Хорға қонған қоңыр қаз

Біржан сал әндерінің концерті болады екен дегенде, елең ете қалдық.
– Онда тұрған не бар, Біржан әндері елімізде күнде шырқалып жатқан жоқ па?!– дерсіз.
Иә, Біржан салдың әндері бір жарым ғасырдан астам уақыт бойы үзбей айтылып келеді. Радиода, теледидарда, концерттерде, конкурс, фестивальдарда Біржан әндері ұдайы, күн сайын шырқалып, ұлтымыздың рухани байлығына айналды.
Алайда, мына концерт шынында да ерекше концерт!
Әуелі, бағдарламадағы ақпарат бойынша баяндасақ, Астана қаласы әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясының камералық хоры (көркемдік жетекшісі және дирижеры – Гүлмира Құттыбадамова), «Қорқыт» дәстүрлі саз тобы – (көркемдік жетекші Шолпан Қорғанбек) және жеке орындаушылар – ҚР еңбек сіңірген әртісі Қапаш Құлышева, халықаралық байқаулардың лауреаты Данияр Мұқан мен Жақсыгелді Маясаров 2 ақпан күні Біржан салдың шығармашылығына арналған «Айбозым» концертін ұсынды. Концерт «Қазақстан» Орталық Концерт залының камералық залында өтті.
Кеш бағдарламасында Біржан салдың «Бурылтай», «Жанбота», «Көкек», «Ғашығым», «Айтпай», «Ақ жорғажан», «Он саусақ», «Алқаракөк», «Жамбас сипар», «Бірлән», «Жонып алды», «Жалғыз арша» және «Теміртас» әндері орындалды.
Өткен жылғы желтоқсан айында Елбасы жарлығымен Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданы Біржан сал ауданы болып аталды. Мына концерт те сол қуанышпен үндескен өнер шашуындай!
Біржан сал әндерін қазақтың дарынды, даңқты әншілерінің қаншама буыны асқақтата салды десеңізші! Өзін қазақтың дәстүрлі әншілік өнерінің заңды өкілі санайтын өрелі әншілердің Біржанға соқпағаны, өз мүмкіндіктерін Біржан әндерімен сынап көрмегендері кемде-кем шығар. Абайды оқымаған кісі нағыз қазақ ақыны бола алмайтыны сияқты, Біржанды білмеген адам да нағыз қазақ әншісі бола алмайды.
Бірақ, бір мезетте ұл-қызы аралас қырық әнші қосылып, хормен, ешқандай музыкалық аспаптың сүйемелдеуінсіз, әрқайсысы әр да-
уыспен айтқанын бірінші рет көрдік!
Бас дирижер Гүлмира Құттыбадамованың түбі Біржан сал ауданы, Құдықағаш ауылынан. Әкесі Қази атақты дәрігер, хирург болды. Атасы Салық молда Тілегенұлы дін қайраткері, емші, елге әйгілі әулие. Осындай текті атаның шөбересі Гүлмира өнер қайраткері болып қызмет атқарып келеді. Абыройлы. Ал, мына концертінің орны тіпті бөлек! Оған халықтық дәстүрлі ән өнерін сүйетін қалың көрермен тік тұрып қол соқты! Жүрек жарды ақ тілектерін қалтқысыз ақтарып айтты.
Серік Ибраев, профессор, медицина ғылымдарының докторы: Әр ән – бір-бір спектакль сияқты әсер етті!
Қапаш Құлышева, әнші: Әуелде домбырамен ән салып тұрып, оны хормен қалай үндестіремін деп толқыдым. Қосылып айта келе, осыған байланып қалғандай болдым!
Серік Тоқпанов, профессор, медицина ғылымдарының докторы: Хордағы дауыстардың бірі нәзік уілдеп, бірі күмбірлеп, үйлесім тауып жеткізген сиқырлы әуеннің жұмбақ сырларын айқын сезіне отырып, мен рухани ләззат алдым! Бұл үлкен еңбек, оны халқымызға кеңінен насихаттау керек! Көкшетауға, Біржан сал ауданына апарып қойса, тамаша болар еді!
Серік Негимов, профессор, филология ғылымдарының докторы: Біржан сал текті елден, көрікті жерден шыққан тұлға! Арғы атасы Бертіс би, бергі атасы Қожағұлдың өзі бір-бір тарих! Біржанның әні, дауысы Көкшетаудың табиғатын көркейте түскендей! Ал, бүгінгі хордың жаңғыртқан әні байтақ даламыздың барлық қиырына жете беруіне тілектеспін!
Марат Нәбиев, техника ғылымдарының кандидаты, кәсіпкер, меценат: Көп дауыстың үндесуінен Біржан әндерінің нәзік иірімдері, жаңа қырлары ашыла түскендей болды! Алған әсеріміз керемет!
Баян Нәбиева, кәсіпкер: Дирижер Гүлмира Құттыбадамова бұл әндерді өз жан дүниесіне сіңіріп, жаңғыртып қайта тудырып отыр! Мұндай нағыз өнердің шығар биігі алда екеніне сенемін!
Сапура Төлекова, ән кешіне бір топ мұғалімдерін бастап келген, ұлтжандылығымен танымал, Астана қаласы, 76 мектеп-лицейінің директоры: Халық композиторларының туындыларына жаңаша көзқарас танытқан камералық хор баршамызды тәнті етті. Бұқараға ұлт мұрасын дәріптеудің тың жолын көрсетті. Біржан салдың әндерімен қоса, оның ізбасарларының әндерін де қалың көрермен ыстық ықыласпен қабылдады. Қазақ әнінің құдіретіне сүйсіндік.
Иә, көрермен рас айтады. Ақан серінің «Қараторғайы», Үкілі Ыбырайдың «Қалдырғаны», Жаяу Мұсаның «Ақ сисасы», Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішіндесі» хордың орындауында өзгеше әсерге бөледі.
Біржанның әншілігі, ерекше дауы-
сы да аңызға айналғаны шындық.
Бүркіттінің басынан шырқаған әні жаздың тұнық түндерінде он-он бес шақырым жердегі Степняк пен Намазғұлға дейін жетеді екен дейді ел. Ақан серінің өзі айтқан ғой: «Жердегі әнімен аспандағы құсты атып түсіретін Біржан ағамыздың дауысына дауыс жетер ме екен!» Біржан атамыз бір әнінде: «Созады Біржан дауысын қоңыр қаздай!» дейді. Қоңыр қаз дегенге, оның дауысы қоңыр екен деп қалмаңыз! Қаз қоңыр болғанмен, дауысы саңқылдаған ашық, өзге құстардан асқақ, өте биік болады!
Біржан әндері – қазақ музыка әлеміне ерекше әсер еткен қуатты құбылыс. Оның шығармалары басқа өнер туындыларында да (кино, опера, драма, т.б.) кеңінен қолданылған. Әйгілі «Біржан-Сара» операсында Біржан әуендері тұнып тұр. Өткен ғасырдың 70-жылдары шыққан «Алые маки Иссыккуля» деген атақты қырғыз киносында Теміртас әнінің лейтмотив ретінде алынып, бас кейіпкер Қарабалтаның рөліндегі асқан дарынды әртіс һәм суретші Сүйменқұл Чоқморовтың үлкен толғаныс үстінде, қырғыздардың ортасында нақышына келтіре орындауы кезінде елеулі мәдени оқиға болды. Әртістің рөлді ойнап отырғанын, ал кадр сыртында әнді орындаған – академик Өмірзақ Айтбаев екенін кейін білдік. Сол кезде, 1970-80 жылдары Біржанның «Теміртасы» әдеби, мәдени ортада өте кең таралды. Жұрттың көбі толқығанда «Ал, дүние, өтеріңді біліп едім», – деп тебіренетін, қиналғанда «Бұл күнде арық қойдан бағам төмен!» – деп күңіренетін! Мына концерт те «Теміртаспен» аяқталды. Үкілі бөрік киіп, үкілі домбырасын күмбірлетіп, жеке шырқаған әншінің дауысына үйреніп қалған халайыққа хормен айтылған «Теміртас» та ерекше әсер етті. Қазақтың ұл-қыздары аман болса, әлі де аталарымыздың әндерін ата жолымен, үлгі-үрдіспен шырқай береді деп сенеміз. Сонымен бірге, дәстүрлі өнерді түрлендіріп, жаңғырта берудің де жөні бар-ау!
Сөз түйінін көрермен ортасында таудай болып отырған қазақтың ұлттық батырының жүрекжарды ақ тілегімен түйіндесек дейміз.
Тоқтар Әубәкіров, қазақтың тұңғыш ғарышкері: Дәстүрлі қазақ әндерін камералық хордың орындауы – үлкен еңбек. Мен бүгін Біржан салдың әндерін тыңдағанда, ғарышқа қайта ұшқандай болдым! Бұл – қазақ мәдениетіндегі жаңалық!
Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар