Кепиет деген бір сөз бар

 Туырылып піскен, аппақ қардай, тіске- басар қарайғаны жоқ семіз жамбасты сол қолымен аударып-төңкеріп ұстап отырып, оң қолындағы ұзын, қылпылдаған өткір пышағымен бауырынан тіліп жіберді. Онсыз да төңкеріліп, ойнап тұрған қап-қалың май сыпырылып түсіп, жамбас сүйек сыдырылып қалды. Жамбас сүйекті май сорып, жіп-жіңішке болып қалыпты. «Семіздікті қой ғана көтереді» дейтін атам қазақ.  
– Осыны кеше жиен ағамның тойына барғанда нағашымызға сарқыт деп беріп еді. Алмауға ұялдым, менсінбеген тәрізді болып көрінермін дедім. Нансаң, осы майды жейтін біздің үйде жан жоқ. Балалар май түгілі қара еттің өзін әзер дегенде қаужайды. Енді мұның баратын жері Таймастың аузы, – деді Тұрсынбек құрдас жарты табақ болып жайылып жатқан жамбастың майына бес саусағын тарбита басып.
Сол сәтте ойыма әжем марқұм жиі айтатын «кепиет атады» дейтін сөз түсті. Мынандай туырылып жатқан май түгілі нанды кескенде дастархан үстінде шамалы шашылып қалған нанның қоқымын «бай боласың» деп қалдырмай жегізетін. Кімнің бай болғысы келмейді дейсің. Біздің үйдегі жеті бала дас-тархан үстіндегі нан қоқымын таласа, тармаса жеп қоятынбыз. Сөйтсек, обал, сауап деген қасиетті ұғымды қаперінен шығармайтын әжем марқұмның әрненің құнын білсін деген қағидасы екен ғой. Сол кезден бастап әлдебір рәсуа шаруаның шеті шықса, кепиеті атады деп қорқамыз.
Қазір көп адам қой етін ауыр санайды. Атам қазақтың «жылқының еті жатқанша, сиырдың еті бозарып таң атқанша, қойдың еті келесі күн батқанша» дейтіні содан ғой.
Осы қойды семіртуге қанша уақыт кетті екен? Қой жарықтық жылқы баласы тәрізді ай жарымда торлана қоймайды. Сүбесіне май байлау үшін кемі жарты жыл керек. Тіпті, жылдап семіртетіндер де бар. Осы екі арада семіртуге қойған қойың қанша шөп, жем жейді. Былайғы еңбегің қаншама. Сонда жан адам жемейтін, жегісі келгенімен денсаулығынан қорғалап, бата алмайтын қойды осынша семіртудің қанша қажеті бар. Әлде бұл да қазақы дарақылық пен мақтанның бір түрі ме?!.
Кепиет деген бір сөз бар. Сөз емес, тұтас ұғым. Тек соңғы уақытта қасиеті ел жадынан көшіп барады.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар