істеу қажет, қандай салаларға көңіл бөліп, қандай шаруаларды қолға алу керектігін нақтылап түсіндіреді.
Экономикамызды дамытуға серпін беретін инновациялық индустрияландыруды қолға алатын уақыт келді. Индустрияландыру жаңа технологияларды игерудің флагманы болуға тиіс. Биылғы жылы өнеркәсіпті цифрлық кезеңге жеткізетін үшінші индустрияландыру бесжылдығы басталмақшы.
Қаржы саласын, адам капиталын жетілдіруге де көңіл бөлу заман талабы болып отыр. Жол-логистикалық саланы, құрылысты дамыту, денсаулық сақтау, білім беру салаларын уақыт талабына сай өркендету – бұның бәрі еліміздің болашақ өсіп, өркендеуіне игі ықпал ететін маңызды шаралар. Елбасы белгілеген он бағдар бо-
йынша даму елімізді болашақта әлемнің озық отыз мемлекетінің санатына қосатын қадам болары анық.
«Нұр Отан» партиясының белсенділері Елбасы Жолдауын жан-жақты оқып, оны жүзеге асыруға белсене атсалысады деген сенімдемін. Ең бастысы, әрбір қазақстандық елімізде болып жатқан жаңа даму үрдістерін нақты сезініп, осы өзгеріске өз істерімен үлес қосулары қажет.

Сәкен ЕРҒАЛИЕВ,
«Нұр Отан» партиясы Шортанды аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.

ТҮЙІН. Елбасы өз Жолдауында: «Біз саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің арқасында экономикамызды, саясатымызды және санамызды жаңғыртуға кірістік. Технологиялық және инфрақұрылымдық тұрғыдан дамудың жаңа кезеңіне тың серпін берілді. Конституциялық реформа билік тармақтары арасындағы баланс-
ты нақтылай түсті. Біз ұлттық сананы жаңарту үдерісін бастадық. Бұл базалық үш бағыт Қазақстан жаңғыруының жүйелі үш тұғыры болып саналады. Біз жаңа заманға сай болу үшін Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы тарихи өрлеу бастауында тұрған біртұтас ұлт болуымыз керек», – деп тәуелсіз ел алдындағы міндетті осылайша тұжырымдаған болатын.
«Арқа ажары» газеті редакциясына келіп түскен материалдардан, хат-хабарлардан ақмолалықтардың Елбасы Жолдауын қызу қолдап, қуаттап отырғандықтарын аңдауға болары сөзсіз.
Біз бүгін өңірдің барлық қалалары мен
аудандарынан Жолдауды талқылап, қолдаудың алғашқы легіндегі хабарларды жарияладық. Бұл Жолдау біздің кемел болашағымызды анықтайтындығы ақиқат. Алдағы уақытта да өздерінің ой-пікірлерімен бөліскен ақмолалықтардың пікірлерін үзбей жариялап тұратын боламыз.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар