Басты мақсат – лайықты зейнетақымен қамтамасыз ету

2018 жылдан бастап зейнетақы заңнамасындағы қандай өзгерістер күшіне енгендігі туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының Ақмола облыстық филиалының маманы Динара Мұхтарқызы Жәниева айтып береді.

– 2018 жылдан бастап әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасын ұлғайту және базалық зейнетақыны есептеуге қатысты өзгерістер күшіне енді. Бұл ретте базалық зейнетақыны тағайындауда 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі, сондай-ақ, зейнетақы жарналарын төлеумен расталатын, 1998 жылдан кейінгі еңбек өтілі ескерілетін болады. Бұдан басқа, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан берілетін зейнетақы төлемдерін есептеу тәртібі мен оларды алу кестесі де өзгеріске ұшырады.
–Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан берілетін зейнетақы төлемдерін есептеу тәртібі мен оларды алу кестесі өзгеріске ұшырады дейсіз, сол жайлы толығырақ айтып берсеңіз?
– 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап БЖЗҚ-дан міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдері тек ай сайын ғана жүзеге асырылатын болды. Егер Қорға жүгінген күні зейнетақы жинақтарының сомасы ең төмен зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспаған болса, оларды толығымен алуға мүмкіндік бар екендігін тағы да еске саламыз. 2018 жылы бұл сома: 33 745 х12 = 404 940 теңгені құрайды. Бұл сомадан артық қаражаттың барлығы тек ай сайын төленеді. Қорыта келе айтар болсақ, БЖЗҚ-дан төленетін ай сайынғы зейнетақы төлемдерінің мөлшері Үкімет Қаулысымен бекітілген Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру әдістемесіне сәйкес, зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасының он екіден бір бөлігі ретінде (12/1) айқындалады. Әдістеме бойынша зейнетақы жинақтарының сомасын, алушының тиісті жасындағы зейнетақы жинақтарының ағымдағы құнының коэффициенті ескеріледі. Зейнетақы жинақтарының ағымдағы құнының коэффициенті – зейнетақы жинақтарының инвестициялық басқаруда болған мерзімін есепке ала отырып, олардың болашақтағы құнын ескеретін көрсеткіш. Зейнетақы төлемдерін алушының жасына қарай оның зейнетақы жинақтарының сомасы тиісті коэффициентке көбейтіліп 12-ге бөлінеді. Одан шығатын сома зейнетақы Қорынан жүзеге асырылатын ай сайынғы төлем болып табылады. Бірақ, ай сайынғы зейнетақы төлемдерінің мөлшері тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан төмен болмайды.
– Базалық зейнетақыны есептеу тәртібі өзгере ме?
–Иә, базалық зейнетақыны есептеу тәртібі өзгереді. 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекеттік бюджеттен төленетін базалық зейнетақы еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін ескере отырып тағайындалады. Бүгінде базалық зейнетақы барлық зейнеткерге 14466 теңге көлемінде төленеді (ең төменгі күнкөріс деңгейінің жартысынан сәл жоғары). Сонымен, зейнеткердің 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін еңбек етіп және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл және одан төмен болған жағдайда, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызын құрайды. 10 жылдан асқан әрбір жыл үшін оның көлемі 2 пайызға ұлғайтылып отырады. Ал, 33 жыл және одан жоғары болғанда базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызына тең болады және одан асырылмайды.
– Басқа елге қоныс аударған, не болмаса зейнет жасына жеткен адам зейнетақы жинақтарының төлемін рәсімдеуге қандай құжат тізбесі қажет екенін қайдан біле алады?
– «БЖЗҚ» АҚ-ның ұсыну тәсіліне қарай кеңсеге өзі келген кезде пошта байланысы арқылы, электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, «БЖЗҚ» АҚ веб-сайты арқылы (үшінші тұлға арқылы) білуіне болады. Зейнетақы жинақтарының төлемін рәсімдеуге қажет барлық құжат тізбесін, оларды рәсімдеуге қойылатын талаптарды, өтініштердің бланкілерін, сенімхаттардың үлгілерін, кеңселердің мекен-жайларын, жұмыс тәртібін және байланыс телефондарын www.enpf.kz «БЖЗҚ» АҚ ресми сайтынан таба алады. Онда ақпарат үнемі жаңартылып тұрады, сондай-ақ, байланыс орталығының 1418 телефонына хабарласа алады (Қазақстан аумағында қоңырау шалу тегін).
– Зейнетақы жүйесін жаңғыртудың басты мақсаты не?
– Зейнетақы жүйесін жаңғыртудағы бас-ты міндет – оны нығайту және зейнетақы төлемдерінің тиімділігін арттыру.
Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру заңнамасы зейнетақыны әр түрлі төлем көздерінен берілетін төлемдер жиынтығы ретінде қарайды. Бұл төлем көздері: мемлекеттік бюджеттен төленетін зейнетақылар (ортақ зейнетақы) және салымшының өзінің зейнетақы жинақтары (жинақтаушы құрамдауыш, БЖЗҚ-дан төлемдер). Бұл жердегі басты мақсат – зейнет жасындағы азаматтарды тұрақты негізде ай сайын лайықты зейнетақымен қамтамасыз ету.
– Әңгімеңізге рахмет!

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар