Шаңтөбе шырайланып келеді

Шаңтөбе кенті облысымыздағы моноқала Степногорскінің экономикалық және әлеуметтік дамуындағы белді буындардың бірі саналады. Мұнда кен өндірісінің жылдар бойы жетілдіріліп келе жатқан оңтайлы тәжірибесі қалыптасқан. Әсіресе, жетістіктер кестесін еселей білген, дағдарысты кезеңдердің ауыртпалықтарын қайыспай көтере алған қажырлы еңбек адамдарына құрметпен қарай аласыз.

Шаңтөбе кентінің әкімі Ержан Мұқанов биылғы есепті кездесуін жергілікті өнеркәсіп өндірісінің, шағын және орта бизнес саласының озаттарын, кәсіпорын ардагерлері мен қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытқан біршама кісіні марапаттау рәсімімен бастағаны көңілдерге жылылық ұялатты. Олардың қатарында әлеуметтік саланың озаттары да бар. Мәселен, бала бақша меңгерушісі Гүлжан Көшерова, амбулатория дәрігері Людмила Котова, орта мектептің мұғалімі Лидия Вагнер, медбике Валентина Романова құрмет мінберіне шақырылғанда шаңтөбеліктердің қол шапалақтауы ұзаққа созылды.
Өткен жыл шаңтөбеліктер үшін өнеге аларлық істердің тізбеленуімен ерекшеленді. Іргелі екі жобаның жүзеге асырылғаны ел өмірін жақсарта түсті. Әсіресе, «Систром» компаниясының технологиялық жаңғырту үрдісіне кіріскені оң нәтиже беріп отыр. Іргелі кәсіпорын бетоннан мәрмәр кірпіштер жасап, басқа да құрылыстық құм-цемент материалдарын өндіріске қосты. Сондай-ақ, «Шаңтөбе-энергокешен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жаңа қазандық құрылысын жүргізді. Бұл бағытта республикалық бюджеттен 1,2 миллион теңге қаржы бөлінген. Инвестициялық құйылымның 800 мың теңгесі 2017 жылы игерілген.
Әкімнің баяндамасында ауыл шаруашылығы, жұмыспен қамту, халықты әлеуметтік қорғау, білім беру, мәдениет, спорт, құқықтық қамтамасыз ету және коммуналдық шаруашылықта атқарылған шаруалар кеңінен көрініс тапты. Мұның барлығы мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаумен байланыстырылды.
Жұмысшы кентінде шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Әкімге қойылған сұрақтар өзекті екендігін айтып өту ләзім. Соның ішінде Шаңтөбе мен Балқашын ауылдары арасындағы жолдың тозып бара жатқандығы, оған күрделі жөндеу қажеттігі баршаны толғандырады. Дәрігерлік амбулаторияға «жедел жәрдем» көлігі қажеттігі, көшелерді жарықтандыру мен абаттандыру, «СТХК» ЖШС ғимаратын кәсіпкерлік нысандарына жалға беру, мұсылман және христиан қорымдарын тәртіпке келтіру туралы сұрақтарға Ержан Мұқанов тиісті жауаптар қайтарды.
Есепті жиналысқа Степногорск қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев қатысып, тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.

Полатбек ЖАНБАЕВ.
Степногорск қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар