Ерліктері ел есінде

Қасіретті ауған соғысының жарасы жазылмайтыны анық.  10 жылға созылып, ұзақ шиеленіске айналған бұл соғыс екі жаққа да тиімсіз іс болды.

 

Қазақстаннан оған 22 мың жас өрен қатысып, олардың бір мыңға жуығы қаза тапты, сонша адам мүгедектер қатарын көбейтсе, 21 адам іс-түссіз жоғалып кетті. Біздің ауданнан 43 жауынгер қатысса, олардың 3-еуі түрлі шайқастарда көз жұмды. Атап айтсақ, прапорщик А.Шәйкенов 1986 жылдың наурызында қайтыс болды. Зираты өзінің туған ауылы Шінетте. Софиевкалық В.Ульянов 1983 жылы қарашада, М.Тоқмағамбетов 1982 жылы қазан айында ерлікпен қаза тапты.
Ақмол орта мектебінде осы айтулы ауған соғысы оқиғасының 26 жылдығына байланысты мемориалдық ерлік тақтасының ашылу салтанаты өтті. Ол аудан орталығындағы мектепті бітірген азаматтар, Кеңес әскерінің офицерлері Р.Жақыпов пен А.Шпанбергер сияқты батыр азаматтарымыздың құрметіне қойылды. Екеуі де қиян-кескі ұрыстарда интернационалдық борыштарын өтеу үстінде қаза тапқан.
Салтанатты жиында ауданымыздың белгілі дәрігері Зейнеқабиден Жақыпов баласы Русланның оқудағы алғырлығы, Отанына деген сүйіспеншілігі туралы толғана сөз сөйлеп, көзіне жас алды. Интернационалист-жауынгерлер жиналған жиында ел алдында Халық Қаһарманы, Мәжіліс депутаты генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев та жалынды патриоттық сөзін айтты.
– Ұлы Отан соғысының жөні басқа болатын. Онда біз жау қолында қалған елімізді азат еттік, халықтың құрметіне бөлендік. Ал, Ауғанстанда   бізге жылы шырай танытқан ешкім болмағанын білесіздер. Айналамыз толған жау болды. Бірақ, біздің азаматтарымыз бабаларының көрсеткен ерлік жолдарынан таймады.
«Родина» агрофирмасының бас директоры,  Қазақстанның Еңбек Ері Иван Сауэр өзінің оқыған алтын ұясында рухы жоғары сөздер айтты. Ол ұшқыш Александр Шпанбергерді көргенін, соған қарап бой түзегенін мақтанышпен еске алды.
Жиында аудан әкімі Мәлғаждар Тәткеев Ауғанстан соғысына қатысқан ардагерлер мен олардың ата-аналары, ағайын-туыстары алдында алғысқа толы сөзін айтып, ауданның құрметті қонақтарымен бірге, мемориалдық ерлік тақтасының алдына гүлге толы себеттерді қойды. Мектеп ұстаздары мен оқушылары жиналған қауым алдында театрландырылған «Ерлік сабағынан» үзінділер көрсетті.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің халыққа арнаған бір үндеуінде былай деген: «Біз өзіміздің экономикалық хал-ахуалымызды көтерген кезде өзінің туған елі мен халқы үшін әрбір кезде, әрбір жағдайда қымбат өмірлерін қиған адамдарды ұмытпауымыз керек. Оларға құрмет көрсету – біздің айнымас міндетіміз».
Отан деген әрбір адам үшін ұлы ұғым болуы керек. Соның айғағындай болған Ақмолдағы шара жастарымыз үшін де бұл ұмытылмас қағидаға айналуы тиіс.
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.
Суретте: Халық Қаһарманы, Мәжіліс депутаты генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, Қазақстанның Еңбек Ері Иван Сауэр мен ауған соғысында қаза тапқан жас офицер Русланның әкесі Зейнеқабиден Жақыпов.
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар