Екпе алу – денсаулық кепілі

Облыс орталығындағы №1 қалалық емханада «Вакцинация және иммунитет» атты тақырыпта профилактикалық екпе егу мәселелеріне арналған дөңгелек үстел мәжілісі болып өтті.

Жиын барысында профилактикалық екпе егу шараларының арқасында облыс орталығында дифтерия, полиомиелит аурулары тіркелмегені айтылды. Тек бір-екі адам ғана қызылша ауруымен ауырған. Көкжөтелмен, жұқпалы паротитпен ауыру көрсеткіші екпе жасау шаралары жүргізілмей тұрған мерзіммен салыстырғанда 150-400 есеге дейін азайған. Дәрігерлер түрлі инфекциялардан аман-есен сақтанып жүру үшін уақытында екпе алып отыруды ескертеді. Және де бұл көрсеткіш ересек контингент арасында 95 пайыздан, балалар арасында 97 пайыздан кем болмауы тиіс. Иммунизация тұрғындардың эпидемиологиялық саулығын қамтамасыз етудің және жұқпалы аурулар санын азайтудың ең тиімді жолы болып саналады. Бүгінде облыс аумағында екпе алмайтын 215 баланың бары анықталып отыр. Олардың ата-аналары діни көзқарастарына байланысты екпе егу жолымен балаларының иммунитетін көтеруден бас тартқан.
«Емханадағы иммунизация жағдайы жөніндегі ақпараттық анықтама» туралы №1 қалалық емхана бас дәрігерінің орынбасары Гүлнәзия Зұлқарнаева, «Иммундық профилактика мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары» туралы эпидемиолог дәрігер Ұлпан Тен, «Екпемен алдын алатын аурулар бойынша эпидемиологиялық жағдай» жөнінде Көкшетау қалалық қоғамдық денсаулықты қорғау басқармасының эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Гүлмира Жекемұратқызы, «Вакцинация мағынасы» туралы емхананың педиатриялық бөлімшесінің меңгерушісі Жанат Әмірбаева баяндама жасады. Жиын соңы пікір алмасуға ұласып, қатысушыларға екпе алудың маңыздылығы жөнінде көптеген ақпараттар берілді.
–Балаларымыздың дені сау болып өсуі және де түрлі қауіпті инфекциялардан сақтанулары үшін дер кезінде екпе алып тұрулары өте маңызды. Осы бағытта түсіндіру шараларын жүргізуіміз қажет. Ата-аналар екпе алудың қаншалықты маңызды екенін білгендері абзал, – деген пікірлерін жеткізді ақ халатты абзал жандар.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар