Жаңа жол – жаңа мүмкіндіктер қайнары

Біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың терең мазмұнды Жолдаулары арқылы жасампаздыққа қадам басқан елміз. Соның ішінде 2014 жылғы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» аталатын нұсқаулық құжаттың маңызы айрықша. Мұнда «Қазақстан – ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр аумақтың иесі», – деген тәмсілге ерекше екпін түсірілгені есімізде. Бұл мақтан үшін айтылған әдемі сөз емес. Әлем ауанындағы саяси-экономикалық сын дүмпулер серпілмей тұрған шақтағы аяқалысымыздың нықтығын, рухымыздың биіктігін кез келген істе, кез келген көріністе дәлелдей білу баршамыздың асыл борышымыз екендігі алға тартылған. Бүгінгі күніміздің шындығы мақсат айқындығының мәртебелі жемісін айшықтап отыр. Осы орайда, көп тармақты көлік логистикасының «Нұрлы жолдың» күре тамыры деңгейінде бағалануына разы боласыз.

 

Өмірдің өзегі, бақуаттылықтың қайнары

Жолдауда жол туралы жеткізіп айтылды. Бұл ретте Қазақстандағы алты жолақты заманалық күре жолдың алдымен Астанадан Бурабайға тартылғанын ақмолалықтар мақтан етеді әрі үлкен жауапкершілік тұтады. Қазір 230 шақырымды қамтитын автобанымыздың құрылысы Петропавл қаласына жақындап қалды. «Қазақстан Республикасының автомобиль жолдарын дамыту тұғырнамасына сәйкес» «Астана-Петропавл» жолы Орта Азия мен Ресейді транзиттік тасымал арқылы жалғастыратын қазақстандық көлік дәлізі саналады. Президенттің 2002 жылғы 28 қарашадағы Жарлығымен аталған жолға Халықаралық мәртебе берілді. Ендігі жерде автобан Омбы, Қорған және Челябинск қалалары арқылы, Ресеймен үш бағыттағы байланысты қамтамасыз етеді.
Жаңа жолдың республика аймақтарының өзара байланысын жақсарту арқылы елдің ішкі әлеуетін арттырудағы маңызына да Жолдауда тиісті баға берілді. Сондай-ақ, Щучинск-Бурабай курортты аймағында қазақстандық туристік кластерді қалыптастырудағы автобанның үлесі орасан екендігі бүгінгі жарқын істерден айқын көрінуде. Басқасын санамағанның өзінде, осынау көркем өңірде Президенттің Іс басқармасына қарасты «Бурабай» мемлекеттік ұлттық-табиғат бағы, «Бурабай» арнайы экономикалық аймағы, «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығы, бұрын болмаған әлемдік деңгейдегі «Риксос» отелі, «Қазақстандық Лапландия» ертегі қалашығы құрылып, отыздан астам санаторий, спорттық және мәдени кешендер жұмыс істейді.
Алыс-беріс, барыс-келіс белсенді сипатта. Алдына күрделі міндеттер қойған жаңа тұрпаттағы көлік логистикасы қалыптасып, тиісті қайтарымдар да беріп жатыр. Үлкен жол облыстық, жергілікті маңыздағы жолдардың қызметін де ширатып тұр. Жалпы, Ақмола мен Бурабай аумағындағы жол атаулының негізгі мақсаты мен ұстанымдық саясаты, біріншіден, қазақстандық және шетелдік туристердің өскелең талабына жауап беретін жоғары тиімділіктегі әрі бәсекеге қабілетті туристік инфрақұрылымды қалыптастыру, аймақта экологиялық таза көлік логистикасын құру (шағын авиацияны қосып есептегенде) және туристік қызметтің бірыңғай ақпараттық базасын жасақтауға бағытталады. Екіншіден, осындағы жаңа экономикалық құрылымдар аймақтың қолайлы инвестициялық ахуалын қалыптастыру, бұл үшін отандық және шетелдік инвестициялық жобаларға жол ашу және әлеуметтік мәселелерді оңтайлы шешу міндеттерін көздейді. Сондай-ақ, Бурабай мемлекет басшылары деңгейіндегі мәжілісхана ретінде танымал болып отыр. Бүгінгі талдамалық құжаттар маңызды тапсырмалардың ойдағыдай атқарылып жатқандығын көрсетеді.

Жол бойындағы сервис – өркенділіктің белгісі

Қиял жетегіндегі кісіні, елімізде тұңғыш салынған «Астана-Бурабай» автотрассасындағы арылы-берілі алға басқан үздіксіз қозғалыс барша қазақстандықтарды «Мәңгілік Елге» бастап бара жатқандай тәтті сезімге бөлейтіні анық. Өйткені, мемлекеттік саясат пен ел мұраты баршамызды, әсіресе, жол бойындағы тіршілікті жандандырды. Ендеше өмір сапасының өрісі кеңейіп, құлпыра түсетіні де ақиқат. Оған мысалды жол бойындағы сервистік қызметтің дамуынан да іздестіріп көруге болады.
Солтүстік өңірде жол бойындағы сервистік кәсіптің оянуы «Астана-Бурабай» автобанының іске қосылуымен тікелей байланысты десек қателеспейміз. Жұрттың бәрі бұған дейін жүрек жалғап, көлігін жөндету үшін аудан орталықтарына бұрылып, уақыт ұттыратын.
Қазіргі жағдай мүлдем басқаша. Біздің қолымыздағы ескілеу дерек бойынша, «Астана-Бурабай» күре жолының бойында 32 сервистік нысан тұрақты жұмыс істейді. Оның он алтысы жанар-жағар май құю стансасы, он екісі дәмхана, төртеуі қонақ үй екен. Сондай-ақ, Ақкөл, Шортанды, Біржан сал, Бұланды аудандары маңайындағы жолаушыларға қызмет көрсету нысандарындағы іліп аларлық істер үлгі етуге тұрарлық. Мұндағы кейбір ауылдарда шағын базарлар ашылып, саңырауқұлақ, бал фестивальдері өткізілгені де көпшілікке белгілі. Бұл құптарлық қадам. Әйткенмен, бүгінгі халықаралық интеграция үрдісі жаңа тұрпаттағы, өскелең сұраныстағы қызмет жүйесін талап етеді.
Мұндай нышан бар. Соның бірегей үлгісі ретінде «Қаз Мұнай Газ Өнімдері» АҚ облыстық филиалының Щучинск қаласындағы заманалық кешенін атауға болады. Ол қалаға кіреберіс қақпаның оң және сол қапталындағы атшаптырым жерді алып жатыр. Әсемдігімен, уақытпен үндес сәулетімен алыстан қол бұлғайтын кешеннің кірме жолдары да оңтайлы ойластырылған. Мұны автобанмен қапталдас салынған баламалы жолдың барлығымен байланыстырып отырмыз.
Кешенге келген күнімізде еңбек демалысындағы бас менеджер Ерік Есімовтің міндетін Талғат Ахметов атқарып жүр екен. Елгезек жігіттің ширақтығынан істің адамы екендігі көрініп тұр. Қолындағы телефонымен әріптестеріне нұсқау бере жүріп, бізді біраз шаруадан хабардар етті.
Мұндағы алып жанар-жағар май құю стансасында 12 май құйғыш бір мезетте жұмыс істеп, көліктің кез-келген түріне қызмет көрсете алады. Германиядан келе жатқан үш автопойызға дизельді отын құйып болған оператор Мансұр Омаров өз серіктерімен бірге тәулігіне бес жүзден астам мәшинеге қызмет көрсететінін айтады. Тұтынушыларға мұнай өнімдерінің бес түрі ұсынылады екен. Кассадағы Жанаргүл Шайкенова мен Нина Коломинаның жүздері жылы. Дүкенде жолаушыларға қажетті тауарлар түрі де мол көрінді. Жалпы, жұмыстың бұл буынында 9 оператор, 7 кассир және арнаулы техниканың екі жүргізушісі жұмыс істейтінін білдік.
Сервистік кешеннің ауқымды бөлігін жас маман Игорь Проненко басқаратын техникалық қызмет көрсету стансасы алып жатыр. Мұнда екі автокөтергіш, кең алымды жүк мәшинелеріне арналған бокс, доңғалақтарды желімдеу мен жөндеу, толық автоматтандырылған көлік жуатын блок орналасқан. Игорьдің айтуынша, жұмысты бастаған төрт жылда жергілікті және шетелдік тұрақты тұтынушылар тобы қалыптасқан. Оның өзіндік жөні бар көрінеді. Ұжым көліктің моторынан бастап май ауыстыруға дейінгі қызмет желісін толық қамтамасыз етеді. Алексей Ронский, Али Эгиев сияқты жұмысшылармен қатар Игорь Проненконың өзі де қызметтің бүкіл жүйесін атқара береді екен. Жалпы, мұндағы жеті маман бір-бірін алмастыра алатындығы, жұмыстың сапасына кепілдік тұтынушылар көңілінен шығуда.
Техникалық қызмет стансасына келушілер қосымша қызмет түрлерін де пайдаланатыны назар саларлықтай. Мұндағы көліктер алдымен жуылып, компьютерлік диагностикадан өтеді. Ақаулы көліктің қосалқы бөлшектері арнайы кезекшіліктегі таксимен қала дүкендерінен алып келінеді. Тіпті, тетіктер табылмаған жағдайда диллерлік компанияларға тапсырыс жасалады. Көлік иесі уақытын жоғалтпай, тұлпары дайын болған кезде оған ТҚЖ тарапынан қоңырау соғылады.
Екі қабатты үш ғимараттың еңселісінде «Кең дала» тамақтандыру және демалыс мотелі орналасыпты. Кіре беріс алаңда балалардың ойын бұрышы жабдықталып, жазғы маусымда субұрқақ атқылап тұрады. Мотель директоры Акиф Вериев бұл нысанның 2011 жылғы Наурыз мейрамында ашылғанын айтады. Бірінші қабаттағы дәмхана 80 адамға ылайықталған. Аға аспаз Любовь Смоянинова дастархан мәзірінің молдығын, тіпті тапсырыс бойынша кез келген ұлттық тағамдарды ұсынатындарын тілге тиек етті. Мәселен, қонақжайлылық үрдісімен алдымызға қойылған шай Кавказдың таулы аймағынан алдырылып демделіпті.
Төргі үстелге жайғасқан Айдос Әбеновтің төрт кісілік отбасы күрең шай, жұмсақ қуырдақтың тіл үйіретіндігін, сондықтан, Астанаға бара жатқан жолда осында арнайы бұрылатындығын айтып жатыр. Екінші қабаттағы люкс бөлмесіне орналасқан Галина, Константин және Виктор Бакрифтердің де көңілі жайлы көрінді. Украина азаматтары Алматыдан шығып, Мәскеуге бағыт ұстаған екен. Ыдыс-аяқтар бизнесімен айналысатын кәсіпкерлер қонақ үй әкімшісі Айжан Қаратаеваның ізеттілігін, қос бөлменің жылылығын, тұрмыстық қолайлылықтардың мінсіздігін жарыса айтып жатты.

Бақберген Амалбеков.
Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар