Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Кәрібай Мұсырман: «Құжат әлеуметтік желі «батырларының» жауапкершілігін көтереді»

«Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданып, Мемлекет басшысының оны бекіткені белгілі. Күшіне енген бұл заңда қандай өзгерістер мен жаңалықтар бар, бұрынғы заңда қамтылмаған қандай мәселелер ескерілді деген сауалдар төңірегінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, аталмыш заңды талқылауға арналған жұмыс тобының мүшесі Кәрібай Мұсырманмен «Заң газетінің» тілшісі Айша Құрманғалидің сұхбатын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша Парламент Мәжілісінде жүрген жұмысқа депутат әрі сала маманы ретінде белсене қатысқан боларсыз? Жалпы, БАҚ қызметін заңнамалық тұрғыда реттеу бүгінгі қоғам үшін қаншалықты маңызға ие?
– Бұл заңды отандық журналистиканы дамыту және мемлекетіміздің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан алғанда прогрестік сипаттағы құжат деп санаймын. Оған талдама жасаған Еуропадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық (ОБСЕ) Ұйымының өкілдері оң пікір білдірген болатын. Заң бойынша Парламент Мәжілісінде құрылған жұмыс тобы мүшелерінің ішінде белгілі журналистер Сауытбек Әбдірахманов, Артур Платоновпен қатар, осы салада 35 жылдық жұмыс өтілі бар мен де болып, құжатта БАҚ саласындағы өзекті мәселелердің қамтылуына үлесімді қостым.
Біз сөз етіп отырған заңда бірқатар маңызды мәселелер қамтылды. Мәселен, алдағы уақытта мемлекеттік органдарда, сондай-ақ, мемлекетке қарайтын теміржол вокзалдары мен әуежайлар сияқты ұйымдарда тек отандық телеарналар көрсетілетін болады. Көршілес елдердің телеарналарын заңсыз көрсетіп отырған «сұр» тәрелкелер мәселесі де тәртіпке келтіріліп, «Отау ТВ» ұлттық телехабарлар тарату желісінің қамту аумағы барынша кеңейтілмекші.
– Әлемдік тәжірибеде БАҚ туралы заңсыз да өмір сүретін елдер бар. Журналист қызметі қоғам үшін әрдайым ашық, жариялы. Өйткені, жала жапса, Қылмыстық кодекс бар, біреудің ар-намысына тисе, Азаматтық кодекспен де айыптай беруге болады. БАҚ саласын заңмен үйлестіру шығармашылық еркіндікке, сөз бостандығына тұсау салатын тетік емес пе?
– Менің білуімше, Еуропаның көптеген елдерінде БАҚ туралы заңнамалық актілер бар. Тек Ұлыбританияда ғана БАҚ туралы арнайы заң жоқ. Есесіне ол елде журналистердің әдеп кодексі қатаң сақталады екен. Ал, біздің Қазақстан сияқты жас, көпэтносты, көпдінді мемлекет үшін БАҚ туралы заңнама өте қажет. Оның үстіне, өзім ұзақ уақыт облыстық БАҚ-тардың басшысы болғандықтан, біздің журналистердің көбінің кәсіптік даярлығы, әсіресе, саяси және құқықтық мәдениет деңгейі жеткілікті деп айта алмаймын. Олардың арасында Азаматтық және Қылмыстық кодекстердің бетін ашпағандары да кездеседі. Сондықтан да, қолданыстағы заңнамадағы БАҚ-қа қойылатын негізгі талаптар бір ғана заңда, яғни, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңда барынша қамтылғаны жөн.
Шығармашылық еркіндік, сөз бостандығы деген ұғымдарға келсек, біздің Ата Заңымыз – Конституциямызда цензураға тыйым салынғандығын атап айтқан жөн. БАҚ туралы қолданыстағы заңнамада да шығармашылық еркіндікке, сөз бостандығына ешқандай шектеу қойылып отырған жоқ. Жас журналистер цензура дегеннің не екендігін білмеуі де мүмкін. Олар өзі жазған мақаланың мәтінін бас редактордың немесе өзі қызмет ететін бөлім басшысының түзеткенін цензура деп санап жатады. Бірақ, ол цензура емес. Ол әдеби өңдеу немесе редакциялық саясатқа сәйкестендіру. Ал, нағыз цензураның не екенін біз – күні өткен кеңес заманының журналистері жақсы білеміз.
– Заңдағы өзгерістердің шикілігі ретінде оның кейбір баптарында жазалауды, мәжбүрлеуді талап етпейтін декларациялық сипаттағы тетіктер бар деген сын көп айтылған. Сіздіңше, қалай?
– Әңгіме «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңға жаңадан енгізілген БАҚ қызметінің негізгі қағидаттары туралы бап жайында болар. Ол қағидаттар мыналар – объективтілік, заңдылық, анықтық, азаматтардың жеке өмірін, ар-намысын, қадір-қасиетін құрметтеу. Бұлар кез келген БАҚ пен журналистің басты ұстанымдары болып, қаламдастарымыздың этикалық нормасына айналса, тіпті дұрыс. Баптың көздегені де сол ғой.
– Заңдағы тағы бір норма бойынша, БАҚ қойған жазбаша өтінімдер мен сауалдарға құзырлы органдар 7 күннің ішінде жауап береді. Егер мұны жұмыстың мерзімі деп қарастырар болсақ, оншақты күнге созылып кетері анық болып тұр. Мұндай жағдайда журналистиканың жеделдік қағидаттары қайда қалады?
– Заңда «Мемлекеттік органдар таратқан ресми хабарларды кеңірек түсіндіру жөніндегі БАҚ-тың жазбаша сауалына ақпарат иесі екі жұмыс күнінен кешіктірмей жауап беруге тиіс» деп жазылғанын айта кеткен жөн. Тек қосымша зерттеу мен тексеру қажет болған жағдайда ғана бұл мерзім он бес күнге дейін ұзартылуы мүмкін. Бұл туралы да тиісті БАҚ екі жұмыс күні ішінде құлақтандырылады.
Ал, ресми хабарда берілмеген ақпарат бойынша БАҚ-тың жазбаша сауалына мемлекеттік органдар жеті жұмыс күні ішінде жауап беруге тиіс. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі ұсынған заң жобасында бұл мерзім он бес күнтізбелік күн деп көрсетілген болатын. Біз оны жеті жұмыс күні деп өзгерттік. Бұрынғы заңнамада көрсетілген үш күн, әрине, БАҚ көтерген өзекті мәселе бойынша жан-жақты әрі толық ақпарат беру үшін жеткіліксіз деген уәжбен келістік. Енді мемлекеттік органдар журналистердің жазбаша сауалдарына «сырғытпа» жауап беруді азайтар деп үміттенеміз. Шынын айтсақ, БАҚ-тың жазбаша сауалдарына ғана емес, біздің депутаттық сауалдарымызға да кейде мемлекеттік органдар «сырғытпа» жауап беріп, көңіліміз толмай жатады…
– Тағы бір дау заңда дәйектелген журналисті мақала кейіпкерінен рұқсат алуға мәжбүрлейтін тетікке қатысты туындап отыр. Егер шенеуніктің пара алғаны немесе бюджет қаржысын талан-таражға салғаны туралы дерек анықталса, оны біз жазу, ТВ арқылы көрсету үшін жемқордың жазбаша келісімін қалай аламыз? Осы жайлы пікіріңізбен бөліссеңіз.
– Журналистің рұқсат алуы адамның жеке басының, отбасылық, дәрігерлік, банктік, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияларына қатысты. Аталған құпияларды рұқсатсыз жариялауға болмайтындығы туралы баптар қолданыстағы Азаматтық және Қылмыстық кодекстерде бұрыннан бар екендігін айтқан абзал. Енді оларды «БАҚ туралы» заңға енгізудегі мақсат – журналистердің құқықтық сауаттылығы мен жауапкершілігін арттыру деп білемін. Бұл бап жемқорларды әшкерелеуге кедергі болады деп санамаймын. Өйткені, пара алу, пара беру – заңмен қорғалатын құпия емес, қоғамға қауіп төндіретін қылмыс.
– Анонимді комментарийлерге тыйым салынды. Негізі, көп шындық сонда айтылушы еді. Сіздің пікіріңіз? Бұл қаншалықты дұрыс?
– Халқымыз «Айтылған сөз – атылған оқ» деп тектен-текке айтпаған. «Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады», «Басқа пәле – тілден» деген нақылдар да бар. Бәрін де қазекем өмірден түйіп, тұжырымдап айтқан. Сондықтан, біз Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің қолданыстағы заңнамаға әлеуметтік желілердегі пост авторларын сәйкестендіру (идентификация) бойынша жаңа норма енгізу жөніндегі ұсынысына қолдау білдірдік.
Мәселенің басын ашып айтсақ, бұл норма алдағы уақытта әлеуметтік желілерде псевдониммен пікір білдіруге ешқандай тыйым салмайды. Яғни, өз ой-пікіріңізді бұрынғыша бүркеншік атпен жариялай беруіңізге болады. Бірақ, егер біреудің ар-намысына тиетін ауыр сөз жазсаңыз, онда сол үшін сот алдында жауап беруіңіз бек мүмкін. Өйткені, ар-намысы қорланған арызданушының шағымын қарайтын соттың талабы бойынша кез келген әлеуметтік желі иесі псевдонимнің сыртында кім тұрғанын анықтап беруге міндетті болады.
Қазір әлеуметтік желілерде бейпіл, былапыт сөздердің неше түрі жазылып жатыр. Бір мәселеге көзқарасы ұнамайтын кісімен сыпайы пікір сайыстыру орнына, аузына келгенді айтып, сыбап тастайтын, көбінесе тасада тұрып тас ататын «батырлар» жетерлік. Ал, мұндай сорақы құбылыс біздің көбіміз сөз бостандығының өнегесі деп еліктеп-солықтайтын Еуропа елдеріне тән емес көрінеді. Қысқасы, енді не жазсақ та ойланып, ақылға салып жазатын боламыз. Мұның өзі, түптеп келгенде, ұлтымыздың қоғамдық санасы мен мәдениетін көтеруге де септігін тигізері анық. Осылайша ата-бабамыздың сынға алған адамын мақтамен бауыздайтын тамаша шешендік өнерін де біртіндеп қалпына келтіретін болармыз, түптің-түбінде…
– Жалпы, заңнан сіз қандай өлшемдер көргіңіз келді?
– Әрине, ойландыратын, толғандыратын өзекті мәселелер әлі де бар. Бұл ретте Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында атап айтылған ұлттық кодты, ұлттық мәдениетті сақтау отандық бұқаралық ақпарат құралдарына да зор міндеттер жүктейтіндігін терең сезініп, газет-журналдарымыз бен теле-радиобағдарламаларымыздың мазмұнына сын көзбен, биік талғаммен қарауымыз және халқымыздың ұлттық рухын көтеретін соны шығармашылық серпіліс жасау жолдарын қарастыруымыз қажет. Бәлкім, эфир уақытын рухани жаңғырумен һәм ұлттық өрлеумен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын құнсыз дүниелерге арнап, телекөрерменге «тобырлық мәдениетті» тықпалап отырған кейбір теле-радиоарналарға, ана тілімізді бұрмалап сөйлейтін кейбір шаласауатты жүргізушілерге заң жүзінде қатаң талап қою да қажет болар.
Бұл норма алдағы уақытта әлеуметтік желілерде псевдониммен пікір білдіруге ешқандай тыйым салмайды. Яғни, өз ой-пікіріңізді бұрынғыша бүркеншік атпен жариялай беруіңізге болады. Бірақ, егер біреудің ар-намысына тиетін ауыр сөз жазсаңыз, онда сол үшін сот алдында жауап беруіңіз бек мүмкін. Өйткені, ар-намысы қорланған арызданушының шағымын қарайтын соттың талабы бойынша кез келген әлеуметтік желі иесі псевдонимнің сыртында кім тұрғанын анықтап беруге міндетті болады.
Сондай-ақ, облыстық бюджеттерден қаржыландырылатын мемлекеттік ақпараттық тапсырысты да бір жүйеге келтірген жөн деп білемін. Өйткені, бұл істе «әркім өз бетінше түйе айдаған» жүйесіздік пен жөнсіздік жетерлік. Мысал үшін, облыстық бюджеттерден де «Республикалық деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу» бағдарламасы бойынша республикалық бұқаралық ақпарат құралдарына қыруар қаржы бөлінеді. Бұған әр облыс әртүрлі көлемде қаржы шығындайды. Осыған орай кейбір облыстардың баспасөз хатшылары: «Республикалық телеарналарға ондаған миллион теңге мемлекеттік тапсырыс берген облыс әкімдерінің жұмысы жиі көрсетіліп, өзге өңір басшылары атқарған істер назардан тыс қалатын болды…» деген реніш білдіріп жатады. Бұл мәселеге де тәртіп орнату қажет.
Тағы бір баса назар аударатын мәселе – жергілікті деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу бағдарламасы бойынша мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру мен орналастыру жайы. Біріншіден, өңірлік теле-радиокомпаниялар мен газеттерге мемлекеттік ақпараттық тапсырыс бойынша облыстық бюджеттерден бөлінетін қаржы көлемі әр облыста әркелкі. Екіншіден, алдағы уақытта Бюджет кодексіне тиісті түзету енгізіп, өңірлік мемлекеттік БАҚ-тардың мемлекеттік ақпараттық тапсырысты мемлекеттік тапсырма түрінде алуын заңдастырмасақ немесе бір көзден сатып алу жолымен алуының заңды тетігін қарастырмасақ болмайды. Әйтпесе, облыстық мемлекеттік теле-радиокомпаниялар, облыстық және аудандық газеттер тиісті конкурстар кейде әртүрлі себептермен ұзаққа созылуының салдарынан бірнеше ай бойы мемлекеттік тапсырыссыз жұмыс істеп, шығынға бата бермек. Ал, кейбіреулеріне арналған мемлекеттік ақпараттық тапсырысты көлденеңнен қосылған демпингтік баға ұсынушылар алып кету фактілері тағы да орын алатын болады.
Осы салада қазіргі кезде қалыптасып отырған жарамсыз практиканың тағы бір теріс жағы бар. Ол – облыстық бюджет қаржысын тиімсіз жұмсау. Бұл туралы белгілі журналист Мейрамбек Төлепбергеннің: «Бір облыста бірнеше телеарна бар дейік. Көрсетілім уақыты да, қамту көлемі де бірдей. 25 жылдық бай тәжірибесі бар телеарна да, күні кеше ашылған коммерциялық телеарна да бір лот бойынша конкурсқа қатысуына болады. Кім ұта алады? Әрине, қандай сома болсын 50 пайызға дейін арзан баға ұсынатын жекеменшік телеарна ұта алады. Бұған жол бермеу үшін облыстық ішкі саясат басқармалары әлгі әлеуетті өнім жеткізуші болып табылатын жекеменшік телекомпаниялармен әртүрлі жолмен келісімге келуге мәжбүр. «Саған бәлен миллион теңге мемлекеттік тапсырыс береміз, бірақ, сен облыстық мемлекеттік телеарнаға бөлінетін тапсырысқа таласпа» деп өтінішін айтады. Мемлекеттік тапсырысты осылай бөлгендіктен, ішкі саясат басқармалары олардың сол мемлекеттік тапсырысты қалай орындағанына мониторинг жасап та жарытпайды», – дегені есімде. Бұл көптеген өңірлерде орын алып отырған келеңсіз жағдай екені анық.
Конституциясында сөз бостандығы жария етіліп, цензураға тыйым салынған, әлемдегі өркениеті биік, озық отыз елдің қатарына қосылуға ұмтылған елімізде бұқаралық ақпарат құралдарындағы сынға да бірыңғай көзқарас қалыптастыру қажет сияқты. Өйткені, жергілікті жерлерде орын алған кемшіліктерді өткір сынайтын материалдардың жарияланып кетпеуіне күш салатын шенеуніктер аз емес. Мәселен, «Қазақстан» республикалық теле-радиокорпорациясының облыстық филиалдары директорларының бірінен осы жайлы пікірін сұрағанымызда, оның: «Мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу бағдарламасының әкімшісі болып табылатын ішкі саясат басқармасы – цензор емес, мемлекеттік тапсырысты реттеуші ғана екенін заң жүзінде бекіткен артық болмас еді», – деген сөзді бекерден-бекер айтпағаны даусыз. Бұл ретте халқымыздың «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген нақылын ұмытпағанымыз ләзім.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар