Ортақ мүдде бәрінен қымбат

Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов саяси партиялардың облыстық филиалдары мен үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілерімен кездесіп, оларды толған-дырған мәселелерге назар аударды.

Жиында алдымен, «Нұр Отан» партиясы Көкшетау қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тасболат Кәкпенов сөз алып, Ұлт Көшбасшысы бастаған партияның елдегі ауқымды экономикалық және саяси реформалардың жүзеге асуына ұйытқы болғандығын атап өтті. Жеке мәселелері бойынша қоғамдық қабылдауға жүгінетін тұрғындар санының артуы да партияға деген ел сенімінің жоғарылағандығының басты көрінісі болса керек.
Бұдан кейін сөз сөйлеген Қазақстан Коммунистік халықтық партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Бейсенбай Мәжитов жуық арада партияның съезі өтіп, онда алда болатын Президент сайлауына қатысатын  кандидаттың есімі белгілі болатындығын жеткізді. Ол сондай-ақ, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеуге тек билікті ғана жауапты етіп қойып, қалғандарына қол қусырып қарап отыруға болмайтындығын айта келе, 80 жастағы тыл еңбеккері Қайырболат Әбеновке шұғыл отаның қажеттігін айтып,  облыстық әкімдіктен осы мәселеге ықпал етуді  сұрады.
Ал, «Ақ жол» демократиялық партиясының облыстық филиалының жетекшісі  Серік Бейсембаев өңірде 10 мыңнан астам мүшесі бар партияның облыс экономикасын дамытып, инвесторлар тарту бағытында ілкімді істерді қолға алып отырғандығын тілге тиек етті. Ол құрамына саяси партиялар мен басқа да қоғамдық ұйымдардың өкілдері кіретін өңірлік менеджмент орталығын құру мәселесіне тоқталды.
Өңірде 8 саяси партия фи-лиалдарынан басқа, «Лад» славян қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі де тіркелген. Кездесуде осы ұйым төрағасы Максим Крамаренко сөз алып, өздерінің этно-мәдени, оқу-ағарту және қарапайым азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында жұмыс істейтіндіктерін жеткізді.  
Жиында қоғамдық бірлестіктердің өкілдері де өз ойларын ортаға салды. Айталық, «Ақмола облысының азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Галина Шеварева облыстағы үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын үйлестіру  мақсатында бірыңғай ақпараттық ресурс – арнайы сайттың құрылғандығын атап көрсетті. Азаматтық сектор өкілдері «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіне белсене  қатысуға ниет білдіріп отыр.
«Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Еркін Исімбаев  ұйымның 700-ден астам мүшесі барын, өткен кезеңде 3522 мұғалімді оқытып шығарғандарын айтты. Сонымен бірге, біраз жылдар бойы қоғамдық жұмыстармен айналысып келе жатқан азамат ретінде ол  мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберіндегі байқауларда өздерін осы тұрғыда жан-жақты дәлелдеген бірлестіктердің тәжірибесі де ескерілсе деген тілегін жеткізді.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов өзінің қорытынды сөзінде кездесуге қатысушылардың алда өткізілетін Президент сайлауын бірауыздан қолдағандарына алғысын білдіріп, бүгінгі әңгіменің пайдалы болғанын, уақыт талабына сай үкіметтік емес ұйымдар да өз жұмыстарын жетілдіре түсуі қажеттігін атап көрсетті.  

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *