Моноқала Азия даму банкімен әріптестігін нығайтуда

Степногорск қаласының әкімдігінде Азия Даму Банкі Қазақстандағы өкілдігінің директоры Джованни Капаннелли мен «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ғалым Нұрғазиевтің қатысуымен шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері қаралды, деп хабарлайды облыстық ішкі саясат басқармасына қарасты өңірлік коммуникациялар қызметі.

Джованни Капаннелли «Даму» қорының басшылығымен бірге «Қазақстанның жылыжай технологиясы», «Құнарлы» кәсіпорындары мен «Астана-Нан» ЖШС өндіріс аумақтарымен танысу барысында импорт алмастырудың өткір мәселелеріне назар аударып, жергілікті кәсіпорындардың жеткілікті шикізат қоры болуына байланысты, түпкілікті ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыру мүмкіндіктерін атап көрсетті.
«Степногорск – инновациялық қатынастарды белсенді қолданушы және үлкен адами капиталға ие қала. Біз мұнда қосымша құнға негізделген жергілікті өндірісті дамытуға мүдделіміз»,–деді бизнес әлемінің белгілі өкілі.
Азия Даму Банкінің микро, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған қазақстандық жаңа жобасының жалпы құны 72 миллиард теңгені құрайды. Аймақтардағы микро бизнес пен әйелдер кәсіпкерлігін қолдау жергілікті қаржы мекемелері (оның ішінде Степногорск қаласы да бар) арқылы жүзеге асырылады.
Бүгінгі күні Степногорск аумағында 4098 шағын және орта бизнес нысаны тіркелсе, мұның 3400-і нақты жұмыспен (82,4 пайыз) айналысады. Мәжіліс барысында қала әкімі Әнуар Күмпекеев мұны облыс бойынша үздік көрсеткіш деп атап көрсетті.
Азия Даму Банкі өкілдігінің директоры Джованни Капаннелли өз кезегінде Қазақстан Орталық және Батыс Азиядағы негізгі клиент және займ алушы екендігіне назар аударды. Банктің мұндағы жалпы несие қоржыны 5 миллиард АҚШ долларын құрайды. Бұл орайда, қаржының барлығы дерлік Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілеген механизмдер арқылы несиеленсе, 375,2 миллион АҚШ доллары жеке секторды инвестициялауға бағытталып отыр. 2017 жылдың қыркүйек айында 2017-2021 жылдарға арналған әріптестік стратегиясы бекітілді. Мұнда 2021 жылға қарай қаржыландыру көлемін 1 триллион теңгеге жеткізу көзделсе, 350 миллиард теңгесі мемлекет кепілінсіз жобаларды қамтитын болады.
Өкілдік директоры Азия Даму Банкі өз қызметінде үш бағытты мақсат қоятындығын атап өтті. Бұл – экономиканы әртараптандыру негіздерін нығайту, жан-жақты әрі тұрақты даму және қалыпты жасыл өсімді ынталандыру. Бұл орайда, Джованни Капаннелли бағдарлама барлық экономикалық қауіп-қатерлер мен тәуекелшілдікті ескере отырып, жергілікті контент талаптарына сай түзілгендігіне екпін түсірді.
– Степногорск жаңа инвестицияларды игеруге дайын. Бүгінгі кездесу жаңа жеңістерге бағытталған жаңа қадам. Тек қана бірлесіп және белсенді жұмыс істеуіміз керек. Сонда игі ниеттеріміз жүзеге асатын болады,–деді қала әкімі Әнуар Күмпекеев.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар