Нарықтық өрістегі үлес кеңейді

«Театр киім ілгіштен басталатынының» мән-мағынасын білсек те, тіршілік атаулы кәдімгі пештен басталатыны даусыз. «Түтінің түзу шықсын» деп жататынымыз да тегін емес. Осынау өмірлік ғақлия тізгініндегі қарапайым әрі аса қажет іспен айналысып жатқан кәсіпорынның бірі – Бурабайдағы қазандық-механикалық зауыты. Бірі дейміз-ау, еліміздегі индустриялық-инновациялық бағыттағы бірегей кәсіпорын да осы. Өйткені, Қазақстанның қай түкпіріне барсаңыз да, Бурабай қазандықтарын көресіз, игілігіне жаратып отырған кәсіпорын ұжымдарының, қалың тұрғынның ризашылығына тәнті боласыз.

–Зауытымыз бұрынғы шағын шеберханалардың негізінде 1971 жылы ашылған. Яғни, тәжірибе толыстырған дайындықпен жұмыс бастадық,–дейді «Щучинск қазандық-механикалық зауытының» бас директоры, «Құрмет» орденінің иегері, Бурабай ауданының құрметті азаматы Марат Ахметов. –Бұл қайта құру, өтпелі кезең, экономикалық дағдарыс сияқты сілкіністер уақыты еді ғой. Өндірісті әртараптандыруды да бастан кешірдік, қарап отыруға болмайтын еді. Негізгі өнімдерімізбен қатар, экскаваторлар мен автокрандарды жөндеу ісімен айналысып, тұрғын үй орамдарының коммуналдық жүйелеріне, құбыр төсеушілерге, жанар май тасушыларға, бульдозерлерге, ауыл шаруашылығы машиналарына қосалқы бөлшектер дайындаумен айналыстық.
Тіпті, зауытымыз 1989 жылы КСРО Ауыр машина құрылысы министрлігінің қарауына беріліп, «Бийскэнергомаш» ӨБ құрамында жұмыс істегені бар. Бу өндіретін КЕ сериясындағы және су қыздыратын НР-23, КВТС, КВГМ қазандықтары одақтас республикалардың барлығына жеткізіліп тұрды. Бұл өнімдер кәсіпорынның айрықша маңыздылығын аңғартады. Еліміз тәуелсіздік алғалы зауытымыз «АзияЭнергоЖобаҚұрастыру» компаниясының серіктестігі ретінде қалыпты қызметін жалғастыруда. Құйылған инвестицияның арқасында бүгінгі күн талабындағы жобаларымыз жүзеге асырылып отыр. Өнімдеріміз сұранысқа ие.
Қазіргі күні зауыт қиындықтарды еңсере отырып, технологиялық тұрғыда жаңғыртылған және әртүрлі қуаттағы сапалы қазандықтарымен танымал. Әсіресе, «Е» топтамасындағы қазандықтар кәсіпорын брендіне айналған. Бұған дейін мұнда қуаттылығы 2,5-тен 6,5-ке дейінгі бу қазандықтары дайындалып келсе, ендігі жерде 25-ке дейінгі өнімділікпен жаңа топтамадағы қазандықтар шығарыла бастаған. Бұл өнімдер өнеркәсіптік кәсіпорындарда, жеке тұрғын үй секторында жылу беру, желдету және ысытылған бу өндіруді қамтамасыз етеді. Зауыттың маркетинг және жабдықтау бөлімінің басшысы Асхат Сексеновтың айтуынша, 2017 жылы барлық өнім дайындалған мөлшерден артық көлемде сатылған. Биылғы талдамалық болжамға қарағанда дәстүрлі өнімдермен қатар, блокты-модульді қазандықтарға сұраныс барынша арта түспек. Мұны мамандар өткен жылдары облыстың 23 мектебінің ғимаратынан тысқары маңайда блокты-модульді қазандықтар орнатқанымен негіздеп отыр. Бұл төтенше жағдайларды болдырмау талабына да сай келеді.
Кәсіпорын бүгінгі экономикалық әлеуеттің биіктігін алға тартуда. Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекелестікке қабілеттілік» Жолдауында мұның басым бағыттары атап көрсетілді. Бұл орайда, Президентіміздің: «Болашағын айқындап, сын-қатерлерді күтіп отырмастан, оған табанды түрде қарсы тұра алатын халық қана жеңіске жетеді» деген тұжырымы ұжым бойына жігер қосатынын байқадық. Өндірістік өрлеу бағыты ертеңгі күнге сенімді нықтай түсетіні көрініп тұр. Мәселен, кәсіпорын 2008 жылы 562,9 миллион теңгенің өнімін өндірсе, 2011 жылы көрсеткіш 1020 миллион теңгеден асты. Ал, 2014 жылдан бастап таза пайда 2-2,5 миллиард теңгенің маңайында топтастырылуда.
Зауыттың негізгі тұтынушылары қатарында ҚР Қорғаныс министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Көлік және коммуникациялар министрлігі, «Қазақстан темір жолы ҰК» АҚ-ның барлығы сапалық тұрғыдағы біраз гәптің бетін ашқандай. Оның үстіне жыл сайын Қызылорда, Семей, Павлодар, Атбасар, Ерейментау, Қаракемер, Астраханка, Құсмұрын, Приозер, Риддер, Курчатов, Қосшы, Первомай қалалары мен Қопа стансасының, Ертіс кенішінің қазандықтарын жөндеу де Бурабай кәсіпорнының мойнында. Алматы, Астана, Ақтөбе, Атырау, Семей, Балқаш, Степногорск, Ембі, Щучинск, Ганюшкин және басқа қалаларда заманауи қазандықтар орнатылды. Ақтау қаласындағы мұнай жинақтау пунктінің қазандығы құрастырылып, табысты жұмыс істеп тұр. Былтыр Бурабай кентінде сағатына 20 гикокалорий жылу өндіретін қазандық кешені пайдалануға берілді.
Осының нәтижесінде курортты аймақтағы ұсақ қазандықтардың барлығы жабылып, әсем өңірдегі экологиялық жағдай жақсарды. Қазіргі кезде Есіл қаласында құны 6,9 миллиард теңгелік қазандықтың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Үнемі қозғалыстағы зауыттың өзге де жоспарлары көңілді көкке өрлетеді деп айта аламыз.
Ұжымда жұмыс істейтін 220 адамның орташа жалақысы биыл 105,1 мың теңгеге жеткен. Бұған қосымша, зауыттың 120 маманы республикамыздың түкпір-түкпірінде қазандықтарды орнату, іске қосу міндеттерін атқаруда. Кепілді сервистік қызметтің ауқымы да кеңейіп келеді. Жыл сайын бюджетке жарты миллиард теңгеге жуық төлемдер аударуды қамтамасыз ететін зауыттың әлеуетін күшейтуде кадр тәрбиесі шешуші орын алатынын осыдан-ақ аңғаруға болады. Мұнда еңбек адамдарын қолдау және әлеуметтік міндеттемелерді еселеу басты назарда ұсталатыны ғанибет. Кадр тапшылығын сезінбейтін кәсіпорында былтырғы жылмен салыстырғанда жұмысшылардың саны 13,2 пайызға артқан. Демек, өндіріс те кеңейіп отыр. Оларға алаңсыз жұмыс істеуі үшін барлық жағдайлар жасалған.
Щучинск қаласының тіршілік ауанын қалыптастырушы кәсіпорын жергілікті билік түзген сан алуан шараларға белсене қатысады. Зауыт кәсіптік лицейге, интернационалист-жауынгерлер одағына, күрес федерациясына, мешіт пен шіркеуге, соғыс және еңбек ардагерлеріне, ұжымның бұрынғы жұмысшыларына дәстүрлі көмек-қолдау шараларын өткізуді абзал парыз санайды. Есепке келсек, 2008 жылы 881895 теңгенің, 2009 жылы 910485, 2010 жылы 1515679, былтыр
2 миллионнан астам теңгенің демеушілік көмегі көрсетіліпті. Сондай-ақ, Ақмола өңірі мен республикамыздағы табиғат апатынан зардап шеккен елді мекен тұрғындарының ризашылығына да бөленіп отыр.
Іргелі кәсіпорында «Үздік цех», «Үздік маман», «Үздік өндіріс шебері», «Кәсібі бойынша үздік» байқаулары игі дәстүрге айналғанының тәлімдік мәні жоғары. Іріктеу талаптарының қатаңдығына қарамастан, биыл жергілікті лицейдің алты түлегі ұжым қатарын толықтырды. Бұл да жүрек жылытатын үрдіс.
– Зауыт әрқашанда нарықтағы өрісін кеңейтуді, барлық заманауи талаптарға сай қызмет етуді мақсат етеді,–дейді Марат Нұрсайынұлы болашаққа қаратып қойылған сұрағымызға орай.
– Басты ұстаным – сапалы өнім арқылы сұраныс шеңберін кеңейту. Мемлекет басшысы «Жаңғыру 0.3» Жолдауында уақыт талабындағы мәселелерді нақты түрде талдап көрсетіп, үйлесімді әрі шұғыл істерге кірісуімізді тапсырды. Әсіресе, қазіргі күрделі кезеңде «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыра отырып, отандық тауар өндірушілерді барынша қолдау қажеттігі алға қойылды. Бұл өнім шығаруда толық қазақстандық үлесті қамтамасыз етіп отырған зауыт ұжымының серпіле жұмыс істеуін, технологиялық жағынан үнемі жетілдірілу үстіндегі қазандықтарымыздың қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Кәсіпорынның айшықты төріндегі сан алуан мәртебелі марапаттар еріксіз назар аудартады. Біз бұларды санамалап жатуға уақыт шығармай-ақ қоялық. «Щучинск қазандық-механикалық зауыты» ЖШС республикалық «Алтын сапа», «Қазақстанның үздік тауары» байқауларына, «Қазақстанда жасалған» көрмесіне үзбей қатысатындығын атап өткіміз келеді. Әсіресе, ұжым өнертапқыштарының жүзден астам патентіне ризашылықпен қол соғасыз.

Бақберген Амалбеков.

Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар