Елдігіміздің бастауы

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» педагогикалық қызмет-керлердің біліктілігін арттыру институтының облыстық филиалында «Қазақ хандығының құрылуы: мемлекет-тіліктің қалыптасуындағы экономикалық алғы-шарттар мен этникалық үдерістер» атты тақырыпта ғылыми-практикалық конференция болып өтті.

Аталған институттың директоры Еркін Исімбаев ашып, жүргізіп отырған жиынға  өңірдегі тарих  пәні мен бастауыш сынып мұғалімдері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері  қатысты.
Отырыста сөз алған конференцияның қонағы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтудегі негізгі мақсат батырлардың ерлігіне бас ию және  боздақтардың тәуелсіздікті сақтап қалудағы ерліктерін бағалау екендігін жеткізді. Ол ел тарихындағы маңызды белестерді заман талабына сай ақиқатты түрде зерделеп, еліміздің төл тарихын қастерлеу қажеттігін сөз етті. Бұл еліміздің болашақ ұрпағын тәрбиелеуде басты құрал болмақ. Осы орайда, облыс көлемінде  үлкен шаралар тізбегі ұйымдастырылады.
– Алдағы уақытта өткізілетін шаралардың көкейкестігін ескере отырып, әр білім ошағы әр ұйым бұл мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс. Тіпті,  атаулы мерекені атап өтуде өз идеяларын ұсынса,  біз ол бастамаларды қолдауға дайынбыз, – деді Гүлжанар Шөкеева.
Бұдан соң  отырысқа жиналғандар «Еркін елдің рухы» атты бейнефильмін тамашалады. Мұнда еліміздің тарихы өзге қырынан баяндалып, ел болып қалыптасудағы елеулі оқиғаларды көрерменге паш етті.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Қадыржан Әбуев қазақ мемлекеттілігінің құрылуы турасында әңгіме қозғады. Сонау XV ғасырдағы қазақ хандығының құрылуындағы басты алғышарттарға кеңінен тоқталып, қазақ халқының қалыптасу үрдісін  тілге тиек етті. Ал, филология  ғылымдарының кандидаты, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің қазақ филологиясы кафедрасының доценті Сәбит Жәмбек қазақ көркем әдебиетіндегі қазақ тарихының көріністерін ашып берді. Оның айтуынша, тарих пен әдебиет біртұтас, бір-бірімен астарласып,  бірін-бірі толықтырып отырады. Тарихтағы бедерлі бетбұрыстар, көркем әдебиетте қиялмен көмкерілген шындыққа айналатыны хақ. Сол себепті, көркем әдебиет оқырманға ерекше әсер етіп,  тағылымды тарихты ұғынуда көмек болады.
Қазақ халқының болмысы, тарихи жады жайлы тарих ғылымдарының кандидаты, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Гүлнәр Қаженова салмақты пікір білдірді.
Сонымен бірге, алқалы отырыс барысында тарих сабағында патриоттық тәрбие беру жолдары, қазақ хандығын құрудың экономикалық және этникалық алғышарттары сөз болып, тұшымды хабарламалар жасалды.
Конференция қорытындысында қатысушылар  Қазақстан халқы Ассамблеясының кезектен тыс Президент сайлауын өткізу жөніндегі бастамасын бірауыздан қолдады. Бұл еліміздің бірлігін одан бетер нығайта түсіп, кемел болашаққа жетудегі тарихи мүмкіндік екені сөзсіз.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар