Контрафактілік өнімнің залалы неде?

Біздің елімізде 1996 жылдың 10 маусымында қабылданған Қазақстан Республикасының «Авторлық және аралас құқық туралы» заңы негізінде зияткерлік меншік құқығы қорғалады. Бүгінгі күні бұл мәселемен негізінен әділет органдары айналысуда. Әрине, құқық қорғаушылар да контрафактілік өнімдерге тосқауыл қоюдан шет қалмай, мүмкіндіктерінше күресіп жатыр. Бұл бағытта мақсатты түрде және үзбей жұмыстар жүргізіліп келеді.

Ақмола облыстық әділет департаментінің зияткерлік меншік құқығы жөніндегі бөлімінің мәліметі бойынша, әділет департаменті 2017 жылы жұртшылық тарапынан түскен арыз-шағымдар негізінде 17 жоспардан тыс тексеру жүргізген. Осы тексерулер барысында «IKEA», «Swarovski», «FAIRY», «MacCoffee», «StarLine» сияқты фирмалардың тауарлық белгілерін заңсыз пайдаланып, контрафактілік өнім шығарған және оны сатқан жағдайлар анықталып, заң бұзушылар жауапқа тартылды. Сауда айналымынан жалпы құны 1965729 теңге болатын 1000 тауар алынып, жойылды. Қолданыстағы заң талаптары бойынша контрафактілік өнім өндіргендер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлейді және мүлкі тәркіленеді. Кейбір жағдайларда шартты түрде сотталуы немесе заңсыз тапқан табысы ұсталуы мүмкін. Мәселен, өткен жылы зияткерлік меншік құқығын бұзушылыққа байланысты 10 әкімшілік іс қозғалып, фирмалық тауар белгісін қолдан жасағандығы үшін 771460 теңге көлемінде айыппұл салынған.
Контрафакталық өнім өндірудің залалы қандай? Ең алдымен, мұндай өнім өндірушілер жасанды тауар белгісін қолданатындықтан, салықтан жалтарады. Осының салдарынан бюджетке түсуге тиісті миллиондар заңсыз кәсіпкерлікпен айналысушылардың қалтасында кетіп жатады. Екіншіден, мұндай өнімдердің сапасы фирмалық тауарлармен салыстырғанда әлдеқайда төмен, ол аз десеңіз, тіпті, денсаулыққа, қоршаған ортаға залалы да болуы мүмкін. Яғни, бұдан қарапайым тұтынушылар зиян шегеді. Үшіншіден, халыққа танымал компаниялардың тауар белгілерін пайдаланған мұндай сапасыз өнімдердің кесірінен әлгі фирмалардың абыройына нұқсан келеді. Контрафактілік өнімдердің одан басқа да залалдары баршылық.
Осы орайда, әлемнің басқа да елдеріндегі сияқты біздің елімізде де зияткерлік меншік құқығын бұзушылыққа қарсы мемлекеттік деңгейде күрес жүргізіліп келеді. Дегенмен, бұл тек осы іспен айналысатын құзырлы органдардың ғана міндеті болмауы керек, оған жалпы қоғам атсалысқанда ғана нарықты контрафактілік сапасыз өнімдерден қорғай аламыз.
Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар