Ресейде туып, Атбасарда қазақ мектебін ашқан ұстаз

1990 жылдың күзінде Атбасарда тұратын әпкемнің үйіне барғанымда мұнда қазақ мектебі ашылып, жергілікті ұлт өкілдері қуанып жатыр екен. Өйткені, бір жарым ғасырлық тарихы бар Атбасарда сол кезге дейін бірде-бір қазақ мектебі болмапты. Қазақ балалары орыс мектебінде оқып, орысша тәлім алып келген екен.

Ол кезде мен Қарағанды педагогикалық институтының көркемсурет және графика бөлімінің соңғы курсында оқитынмын. Атбасар қалалық білім бөлімінің меңгерушісі Роза Ғазизқызы Омаровамен сол жолы кездесіп, танысқан едім. Ол кісі бірден: «Бізде қазақ мектебі ашылып жатыр. Ұстаз мамандар жетіспейді, бізге кел» деп қолыма шақырту қағазын берді. Содан не керек, 1991 жылдың қыркүйек айында жолдамамен Атбасар қазақ орта мектебіне мұғалім болып келдім. Жас маман ретінде сурет пәнінің мұғалімі болып қызметке орналастым.
Ұлағатты ұстаз, білікті басшы Роза Ғазизқызы өзі іргесін қалаған қазақ орта мектебінің өсіп, қалыптасуына зор үлесін қосты. Мектепке мұғалімдер ауадай қажет еді. Қазақ тілінде сабақ беретін мұғалімдер жетіспейтін. Осындай қиын сәтте мамандарды жан-жақтан шақырып, оларға жағдай жасау оңай болмайтын. Міне, сол бір ауыр кезеңде оның тікелей атсалысуымен қазақ мектебі жұмысын бастап, қазақ тілінде оқытуды жолға қойылды. Бұл әрине, айтуға ғана оңай, іс жүзінде өте қиын шаруа еді. Сол тұста аудан, қала басшыларының бәрі дерлік өзге ұлт өкілдері болатын. Жаңа құрылып, жұмыс істей бастаған славяндардың «Лад» қоғамы да қазақ тілінің өріс алуына барынша кедергі жасап бақты. Осындай қиындықтарға қарамастан, Роза Ғазизқызы бастаған мектеп ұжымы қазақ тілін өрістетуге барынша атсалысты. Ал, 1993 жылы Мариновка ауылында да қазақ орта мектебі ашылып, қазақ мектептері толыға түсті.
Роза Омарова 1941 жылдың 5-ші қыркүйегінде Ресейдің Кемеров облысы Белов қаласында дүниеге келген. 1959 жылы Алматы қаласындағы Қазақтың әйелдер педагогикалық институтына оқуға түседі. 1963 жылы математика және физика мамандығы бойынша бітіріп шығады. Жас комсомол қыз 1967 жылы коммунистік партияның мүшелігіне қабылданады. 1975 жылға дейін Атбасар қаласындағы №1 орта мектепте математика және физика пәндерінен шәкірттеріне дәріс береді. 1975-1983 жылдар аралығында Атбасар аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы болды. Ал, 1983 жылдан зейнет жасына шыққанша Атбасар қалалық білім бөлімінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарды. Қаншама жас мұғалімдерді тәрбиелеп, ақыл кеңесін беріп, үлгі бола білді. Халыққа білім беру саласындағы айрықша еңбегі үшін 1992 жылдың
28-ші шілдесінде «Қазақ ССР-нің халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісін иеленді. «Еңбек ардагері» медалі, «Социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгісімен марапатталды.
Роза апайымыз бүгінде арамызда жоқ. Бірақ, оның өңірдегі білім саласын, оның ішінде қазақ мектептерін ашып қалыптастыруға сіңірген еңбегі ешқашан ұмытылмайды.

Темірбек ҚАСЫМЖАНОВ.
Атбасар ауданы.

Суретте: №7 қазақ орта мектебі ұжымы. Бірінші қатарда (сол жақтан екінші) мақала авторы, төртінші тұрған қалалық білім бөлімінің меңгерушісі Роза Ғазизқызы Омарова. (Сурет Атбасар тарихи-өлкетану музейінен алынды).

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар