Жиһаз жасайды

 «Еңбек түбі – береке» демекші, адамды алға жетелейтін маңдай тері. Осы орайда, кәсіпкер   Өтебек Бертілеуовтің өнегелі ісі өзгелерге үлгі.

  1989 жылы Целиноград инженерлік-құрылыс институтының құрылыс факультетін тәмамдаған Өтебек Бертілеуов  елге оралып, совхозда құрылыс шебері болып алғаш еңбек жолын бастайды.  Бірақ, тәуелсіздіктің елең-алаң шағында сынақ та көп еді.  Өмірдің сол сынағынан сүрінбей өтіп, ол 2001 жылы  ауыл шаруашылығымен айналысуды қолға алды.  Өйткені, шаруашылықты өркендетіп, ауылды гүлдендіруді басты мақсат тұтты.  Жұмыссыз жүргендердің екі қолына бір күрек тауып, жұмыспен қамтамасыз етті. Сол тұста облыс әкімі болған Сергей Кулагин ауданға келген бір іссапарында тұрғындармен кездесіп, ауыл шаруашылығымен қоса өзге де салаларға бет бұруға кеңес береді. Облыс әкімінің сөзі Өтебек Тұрсынұлына қамшы болып, кеңселік жиһаздарды жасайтын цех ашады. Бүгінгі күні «Ілияс» шаруа қожалығымен қатар, «Бертілеуов Ө.Т.» жеке кәсіпкерлік цехының жұмысын бірдей ұйымдастырып отырған басшы 40 адамды жұмыспен қамтамасыз етуде.  Бірақ, өсіп өркендеу жолында біраз қиындықтарға да тап болғанын ол еш жасырмайды.
Цех жұмысы туралы айтар болсақ, мұнда кеңселік жиһаздардың түр-түрі жасалады. Құрылысқа қажетті тақтайлар да тілінеді екен. Қазіргі таңда  Қазақстанның әр өңірінен өнімге деген сұраныс жоғары. Өйткені, тұтынушылар тарапынан кеңселік жиһаздардың сапасы жоғары бағалануда. Ал, материалдардың біразы алыс-жақын шет елдерден әкелінеді. Мемлекеттік тапсырыспен де жұмыс істеуді алға қойған цехтың болашағы зор. Тіпті, іргедегі Астана қаласының компанияларымен әріптестік байланыста. Мұндағылар жалғыз жиһаз жасап шығарумен ғана емес, әртүрлі нысандарды күрделі жөндеуден өткізіп, үй тұрғызумен де айналысады. Жеке кәсіпкер цехта жылдар бойы еңбек етіп жатқан Сүйіндік Салықов, Сәлима Базарова есімді көмекшілерін ерекше айтып өтті. Өзге де жұмыскерлердің еңбегі лайықты бағалануда. Олар ай сайын жалақыларын алып, ешқандай таршылық көрмейді. Мұнда орташа еңбекақы 60 мың теңгеден айналады. Істеген ісіне орай 150 мыңға дейін табыс табатындар да бар. Бір қызығы цехта әкелі-балалы еңбек етіп жатқан отбасылар да кездеседі. Шынайы еңбекті лайықты бағалаған басшы үй-күйсіз жүргендерге жанашырлық танытып, төрт отбасыны баспанамен қамтамасыз еткен.
– Адамды өсіретін еңбек қой. Егер ниет пен пейіл шынайы болса, жұмысың да алға басады. Әр адам адал еңбек етіп, еңбектің қадірін түсінуі тиіс.  Ұжымның жұмысына көңілім толады. Әрқайсысы өз ісінің шеберлері. Бірақ, цехта жұмыс істейтін жастар өте аз. Біз жастарды жұмысқа көптеп тартуымыз керек, – дейді Өтебек Бертілеуов.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, оның жемісті еңбегі көпке үлгі боларлықтай. Ауылды көркейту, қайырымдылықпен айналысып, жастарға жанашыр болу, жасы үлкен қарияларға қолдау көрсету басшының бойына біткен қасиет.  Әлеуметтік салаларға да баса назар аударып, түрлі іс-шараларға демеушілік көмек көрсетеді. Өйткені, халыққа көмек көрсетуді өзінің азаматтық парызы  санайды. Міне, осындай азаматтардың  ісі жастарға әрқашан үлгі-өнеге ғой.  Ал, кеңселік жиһаз  цехында жылдар бойы жемісті еңбек етіп келе жатқан  Сергей Кузнецов  өзге кәсіпке қызықпайтынын айтады. Өйткені, тұрақты жұмысы бар ол бүгінгі күнге тәубе дейді.
–Цехта жұмыс істеп жатқаныма биыл сегізінші жыл. Қазіргі таңда жиһаздың түр-түрін жасап шығарамыз. Еткен еңбек пен төккен тер зая кетіп жатқан жоқ. Өйткені, біздің өнімдер Қазақстанның әр өңірінде саудаланады, – деді шебер Сергей Кузнецов.
Жиһаз цехымен қоса, «Ілияс» шаруа қожалығының  мың гектар жері бар. 100 бас қара мал, 70 жылқы, жүздеген қой өсірілетінін тағы айтып өтпеске болмас. Өйткені,  мұның барлығы  есіл ердің еңбегі ғой. Еңбек те елеусіз қалмақ емес. Аудандық мәслихаттың депутаты Өтебек Тұрсынұлы  сан мәрте Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамоталарымен, сондай-ақ,  облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталған. Кәсібінің нәсібін көріп отырған  азамат болашаққа зор сеніммен қарайды. Өйткені, шынайы еңбек үлкен табыстарға жетелейтінін ол жақсы біледі.
Ақкөл ауданы.
Суретте: Сергей Кузнецов пен Бағдат Нұршабаев жұмыс үстінде.
Суретті түсірген Қуаныш НҰРСАДЫҚОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар