Аты ұранға айналған Байтайлақ батыр

Қазақ тарихының ең бір ауыр кезеңі қазақ пен жоңғар арасында жүз жылға созылған ала шапқын, қанды қырғын еді. Қазақ хандығының іргесі шайқалды. Берекесі кетті. Босқан ел Сырдан ауып, Ор, Жемге дейінгі жерлерге кетті. «Елімайлап» зар төкті. Хандары тарықты. Халқы талауға түсті. Осы бір тар кезеңде елі үшін атқа қонып, шашақты найза ұстап ұрандап шапқан батырлар аз болмады. Тегінде қазақта «ақ білектің күші, ақ найзаның ұшы» деген тәмсіл осыдан қалды. Сондай қолбастаған батырлардың бірегейі Бәйімбетұлы Байтайлақ батыр. Ол, шамамен 1695 жылы туып, 1745 жылы дүние салған. Байтайлақ батыр Сібір түбегі деп аталатын жерде дүниеге келген. Бұл дерек ескі жылнама, жазбалар негізінде дәлелденген. Әкесі Бәйімбет те ту ұстаған батыр болған. Атасы Құтымбет, лақап аты Ұзынмылтық.

Осы Ұзынмылтық он екі ата Абақ Керейдің бір жуан руы – алты Шерушінің бірі болып саналады. Ол жауға мылтықша атылатын мінезді адам болғандықтан Ұзынмылтық аталып кетіпті. Ұзын шиті мылтық асынып жүретін асқан мерген адам болған деп те айтылады. Ұзынмылтық атауымен өсіп рулы елге айналған. Байтайлақ батырдың есейген шағы кескілескен қанды қырғынға толы болды. Атадан жалғасқан батырлықтың үлгісін көріп өскендіктен болар, он үш жасында қолына қару алып, атқа қонып, алғашқы жорықтарын Тәуке ханның соңғы шайқастарында бастайды. 1718 жылғы «Аягөз» шайқасында қазақ қолы қатты қарсылыққа тап болып, кері шегінуге мәжбүр болатын шайқаста Байтайлақ батырдың аты өліп, жаяулап жүріп шайқасып, қалмақтың атаулы үш батырының басын алып көзге түседі. Ақпатша 1719-1721 жылдары зеңбірекпен қаруландырған қалмақтар Сібір түбектегі қазақтарды бері ығыстыруға мәжбүр еткен қанды қырғында өзге қаруластарымен бірге жауға қарсы тойтарыс бере отырып, елді аман алып шығады. Сол қанды қырғынның соңы 1723 жылғы шығыстан қаруланған жоңғардың жойқын шабуылы жаппай қазақ даласын «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» ұластырды.1724 жылы Бөгенбай бастаған шайқаста да аянбай шайқасқан. Ал, 1726 жылы Әбілхайыр ұйымдастырған жеңісті жорық әйгілі Бұланты шайқасында Байтайлақ батыр ерекше көзге түседі. Қазақ жасағы, қатарлас қаруластары Байтайлақ батырды жекпе-жекке шығарып, «Байтайлақтап» атын шақырып ұрандатып, аруақтандырып, жігерлендіріп, қолдап, көтермелегенде жекпе-жекте жан шыдатпастай қарқынға ие болып арқаланып кеткен. Сол екпінмен жекпе-жекке шыққан жоңғар батырымен сайысып жүріп оқыс қимыл кезінде темір сауытының етегінен жік тауып жұқа шаптан жарып жіберген. Ат үстінен ішек қарыны жерге ақтарылып түсіп, жаны шығып та үлгермеген жоңғар батырының салақтаған қанжоса ішек қарынын көрген, жан ұшыра шыңғырған ащы дауысын естіген жоңғарлардың мысы басылып, үрейін ұшырып, қазаққа өр рух, үміт сыйлайды. Сол қарқынын байқаған қаруластары «Байтайлақтап» атын шақырып ұрандап жігерлендіріп жібергенде қарқын алып екпінімен жаудың тобына қаққан сынадай топты жарып кіріп жайпайтын, алды-артынан алдырмайтын айлалы батыр болғаны ел ішінде сақталған. Солтүстік өңірде сақталып айтылып бізге жеткен «алды-артынан алдырмас аруақты Байтайлақ батыр» деген бір ауыз танымдық сөздің өзі біраз нәрсені баяндап тұрғандай. Алды-артынан алдырмас, алғырлығы, оның еңсегей бойлы, ұзын қолды, шалыс қимылды, аса толық болмағанын көрсетеді. Еңсегей бой, ұзын қолын пайдаланып қарсыласы кім болса да өте жақындатпай алыстан қармайтынын көрсетсе, алты айырлы деген бір ауыз сөз алты руды меңзесе керек. Байтайлақ батырдың Бұланты шайқасында ерекше көзге түсуіне тағы бір дәлелі 1729-1730 жылдарының шамасында жас Әбілмансұр «Абылайлап» шауып жоңғардың батыры Шарыстың басын алатын жеңісті жол Балқаш көл шайқасында «Ұрандап шапты Байтайлақ!» деп тарихи жырда жырлануы оның рулық ұранға айналып қолбасшы болғанын көрсетеді. Тарихи жырларға енген батырлардың барлығы да үлкен және кіші рулардың қолбасылары болғаны баршаға аян. Сол дәуірде соғыссыз да тыныш уақыт мүлдем болмағанға ұқсайды. Тек жоңғардың жойқын шабуылы ғана емес Ақпатшаның арандатушылығы да аз болмаған. 1737 жылы Байтайлақ батыр Ертіс пен Тобыл арасында жүрген елдің ықпалды ел ағасы болғаны айтылады. Сол тұста орыс бұзықтарына соққы берумен қатар тұтқынға алып, есе қайтарып, тұтқынға тұтқын айырбастағаны туралы тарихи деректе кезігеді. Ол ержүрек батыр ғана емес ұшқыр ойлы саясаткер, білімді де білікті дипломат, жан-жақты қоғам қайраткері болғанын солтүстік өңірде өмір сүргенін айшықтайды.(Ирина Ерофееваның кітабынан). 1740 жылы сол өңірге Қалдансері қыста үш рет жойқын шабуыл жасайды. Қолбасылары Цэвдін мен Шарманжи деген бахадүрлер болған. Үш ретінде де қазақ қолы көп қырғынға ұшыраса да жеңіске жетеді. Байтайлақ батыр солтүстік өңірдің тумасы болғандықтан, осы өңірдегі барлық дүрбелең шайқастардан қалыс қалуы мүмкін емес. Ол солтүстіктің өңірлік тума батыры. Барлық ғұмырын ат үстінде қазақ даласын қорғауға арнаған. 1745 жылы Қалдансері қайтыс болғаннан кейін Абылай хан қазіргі Орталық Қазақстан өңірінен Солтүстікке қарай жойқын тазарту жорығын жасайды. Ең үлкен шешуші шайқастарының бірі еді. Осы шайқасты ғалым, академик Манаш Қозыбаев та нақтылап, дәлелдеп тұжырымдаған. Ел арасынан жинаған аңыз әңгімелерді басшылыққа алар болсақ Байтайлақ батыр осы шешуші шайқаста қапыда қаза болғанын аңғару қиын емес. Байтайлақ батырдың қарулас серігі, аталас етжақыны Байғараұлы Киікбай батыр да 1745 жылы соғыс алаңында қайтыс болғаны ғылыми түрде дәлелденген. Көзден кеткен соң, сөзден кетері анық. Сол тұстан кейінгі тарихи жырларда Байтайлақ батырдың аты мүлдем аталмайды. Ол батырдың өмірден ертерек өткенін айшықтайды. Байтайлақ батырдың зиратына ең жақын Талшық ауылының тұрғыны, сол өңірдің тумасы, жүзге таяп қайтыс болған көнекөз қарияларымыздың данышпан абыздардың бірегейі Төлеубай Әлімов ақсақал Байтайлақ батыр туралы әңгімесін осылай бастаған: «Әйгілі Байтайлақ батыр туралы аңыз өте ертеден басталады. Қазақ қай заманда да өзінің ардақтыларын ұлықтап ұмытқан емес. Оның бүгінге дейін аты өшпей бізге жетуінің өзі ерекше дарынды жаужүрек батыр болғанының дәлелі. Өзімнің көзіммен көргенім, Ұлы Отан соғысы кезінде жұртшылық Байтайлақ батырдың басына өгіз арба, ат арбаман келіп зиярат етіп, соғысқа кеткендер жеңіспен аман келсін деп тілеп, түнеп, көзге ілікпей таңда ерте кетіп жүретін еді. Сол кездегі қариялардың айтуынша, осы өңірде әр жерде тарау-тарау қазақ ауылдары мекендеген. Сол қазақ ауылдарына жоңғар жасақтары жол-жөнекей тұтқиылдан шабуыл жасап, қырғынға ұшыратып отырған. Ақжар ауданы қазіргі Үлгілі ауылының (Колос) арғы жағында «Қызыл оба» бар. Бұрынғы Ленинград ауылынан 4-5 шақырым жерде «Қара оба» бар. Бұл екі обаның да асты қуыс, қалмақ жасақтары жасырынуға арналған жертөле орындары болған деседі. Күндіз көрінбей жасырынып, түнде қазақ ауылдарына шабуыл жасап, қырып, мал-мүлкін тартып алып отырған екен. Аты айтып тұрғандай Қызыл обада жасырынып жатқан жоңғар жасақтарына қазақтар басып кіріп қырғын салған. Адам өлімі де көп болған. Сол маңға бертін кісі қоюға жер қазғанда, бір метрге жуық ұзын-ұзын жілікті адам қаңқаралы шыққан. Қызыл обаны қасқыр, түлкі мекендеп, үңгір-үңгір ін жасаған. Сол кезде де адам сүйектері шығып қалатын еді. Бертін тың игеру келген соң орман, тоғай да, қасқыр да жоғалды. Обалардың асты қуыс болып, Қара оба төмен ойылып түсіп, бертін шұңқыр болып қалды.
Шешуші бір үлкен шайқаста қазақтар да, қалмақтар да көп қырғынға ұшырайды. Ақыры қалмақтар ойсырай жеңіліп, қалғаны жан сауғалап қамыс, ағаш аралап, қашып құтылып кетеді. Байтайлақ батыр сол шайқастан жайбарақат жолдастарымен келе жатқанда қалмақтардың қашқан жасақтары Қара обаның маңында ағаш арасына жасырынып, Байтайлақ батырдың артынан жауырын ортасынан садақпен бірнеше рет атып, жарақаттайды. Жебенің ұшы алынбай батыр қатты жарақат алады. Жеткен жері қазіргі оның жерленген жерінің маңы деседі. Байтайлақ батырмен бірге қаруластарынан да бірнеше адам жазым болады. Сонда Байтайлақ батыр өсиет етіпті: «Мені осы төбеге жерлеңдер, су көтерілсе жетпесін. Атығай, Қарауыл, Керей, Уақ мекені болар. Төбеден қарап жатармын. Мен жатқанда бұл өңірде қалмақтардың ізі де қалмас», – деген екен дейді. Осы төбеге өзімен бірге қатарлас қайтыс болған адамдарды жерлейді. Батыр жерленген төбені «Батыр төбе» деп атап кетіпті. Талшық ауылына көрші Кішкенекөл ауылында тұратын ССРО, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ардагер журналист Сағидолда Икеновтің жазбасында: «Байтайлақ батырға келсек, ел аузында ежелден бар. Бір дерек бойынша ол жоңғардың батыры Дұғыржаптың басын алады. Бұл жекпе-жек қазіргі Дұғыржап ауылының маңында болған. Сол маңда Дұғыржаптың зираты болуы ықтимал. Біз жоңғарларды өзімізден кем санайтынымыз бар. Шындығында олай емес. Әйтпесе жер үшін жойқын, қырғын шайқастар ашар ма еді. Біздің өңір зерттелмеген тарихи өлке», – дейді. Дұғыржаптың басын Байтайлақ алды деген нұсқаны моңғолиялық әйгілі шежіреші Мақидолда ақсақал да тілге тиек етеді. Дұғыржап ауылының маңынан Бурабайға қарай жалғасқан бір-біріне от жағып белгі беретін қарауылтөбелер бар екені айтылады. Қазір Көкшетау қаласында тұратын алғаш рет тас қоюшы Қайырбай Зейнолдаұлы Серғазин әңгімені былай өрбітеді: «Біздің әулетке әуелден мирас болып қалғанға ұқсайды. Совет үкіметі кезінде аталарымыз жасырынып барып зиярат етіп жүргенге ұқсайды. Бертін мен ес білгелі батыр бабамыз деп әкемізбен бірге сирек болса да баратынбыз. Тәуелсіздік алған жылдары жиі барып құран оқитынбыз. Кей кездері қасиетті, киелі адам деп ауру-сырқау адамдар да келіп зиярат еткен. Байтайлақ батыр бабамыз қазақ жеріне жоңғарлар шабуыл жасағанда халқын, жерін қорғаған батырларымыздың бірі болған. Аңыз бойынша Байтайлақ батыр шайқастың соңғы шешуші сәтінде жекпе-жекке шыққан жоңғар батырымен қылыштасқанда ішін жарып, ішегін ақтарып салады. Оның сондай қарқынын, қатты қаһарын көрген жауының үрейі ұшып, қорқа бастапты. Әлгі іші жарылып өлген жоңғар батырының аяғы ауыр әйелінің ішіндегі сәбиі қатты шошығаннан түсіп қалыпты. Сөйтіп, қалмақтарға үрей туғызып ойсырата жеңген. Байтайлақ батыр сондай бір қырғында қасындағы жасақтарымен бірге оққа ұшып мерт болады. Осы төбешікке өзімен бірге қайтыс болған бес батыр қатар жерленген. Байтайлақ батыр, Майқы батыр, Байшегір батыр және басқаларының аттары белгісіз. Батырлар жерленген төбе деп «Батыр төбе» деп аталып кеткен. Халқымыз сол аманатын орындап, зиярат етіп жүрген, бірақ Совет үкіметі орнағаннан кейін қазақ халқының өткен тарихына қатысты көптеген құнды дүниелер ескерусіз қалғаны, тіпті жоққа шығарылғаны белгілі.
Енді міне, еліміз тәуелсіздік алғаннан соң, ата-бабаларымыздың аманатымен сол жерге 2006 жылы ескерткіш қойдық. Өкінішке орай, Талшықта ең алғаш үйлер сала бастаған кезде, аталар жерленген жерден құм алғанда сонда екі мәйіт артылып кетіп қайта жерленген. Моңғолияда тұратын әйгілі шежіреші Мақидолда ақсақал Байшегір-Ожық тұқымды, Майқы-Молқы тұқымды адамдары дейтіні бар еді. Жоғарыдағы Төлеубай абыздың сөзін Қайырбай Байтайлақ батыр қасиетті адам болған деп қайталап жатса, шет елде туып-өскен, Байтайлақ батырдың зиратын мүлдем білмейтін Моңғолияның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, доктор, профессор Сұлтан Тәукейұлы жазбасында: «Байтайлақ батырдың киесі бар деседі. Қойға топалаң тисе, ел арасына ерекше індет жайласа, ауыл басылары батырдың зиратының қасына түнеп, тәуіп ететін көрінеді», – деп тіптен бекіте түседі.
Өкінішке орай, зиратын қазып, батырдың аруағын қорлаған кезең де болған. Бірақ та, қай қазақ өзі көрге түссе де, бабасының көрін қаздырып аруағын аттатып еді! Қызылдың қылышынан қан тамып тұрған кезде де қариялардың шапағаты тиіп, батырдың зиратына араша түскен. Ол туралы Кішкенекөл
ауылында тұратын Асылбек Дананов қажының өз айтары бар: «Талшық ауылы құрылып, құрылысы жаңа басталып жатқан кезең болатын. Қазіргі Талшық ауылы мен Жаңа-ауыл ауылының арасындағы төбеден құрылыс жұмыстарына қажетті құм таситынбыз. Бірде экскаватор қайта-қайта сынып жұмыс тоқырап жүріп жатты. Сәлден соң экскаватордың күрегіне адамның жілік сүйектері ілініп шықты. Құм арасына буылған шіліктің қоқымы сақталыпты. Мәйіттің бетін шілікті буып жапқан екен. Бұдан кейін Жаңа-ауыл ауылының адамдары жиылып келіп, аудан басшыларына барып, бұл батырдың зираты деп дау көтеріп, құм алуды тоқтатты. Бірақ та, бұл қай батыр екені маған беймәлім еді. Басқа адамдарға белгілі болса керек. Менімен бірге көп жігіттер болып еді, соның бірі Хайролла Әлімбаев. Бірақ, олар жоқ марқұм болып кетті». Осы тұста аңызда айтылатын Байтайлақ батыр жаугершілік заманда қайтыс болып, бетін шілікті буып жауып, белгі ретінде шоқпарын басына қағып кетіпті дейтінін тағы да растайды. Міне, бетінен шілік шықты десе әлгі моңғолиялық ғалым Сұлтан Тәукейұлы жазбасында Байтайлақ батырдың басында шоқпары қағулы қалған деп нақтылайды.
Жаңа-ауыл ауылында тұратын Мәриям Зулкишова апамыз Байтайлақ батыр туралы әңгімесін былай өрбітеді: «Осыдан елу, алпыс жыл бұрын шалым совхоз басқармасында істейтін. Бірде түсте екі қабаттап қанар қап тігіп алып кел деді. Тігіп түсте үйге алып келдім. Совхоз директоры Ибақын Төрехан екеуі түсте қапты алып кетті. Сөйтсем жер қазып жатқанда адам сүйегі шығып қалыпты. Соны жинап көмуге кеткен екен. Зираттан шығып қалған сүйектерді жинап сол жерге көміпті. Сол кездің адамдары ұйымшыл еді ғой, кешкілікте жиналып қонақ болып әңгімелесетін. Төрехан: «Бүгін өмірімде көрмеген таңғаларлық іске тап болдым. Жол бойындағы құм қазып жатқан жерден шыққан адам сүйектерін жинап қапқа салып қайта сол жерге көміп келдік. Сүйек өте ірі екен. Шамасы ортанжілік ұзындығы бір метрдей, жамбас, жауырыны күректей екен. Тегін адам емес», – деді. Сөзге Қуандық, Балташ ақсақалдар араласып: «Бұрынғылардың айтуынша бұл керей Байтайлақ батырдың зираты. Ол кісі үлкен батыр болған екен. Жоңғардың жаугершілік заманында бетпе-бет соғыста ала алмаған жоңғарлар қарауылда тұрғанда артынан атып кетіпті дейтін», – деді. Олар Байтайлақ батыр туралы көп әңгіме құратын, бірақ басқасы есімде қалмады. Ол жерді терең қазып тік жарқабақ сияқты болып қалған. Кейін қабақ опырылып құлай-құлай етегі жайылып төбе сияқты болып қалды. Бертін түнде сол зираттың маңынан келе жатқанда ұзын ақ киімді елес те көрдім. Нақ көрдім», – деді. Осы тақылеттес сол өңірде Байтайлақ батырдың оққа ұшқаны туралы аңыз жеткілікті сақталған. Зерттеулердің нәтижесінде Байтайлақ батыр туралы айтылатын аңыздардың негізгі белгілері солтүстіктегі зиратқа тиесілі екені анықталды.
1. Байтайлақ батырдың зиратында шоқпары қағулы қалған дейтін аңыз бойынша шығыстағы зират, тау тасты жерде орналасқан жақыннан тас әкеліп қоюға мүмкіндік бар, әрі жайшылықта қартайып қайтыс болды делінеді. Солтүстіктегі зираттың маңында мүлдем тас жоқ. Әрі соғыс алаңында қайтыс болса, белгі ретінде шоқпарды қағып кеткені анық.
2. Байтайлақ батырдың зиратының екі жағынан екі өзен ағады деп естігем дейтін шежіреші Мақидолданың әңгімесі солтүстіктегі зиратқа тиесілі. Зираттың екі жағында екі өзеннің үлкен екі сілемі бар.
3. Моңғолиялық ғалым Сұраған Тәукейұлының аңыз жинақтарында Байтайлақ киелі адам болыпты, қойға топалаң тисе, ел арасын ерекше індет жайласа, ауыл басылары батырдың зиратының қасына түнеп зиярат ететіні көрінеді дейтін. Солтүстіктегі зиратқа бүгінге дейін зиярат етушілер сирек болса да, үзілген емес. Бәйімбетұлы Байтайлақ батырды таныстырып жатудың өзі артық. 2015 жылы қыркүйек айында шығыста кесене орнатылып, Астанада жоғары деңгейде еліміздің барлық тарихшы ғалымдары қатысқан ғылыми конференция ұйымдастырылып, талқыланып дәлелденген. Бір өкініштісі батырдың зираты екі жерден табылып, нақты зерттеліп нақтыланбай, шығысқа кесене қойылып белгіленіп кетті. Зерттеулердің нәтижесінде Байтайлақ атты екі батыр болғаны анықталды. Қытай деректеріндегі Әмірсанамен байланысты барлық деректер кіші Қожабергеннің ұлы кіші Байтайлақ батырға тиесілі екені түбегейлі дәлелденді. 1777 жылы қыркүйек айында шығыстағы зираттың маңында Қожабергеннің ұлы Байтайлақ батыр қайтыс болғанын зерттеуші ғалым Ирина Ерофеева нақты дерекпен дәлелдеген. Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданы Талшық ауылы мен Жаңа-ауыл ауылының арасындағы зират Бәйімбетұлы Байтайлақ батырдың зираты екені түбегейлі анықталып, 2017 жылдың қараша
айында Астанада ұлыларымызды ұлықтау ұрпаққа парыз деп таныған бір топ азаматтар батырдың зиратын қоршап, құлпытас орнатты. Солтүстік өңір Бәйімбетұлы Байтайлақ батырды осы өңірлік батыр ретінде танып, Елбасының туған жерге туың тік, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңірлік басшылық назарға алып, өнегелі іске атсалысса ұлағатты іс болар еді.

Білімтай Біләлұлы.
Солтүстік Қазақстан облысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар