Мұғалім туралы заң қажет

Күні кеше теледидардан ата-аналардың «балама неге дөрекі сөйлейсің?» деп, ұстазды ұрып-жыққандығы туралы хабарды естігенде, жағамызды ұстадық. Мектепте білім алып жүргенімізде мұғалімдеріміздің айтқаны заң болушы еді. Олардың әрбір ескертпелеріне қысылып, кемшіліктерімізді айтып, ұрысқанында ұялатынбыз. Соңғы кездері осындай өрескелдіктерді естігенде, мұғалім беделі неге соншалықты төмендеп кетті екен деп толғанасың.

Соңғы кездері біздің қоғамдағы азаматтар өз-өздерін бақылаудан қалып, адамгершілік, сыйластық деген қасиеттерден қалып бара жатқандай көрінеді. Өзіміз мектепте оқып жүргенде, ата-анамызға: «мұғалім маған ұрысты» деп айтып барсақ болды, олар керісінше өзімізді сыбап, өзімізді кінәлі етіп қоятын. Ұстаздардың жайдан-жай ұрыспайтындығын айтып, өзімізді ақылға шақыратын. Қазір кез келген ата-ана мектептен оралған баласынан «не істедің? Кім не деді? Мұғалім не айтты?» деген секілді сауалдарды қойып, ұрысты деп айтса болды, оның себептерін сұраудың орнына, «менің балама айқайлайтын ол кім? Ол неге саған ұрысты?» деп, мектепке жетіп барады. Не болмаса, ұялы телефонына хабарласып, ерсі сөздер айтады. Бұдан соң, ұстаздар қазір балаларға ескерту жасауға да именетін шығар.
Немесе байшыкештер мен лауазымды тұлғалар еркетотай балаларын тәртіпке шақырудың орнына өздері керісінше, «осыдан менің балама мұғалім ұрыссын, сосын оған көрсетеміз, гүл өмірін күл етеміз» деп, ұстазды кемсітеді. Онсыз да нарық заманында бір жалақыға қарап отырған ұстаздар байдың балаларына ештеңе айта алмайды.
Бірге оқыған курстас құрбыларымның бірі мұғалім болып, Астанадағы мектептердің біріне жұмысқа орналасты. Сынып жетекшісі болып жүрді. Бір күні маған телефон шалып, «мұғалім болғанша, басқа бір мамандықты оқымаппын, тым құрығанда, даяшы болып жұмысқа орналаса салуым керек еді» деп өкпе-назын айтты. Сөйтсем, оның сыныбында негізінен бай-байшыкештердің балалары оқиды екен.
«Кім болам?» деген тақырыпта тәрбие сағатын өткізіпті. Сонда оқушыларының бірі: «күнде бір киіммен жүретін, қарапайым телефон ұстайтын, не үйі, не күйі жоқ, ешкімге сөзі өтпейтін сіз секілді мұғалім болғанша, бай болғаным артық. Әкем секілді бизнесмен боламын» депті. Әлгі оқушыға ақылын айтып, ескерту айтып жатқанда, екіншісі тұрып: «мұғалім сіз бізге ұрыспаңыз. Ескертулеріңіз өзіңізге. Сіз Әлидің әкесі кім екенін білмейсіз ғой. Осы айтқан сөздеріңіз үшін шағым түсірсек, сізді мектеп директоры да қорғай алмайды» депті.
Әлгі оқушылардың сөзінен кейін ол ата-аналар жиналысын өткізіп, балаларының осындай тәрбиесіз қылықтары мен ерсі сөздерін айтпай ма. Сонда олардың ата-аналары балаларынікі қате екендіктерін түсініп отырса да, бәрі өз балаларын жақтап шыққан.
Сондай күндердің бірінде указкамен бір оқушыны нұқып қалыпты. Әлгі оқушы әкесіне қоңырау шалып, ұстазы оған қол көтерді деп айтады. Бірден әкесі жетіп келіп, басың екеу болса кәні жауап бер деп, мектеп директоры екеуінің үстінен сотқа арыз түсіреді. Осындай өрескелдіктерді көргенше, аудармашы болғаным артық деп, әлгі құрбым Астанадағы аударма кеңселерінің біріне жұмысқа ауысып кетті. Міне, осылайша балаларымен бірге мұғалімге қарсы шығатын өркөкірек ата-аналар көбейгендіктен, оның үстіне қоғамда орын алып жатқан теңсіздіктерден кейін ұстаз беделі өте төмендеп бара жатыр.
Жалпы, мұғалімдер мәселесі айтылып та, жазылып та жүр. Бірақ, оларға қалқан болатын нақты жүйелі бағдарлама әлі де жоқ. Естеріңізде болса, министр бір алқалы жиында: «мұғалімдер қоғамдық жұмыстарға жегілмейді» деп айтып еді. Дегенмен, бұл проблема әлі де шешілмей келе жатыр. Себебі, сайлау бастала ма, ұстаздар жүгіреді.
Қоғамдық іс-шаралар дей ме, тағы да ұстаздар қатыстырылады. Өздерінің күнделікті сабақ беруі, қағазбасты жұмыстары бастарынан асып жатқанда, оларды қоғамдық істерге араластырсаңыз, тіпті де жүнжіп кетпесіне кім кепіл?! Елбасының биылғы Жолдауындағы ұстаздар беделін арттыруға қатысты айтылған міндеттер қаншалықты орындалатыны алдағы уақыттың еншісінде.
Қазіргі таңда мұғалімдер екі кеменің басын ұстаған жандар. Егер мұғалімнің шын беделін қорғап, абыройын асырғымыз келсе, меніңше «Мұғалім құқығы мен беделі туралы» заң қабылдағанымыз жөн сияқты. Жыл сайын ондаған заңдарды қабылдап, оған өзгертулер енгізіп жатамыз. Осы орайда, мұғалімдердің құқығына қатысты заң қабылданса, олар қосымша жұмыстардан да босатылатын еді. Онда жергілікті әкімшілікке барып, өздеріне қатысты заңдық норманың бұзылғандығын алға тарта алатын болады. Ешқандай құжаттық норма болмай, «мұғалімдерді қоғамдық жұмысқа жекпеңдер» деген сөзді министр айтсын, басқа бір қарапайым адам айтсын, бәрібір ол сол күйінде қала береді. Білім саласының мамандары мен мұғалімдер үшін Ерлан Сағадиев мырза министр шығар, бірақ, әкімдер үшін олай емес. Сол үшін міндетті түрде мұғалімдердің құқығын қорғайтын заңдық норма, ресми құжат болғаны дұрыс.
Р.S. Жоғарыда баяндалған жағдайлар мұғалімдерді қорлайтын, беделін түсіретін оқиғалардың бер жағындағылары ғана. Бұдан да асқан өрескелдіктерді естіп-біліп, тіпті, көріп жүрміз. Ендеше, қоғамның ұстазға деген құрметін арттыру үшін арнайы заңды құжат қабылдамай болмайды. Осылай қайталана берсе, болашақта жастарымыз мұғалімдіктен жиреніп, мұндай құрметті мамандыққа бармаулары мүмкін. Еліміз көркейіп, гүлденуі үшін білімді ұрпақ керек. Ал, сол білімді беретін ұстаздар…

Ырысалды Шамшиева.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар