Дос туралы сөз

Ағымдағы жылдың 6 ақпаны күні Қазақстанның білім саласының құрметті қызметкері, 2008 жылғы «Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Ерлан Тушанов тірі болса 60 жасқа толар еді. Бұл күні Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің Смағұл Сәдуақасов атындағы аграрлық-экономикалық институтында Қазақстан Республикасының білім саласына зор үлес қосқан Ерлан Файзоллаұлына арналған ғылыми-әдістемелік семинар өтеді және ғалымның атымен аталған аудитория ашылады.

Аудиторияға ат беру жоғары білім саласындағы ең үлкен мәртебе. Бұл мәртебе осы оқу орнына мол еңбегі сіңген, әріптестері мойындаған ғалымға ғана беріледі екен. Әрине, Ерлан досымыз бұл атаққа лайық. Өйткені, Ерлан қысқа ғұмырының 25 жылын ғылыми-педагогикалық қызметке арнаған. Кафедраның қарапайым қатардағы ассистентінен бастап, Смағұл Сәдуақасов атындағы аграрлық-техникалық институттың директорлығына дейін көтерілді. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің кафедрасын он жылдай басқарған кезінде, кафедраның үш мамандығы білім сапасы бойынша Қазақстан Республикасындағы жоғары оқу орындары арасындағы ұлттық рейтингте 2011 жылы бірінші орынды алыпты. Бұған дейін мұндай табысқа аталмыш оқу орны жете қоймаған екен.
Ғалым әрқилы басылымдарда 150-ден астам ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектерін жариялады. Төрт оқулықтың, 10 монографияның, басқа да көптеген әдістемелік еңбектердің авторы. Жаңашыл ғалым алты бірдей жаңалық ойлап тапқан болатын.
Ерлан досымыз өмірден өткеннен бері біз, курстастары оның туған күнінде бас қосамыз. Жалынды жастық шақтың қызулы да қызықты күндерін еске алсақ, ойымызға 1982 жылдың қыркүйегі түседі. Бұл кезде Целиноград ауыл шаруашылығы институтының Көкшетаудағы филиалының ауыл шаруашылығын механикаландыру факультетінің бірінші курсына түскен студенттер алғаш рет аудиторияға жиналған еді. Студенттер арасында кіршіксіз таза киінген, аспан түстес көк көзді, бұйра шашты жігіт бірден көзге ілінді. Бұл Ерлан болатын. Оқуға дейін кеңес әскері қатарында борышын өтеп келгендіктен, одан әрі жоғары оқу орнына дейін ауыл шаруашылығы техникумын үздік бітіргендіктен бізге қарағанда өмірлік тәжірибесі молдау болатын.
Жастар арасында сан алуан жайлар болып жатады. Түрлі пікірталастар да. Міне, сондай кезде Ерлан досымыз баршаға төреші. Өйткені, ол қашанда болсын ақиқатын, адалын айтады. Оның айтқан пікіріне барлығы құлақ асады. Сөйткен студент оқуда да баршамыздан алда болды. Барлық емтихандарды үздік тапсыратын және бір айта кетерлігі, емтихан кезінде сұрақтарға дайындықсыз жауап беретін. Біз де Ерланға қарап бой түзеп, білім алуға ұмтылдық. Институтты бітіргеннен кейін көп жыл өткесін оқытушымыз А.Поддубныйдың өз пәнінен студенттердің сабаққа қатысуын белгілейтін журналды көрсеткені бар. Сонда тұтас семестрде барлық топтың студенттері тек екі-ақ рет сабақта болмаған екен. Бұл Ерлан досымыздың білімге деген ұмтылысы мен тәртібі бізге үлгі болғанын көрсетеді.
Біздің курс студенттері өте тату әрі ынтымақты болды. Институтта өтетін спорт жарыстарына үзбей қатысатынбыз. Ерлан досымыз волейбол, баскетбол, футбол тәрізді спорт түрлерін жақсы көріп, белсенділік танытты. Жазғы семестрде Уәлиханов ауданындағы механикаландырылған отрядтардың құрамында егін орағына қатысатынбыз. Ерлан үнемі отряд командирі болушы еді. Егін орағы басталғанша осы аудандағы қой қораларын жөндейтінбіз. Бұрын-соңды құрылыс жұмыстарымен айналыспағандықтан, қыр-сырын көп біле бермейміз. Жан-жақты қабілетті Ерлан бұл жұмыстарды өзі атқаратын. Біз жай көмекші боп жүрдік, бірақ, еңбекақыны оның ұйғаруымен, тең бөлетінбіз.
Әуел баста табиғат дарытқан қасиеті болар, Ерлан ешқашан өз ойын, пікірін, көзқарасын білдірмей, іркіп қалған жан емес. Осындайда 1986 жылдың желтоқсанындағы дүрбелең кез еске түседі. Кремльдің саясатына қарсы бас көтерген Алматыдағы студенттер қауымының іс-әрекетін естігеннен кейін көкшетаулық ауыл шаруашылығы институтының студенттері де жатақханаға жиналды. Кремльдің қиянатын айыптап, жастар өз пікірлерін білдіріп жатса да, бәрі бесінші курста оқитын біздердің қандай шешімге келерімізді тосып тұрды. Міне, сол кезде Ерлан Алматыдағы студенттерді қолдап, Көкшетаудағы орталық алаңға шығып, үн қосуымыз керек деді. Егер оқу орнын қызыл дипломмен бітіріп жатқан, кафедрада оқытушы ретінде қалуға ұсыныс түскен ол болашағын ойлап, үндемей қалса да ешкім оны кінәламас еді. Бірақ, Ерлан ұлттық сезім оянып жатқан кезде бұғып қалмады. Кейін, 2011 жылы Ерлан «Желтоқсан ардагері» төсбелгісімен марапатталды.
Ерлан өмірден озар күні футболдан әлем чемпионаты басталып еді. Менің есіме сол сәтте 1986 жыл түсті. Біз, барлық студенттер, әрине, ортамызда Ерлан, түні бойы теледидардан әлем чемпионатын тамашалайтынбыз. Аты әлемге әйгілі Марадонаның аңызға айналған ойын өрнегін көруші едік. Сол бір шақ еске түсіп, жүрегім елжіреп кетті. Бүгін Ерланмен кездесейінші, тым болмаса телефон соғайыншы деген ой күні бойы мазалады. Чемпионатты көріп жүр ме екен, қай командаға жанкүйер екен?.. Сол күні бітпейтін қарбалас болып, қолым тимеді. Жатар алдында бір қалада тұрып, Ерланмен тілдесе алмағаныма өкіндім. Түн ортасында телефон арқылы суық хабар жетті. Жан досымыз Ерлан өмірден өткен екен.
Небары 56 жыл ғұмыр кешкен, бірақ, мынау тіршілікте көп адамның қолынан келе бермейтін адал еңбек еткен қайран да қимас достың артында қалған біздер оның жарқын жүзін, асыл бейнесін, жүрегіміздің терең бір түкпірінде өзімізбен бірге болашаққа апара жатырмыз. Бүгінгі күні мен де дос дидарын есіме алып, бір ауыз сөз айтқым келді.
Нартай ЫСҚАҚОВ,
Ақмола облыстық мәслихатының
депутаты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар