Облыс әкімінің есеп беру кездесуі барысында тұрғындардан келіп түскен сұрақтарға берілген жауаптар

Микрофон арқылы залдан қойылған сұрақтар
1. Бурабай ауданының Ақылбай ауылында сумен жабдықтаудың қолданыстағы жүйесі ешқандай сын көтермейді.  Су құбыры өткен ғасырдың 70-ші жылдары салынды, күрделі жөндеу жүргізілген емес.  Бұл өзекті мәселе ауыл тұрғындарымен Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің 2014 жылғы шілде айында облысқа жасаған жұмыс сапарының барысында да көтерілген болатын. Осы мәселені шешу бойынша қандай шаралар қолданылуда?  
С.Б. Омаров, Бурабай ауданы.
Жауап: Бұл мәселе облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында. 2014 жылы Ақылбай ауылындағы су құбырының құрылысы бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді бастау үшін 9 млн.теңге, ағымдағы жылы оны аяқтауға 3,6 млн. теңге бөлінді. ЖСҚ әзірленгеннен кейін жоба республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін ұсынылатын болады.  

2. Сіз жұмыс сапарымен облыс аудандарына жиі барасыз, сондықтан, өткір мәселелерді жақсы білесіз. Сіз соңғы рет ауданымызда болған кезде Щучинск қаласындағы мәдениет үйін қалпына келтіру бойынша тиісті тапсырма берген болатынсыз. Осы мәселе бойынша не істелгендігін білсек деп едік?  
Е.И.Жукова, Бурабай ауданы.
Жауап: Бүгінгі күні ғимаратқа техникалық тексеру жүргізілуде. Қорытынды алынғаннан кейін оның қалпына келтіруге жарамды-жарамсыздығы белгілі болады. Техсараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда, жобаны әзірлеу басталады, ол үшін облыстық бюджеттен 25 млн. теңге қарастырылған.  

3. Массальск тау-кен байыту комбинатын құру мәселесі жиі сөз болуда. Қазіргі уақытта бұл жағы қалай шешілуде?  
Г.М.Баегизова, Жарқайың ауданы.
Жауап: 2016 жылы «Массальск тау-кен байыту комбинаты» ЖШС-ында Массальск темір рудасы кен орнының базасында металлургиялық комбинат құрылысының жобасын бастау жоспарлануда. Құрылыстың ұзақтығы – 1,5-2 жыл. Жобаның құны – 1,1 млрд. АҚШ доллары. Жобалық қуаттылығы – жылына 1,5 млн. тонна темір қосындысы.  
Жобаның аясында шамамен 5 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Адамдардың  3 мыңы – тау-кен байыту комбинатында және 1,5-2 мыңы металлургиялық комбинатта жұмыс істейтін болады. Қосымша инвестицияларды тарту үшін биылғы қаңтар айында жоба Қазақстан-Қытай бизнес-форумында таныстырылды және Қытай тарапынан қолдау тапты. Меморандумға қол қою Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.Қ.Мәсімовтің ҚХР-ға ресми сапарының аясында наурыз айына жоспарланып отыр.  

4. Астана-Қорғалжын автожолына күрделі жөндеу қашан жүргізіледі?  
К.Т.Жұмабаев, Қорғалжын ауданы.
Жауап: Қорғалжын трассасын қалыпты жағдайға келтіру ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің қарсаңындағы өте өзекті мәселе.   
Автожолды реконструкциялау «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша «Орталық-Батыс» жобасын іске асыру аясында жоспарлануда.  Ағымдағы жылы техникалық-экономикалық негіздеме (ТЭН) әзірленетін болады, соған сәйкес реконструкцияға жататын автомобиль жолының белгілі бір учаскесі анықталатын болады, ал, жолдың қалған учаскелеріне күрделі жөндеу жүргізіледі.  

5. Көкшетау қаласының газ тарату қондырғыларын қалпына келтірудің болашағы қандай?  
С.М.Сәкенов, Көкшетау қаласы.
Жауап: Коммуналдық және жекеменшік иелігіндегі көп пәтерлі тұрғын үйлерді газбен қамсыздандыру мәселесін шешу үшін қалада 2014-2016 жылдарға арналған  ГТҚ-ыны кезең-кезеңімен қалпына келтіру жөніндегі іс-шаралар жоспары құрастырылды.  
Қолданыстағы 230 ГТҚ-ының 86-сы қаланың коммуналдық меншігінде, 144-і  жеке меншікте. 2014 жылы 230 ГТҚ-ының 50-іне 136 млн. теңгенің жөндеу жұмыстары жүргізілді.  
2015 жылы 275 млн. теңгеге  Әуезов, Абай, Пушкин, Әуелбеков, Мир, Ақан сері, Горький, Ғабдуллин, Сүлейменов, Вернадский көшелері бойында орналасқан 61 ГТҚ-ыны,  2016 жылы  60 ГТҚ-ыны жөндеу жоспарлануда.

6. Биылғы жыл Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақстан Республикасы  Конституциясының 20 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы сияқты маңызды даталарға орай мерекелерге толы жыл. Осыған байланысты Көкшетау қаласында қандай да бір іс-шара өткізіле ме?
 С.Мұқитанов, Көкшетау қаласы.
Жауап: Иә, Көкшетау қаласында, сонымен қатар, тұтастай алғанда, облыс көлемінде бірқатар іс-шаралар өткізілетін болады. Бекітілген жоспарға сәйкес мұндай шаралардың ұзын-саны 190. Ол – шығармашылық кештер, спорттық шаралар, жәрмеңкелер, семинарлар, дөңгелек үстелдер, тағы басқалары.  
Атап айтқанда, Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында «Қазақ елі – Мәңгілік ел» автошеруі, шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен кездесулер, республикалық ақындар айтысы, «Абылай» спектаклінің қойылымы, ғылыми-практикалық конференция, мұражайлық және фольклорлық-этнографиялық фестиваль жоспарлануда. Облыстық бюджеттен осы мақсаттарға 9 млн.теңге бөлу жоспарланды.
Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Жеңістің 70 жылдығына орай материалдық көмек жолымен барлық ардагерлерге қолдау көрсетіледі. Әр соғыс ардагері 400 мың теңгеден, ауған соғысына қатысушылар 100 мың теңгеден, Чернобыль апатын жоюға қатысушылар 70 мың теңгеден алады.  
Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қою, салтанатты жиын өткізу, концерт ұйымдастыру, әскери гарнизонның жеке құрамының, студент жастар мен білім беру мекемелері оқушыларының қатысуымен мерекелік шеру өткізу сияқты басты оқиғаларға соғыс және тыл еңбеккерлері көптеп тартылады.   
Барлық білім беру мекемелерінде тақырыптық конкурстар, Ұлы Отан соғысы туралы деректі фильм-дер көрсетілімі, көрмелер, әскери-патриоттық әндер фестивалі, жастардың ардагерлермен кездесулері өткізіледі.  
Қазақстан Республикасының  Конституциясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы аясында салтанатты жиналыс өткізу, концерт ұйымдастыру, жәрмеңке, халықаралық би фестивалін, облыстық достық фестивалін және т.б. іс-шаралар ұйымдастыру жоспарлануда.  
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің демеуімен Ақмола облысында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған халықаралық музейлер фестивалі өткізіледі. Фестиваль шеңберінде үстіміздегі жылдың 12 наурыз күні «Ғасырлар аманаты» деп аталатын республикалық акция ұйымдастырылмақшы. Бұл шараға республиканың өзге өңірлерімен бірге, Ақмола облысының музейлері де қатысады. «Ғасырлар аманаты» республикалық акциясының мақсаты қазақ хандығы тарихымен байланысты көне жәдігерлерді насихаттау. Акция соңында мұражай жәдігерлерін сипаттайтын  әсерлі аңыз, тарихи деректерді негіз етіп алған театрландырылған көріністер қамтылған қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі бейнесурет альбомы шығарылмақшы. Аталмыш шараның соңында акцияның эстафетасы Қазақстанның өзге музейлері мен Түркістан қаласындағы «Әзірет-Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайына тапсырылады. Акцияның  қорытындысы 2015 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күні Астана қаласында шығарылып, бейнесурет альбомдары Қазақстан Республикасы Ұлттық мұражайында сақтауға табыс етіледі.
2015 жылдың маусым айының 13-15 күндері аралығында Көкшетау қаласында «Қазақ хандығына 550» жыл тақырыбында халықаралық музейлер фестивалі өткізіледі. Оған республикалық және аймақтық, сондай-ақ, алыс-жақын шет елдерден, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Италия, АҚШ-тан музей қызметкерлері, ғалымдар, тарихшылар шақырылады. Фестиваль аясында халықаралық музейлер семинары, қазақ хандығына байланысты жәдігерлер тарихы топтастырылған  «Қазына-Prezent» мультимедиялық бейнебаянның тұсаукесері, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының залдарында театрландырылған экскурсия, «Өнер-Fest» сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің көрме-саудасы, Щучинск-Бурабай курортты аймағында «Ғасырлар үні» фольклорлық-этнографиялық ансамбльдердің халықаралық фестивалі өткізілмек.
«Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратының бас-тамасымен және Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен нау-рыз айының 14-і күні Көкшетауда «Жер шоқтығы – Көкшетау» тақырыбындағы халықаралық ақындар айтысы өткізіледі. Қазақстан халықтары Ассамблеясының 20 жылдығына арналып өткізілетін айтысқа Қазақстан, Моңғолия, Қытай және Қырғызстанның айтыс ақындары қатысады.
Қазақстан Республикасы Ата Заңының 20 жылдығы және Қазақстан халықтары Ассамблеясының 20 жылдығы, Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына орай, «Ақмола жұлдыздары» халық шығармашылығының облыстық байқауы өткізіліп, гала-концерті қойылады.  

7. Қоянды ауылындағы жерлерді заңсыз иеленуге байланысты  орын алған жағдай қалай шешілуде?
Ж.С.Түгелбаев, Целиноград ауданы.
Жауап: Қоянды ауылының бекітілген бас жоспары бар. Осыны анықтай келгенде 195 учаскенің 92-сі  бас жоспарға сәйкес келеді. Бұл – 38 тұрғын үй, 12 ғимарат,  42 уақытша тұрып жатқан шағын үйлер мен іргетастар.   
103-і өз бетімен тұрғызылған құрылыстар. Олар құрылыстар мен жобаланған жолдардың, жақын орналасқан учаскелер шекараларының қызыл жолағына шығып кеткен, сөйтіп,  бас жоспарға сәйкес келмейді.  Яғни, санитарлық, экологиялық, өртке қарсы талаптар мен қала құрылысы талаптарына және нормаларына жауап бермейді. Бұларға 45 тұрғын үй, 10 ғимарат, уақытша үй, 42 іргетас жатады. Біздің тарапымыздан қала құрылысы, өртке қарсы, сондай-ақ, санитарлық нормалар мен ережелерге сәйкес келетін тұрғын үй құрылыстарын заңдастыру жолдары іздестірілуде.  
Қазіргі уақытта «Сарыарқа Табыс» ЖШС-ының 15 гектар, Р.К.Нұралинаның 3 гектар жерлерін жер телімдерін  өз бетімен иеленген  субъектілерге өткізу мүмкіндігін қарастырудың сегментациялау жобасы бекітілді. Осындай іс-шаралармен  Қоянды ауылының бас жоспарын түзету жоспарлануда.  

8. Краснояр трассасының бойында орналасқан Көкшетау қаласының жекеменшік секторында мектеп, бала бақша, орталықтандырылған жылумен, сумен жабдықтау тораптары жоқ, жолда жөндеуді қажет етеді.  
Сонымен қатар, автобус маршруты, автокөлік қозғалысының жылдамдығын шектейтін жол белгілерін, жаяу жүргінші белгісін, бағдаршам орнату қажет. Аталған тұрғын үй алабына Абылай хан атауын беру мүмкін бе?  
Н.М.Конваева, Көкшетау қаласы.
Жауап: Бала бақшаның және мектептің болмауы-на қатысты мәселе бойынша  
Көкшетау қаласы Краснояр трассасының бойында орналасқан тұрғын үй ауданында 4 топқа арналған мектепке дейінгі бөлімімен қоса, оқу-тәрбие кешенінің құрылысы бойынша жоба 2014 жылғы 3 тоқсанда әзірленді, жобаның құны 1,1 млрд.теңге. Бюджеттік өтінім республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін Білім және ғылым министрлігіне қарауға жолданды.  
Жол жөндеу мәселесі бойынша
Ұзындығы 2,88 км Көкшетау-Краснояр автожолының кіреберісі мен Жұбанов көшесі бойындағы жолға күрделі жөндеу жүргізуге 399,4 миллион теңгенің жобасы әзірленді. Бюджетте қаржының болмауына байланысты жоба 2016-2018 жылдарға арналған бюджетті қалыптастыру барысында қарастырылатын болады.  
Орталықтандырылған жылу мен судың болмауы-на қатысты мәселе бойынша  
Жекеменшік үйлерге орталықтандырылған жылу тарту жоспарда жоқ.  Оқу-тәрбие кешенінің құрылысы барысында аталған ауданның тұрғындарын орталықтандырылған су жүйесіне қосу мүмкіндігі ескеріле отырып,  «Су тазарту ғимараттары» объектісінен магистральды су торабының құрылысы қарастырылуда.  
Автобус маршрутының жоқтығы бойынша
Автобус маршруты қауіпсіздік техникасына сәйкес келетін жол төселімі болғаннан кейін ғана шешілетін болады.   
Жол белгілерін және бағдаршам орнату мәселесі бойынша  
Краснояр трассасының тұрғын үй аймағында жол қозғалысы ережелерінің ортақ  талаптары қолданылады. Жол қозғалысы ережесінің 10.2-тармағына сәйкес  елді мекендерде көлік құралдарының жылдамдығы сағатына 60 км. жылдамдықтан аспауы керек. Краснояр трассасы бойында бағдаршам орнату әзір қарастырылмаған. Аталған трассада әрбір бағытта 6 аялдама алаңы бар, олардың арасында сәулелі-бейнелі алмазды «Жүргінші өткелі» жол белгісі орнатылған.  
Тұрғын үй алабына Абылай хан атауын беру мәселесі бойынша  
Мараторий жариялануына байланысты көшелерге және нысандарға атау беру 2016 жылға дейін тоқтатылды.  

9. Зеренді көлінің тартылуына қатысты белгілі бір шаралар қарастырылған ба?  
Д.С.Куликов, Зеренді ауданы.
Жауап: «Қазсушаруашылығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының ақпаратына сәйкес Зеренді көлінің экожүйесін қалпына келтіру мақсатында Подлесный су қоймасының гидроғимаратын және сутартқыны реконструкциялау жөніндегі жоба әзірленді. Аталған жоба Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 5 мамырдағы Қаулысымен бекітілген су ресурстарын басқарудың мемлекеттік бағдарламасының іс-шаралар жоспарына қосылды.  Жоба республикалық бюджеттен қаржының бөлінуіне қарай іске асырылатын болады.  

10. Бурабай ауданында спорт объектілерінің жетіспеушілігі байқалып отыр.
Л.А.Мыцык,  Бурабай ауданы.
Жауап: Бурабай ауданындағы спорт инфрақұрылымының желісін кеңейту мақсатында 2012 жылдан бастап ауданда бірқатар спорт кешендері бой көтерді. Атап айтқанда, «Жақсы», «Жақсы-2», «Ягуар» фитнес-орталығы.
 Облыстық типтік дене шынықтыру-сауықтыру кешендері құрылысының жоспарына сәйкес, Щучинск қаласындағы ДШСК құрылысы 2017 жылға жоспарланған.

Жазбаша түрде қойылған сұрақтар
1. Облыс мектептерінде, соның ішінде, Степногорск қаласында бейне бақылау жүйелері орнатыла ма?  
Ф.Т. Есжанова, Степногорск қаласы.
Жауап: Бүгінгі күні, бейне бақылау жүйелері облыстың 117 білім беру ұйымында орнатылды. Бұл – осы мекемелердің жалпы санының  16 пайызы.
2015 жылы бейне бақылау жүйелерін тағы 15 білім беру ұйымында орнату жоспарлануда, соның ішінде Степногорск қаласынан 2 мектеп бар. Бұл мақсатқа 11,1 млн. теңге қаржы жұмсалмақшы.  

2. Новый Колутон–Ақкөл–Азат–Минск ХПП облыстық маңызы бар автожолының Ақкөл-Кеңес учаскесі нашар жағдайда. Жыл сайын жүргізілетін шұңқырларды тегістеу жұмыстары тиісті нәтиже бермеуде. Жолдың аталған учаскесіне жөндеу жүргізуге көмек көрсетуіңізді сұраймыз.  
С.Ж.Ыдырысов, Ақкөл ауданы.
Жауап: Аталған жолдың 25,7 шақырымына 3,4 млрд. теңгенің  күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қарастырылуда. Жұмысты «Көкшетау жолдары» ЖШС мердігерлік ұйымы жүргізуде.  
2013-2014 жылдары облыстық бюджет қаражаты есебінен 554,3 млн.теңгеге 5,5 км жол жөнделді. 2015 жылға жобаны іске асыруды жалғастыру үшін 472 млн. теңге  қаржы жоспарланды.  

3. Автомобиль жолдарын дамыту тұрғындар үшін маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Осы орайда, Аршалы кентінің жолдарын жөндеуге ақша қаражаты бөліне ме?  
Ю.К.Серіков, Аршалы ауданы.
Жауап: Ағымдағы жылы облыстық бюджеттен Аршалы кентінің 3 көшесінде автожолдарды жөндеуге 50 млн.теңге жоспарланды.   
Сонымен қатар, Аршалы ауданында облыстық маңызы бар жолдарды күтіп ұстауға 18 млн. теңге қарастырылды.  

4. Атбасар қаласында 16 қазандық бар, оның 13-і ауданның коммуналдық меншігінде, жылу жүйесінің 50 пайыздан астамы ескірген. Қаланың жылу жүйесінің сұлбасын әзірлеуге қаржы  бөлу жоспарланды ма?  
Д.З.Ерденов, Атбасар қаласы.
Жауап: Иә, бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 28 млн. теңге бөлінді.  

5. 2015 жылы Бұланды ауданының ауылдық елді мекендерінің көшелерін жарықтандыру жұмысы жалғастырыла ма?   
Г.А.Булатов, Бұланды ауданы.
Жауап: 2015 жылы «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасының аясында облыстың ауылдық елді мекендерінің көшелерін жарықтандыру жұмысы  одан әрі жалғастырылады. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен Бұланды ауданына 16,3 млн. теңге бөлінді.   Жұмыс ауданның Айнакөл, Аққайың, Алтынды, Тоқтамыс, Қараөзек, Партизанка, Журавлевка, Капитоновка, Отрадное, Купчановка, Никольское, Новобратское сияқты 12 елді мекенінде жалғастырылатын болады.

6. Ағымдағы жылы Еңбекшілдер ауданы, Макинск ауылдық округінің Мақпал ауылында жаңа мектептің құрылысын жалғастыру жоспарда бар ма?  
Г.Т.Жақыпова, Еңбекшілдер ауданы.
Жауап: Мақпал ауылындағы мектепті биыл пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Мектептің құрылысын жалғастыру үшін облыстық бюджеттен 337,8 млн. теңге бөлінді.  

7. Облыстық бюджеттен Еңбекшілдер ауданы «Степняк су» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына  қаражат бөліне ме?  
А.Б.Бабаков, Еңбекшілдер ауданы.
Жауап: «Степняк су» коммуналдық кәсіпорнының жарғылық капиталын ұлғайтуға облыстық бюджеттен биыл 25 млн. теңге сомасында трансферт бөлінді.  

8. Бюджеттік ұйымның қызметкері ретінде мен коммуналдық тұрғын үй алуға кезекте тұрмын. Осы орайда, Державинск қаласында тұрғын үй құрылысын жүргізу бойынша биыл қандай жұмыс жоспарлануда?   
Ф.Е.Байкасов, Жарқайың ауданы.
Жауап: Ағымдағы жылы Державинск қаласының Молодежный шағын ауданында 75 пәтерлі тұрғын үйді қайта жаңарту жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 172,2 млн. теңге бөлінді.   

9. 1000 адамнан астам тұрғындары бар Зеренді ауданының Березняковка және Заречный ауылдарында сумен жабдықтауда  түйткілді мәселе бар. Су құбыры жүйесі жұмыс істемейді, Березняковка ауылының тұрғындары тасымалданатын суды пайдаланады. Осы ауылдарды орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету мүмкіндігі бар ма?  
Г.К.Шегенова, Зеренді ауданы.
Жауап: Иә, бізге бұл мәселе белгілі. Осыған байланысты 2012 жылы 12,8 млн.теңге қаржыға аталған ауылдарда су құбырын салу және тарату тораптарын реконструкциялау жөніндегі жобалар әзірленген болатын. Құрылыстың сметалық құны – 590,8 млн. теңге. Қазіргі уақытта жобаның республикалық бюджеттен қаржыландырылуы қарастырылуда.

10. Бүгінгі таңда Сандықтау ауданының Балкашино селосында тұрғын үй алу кезегінде 160 адам тұр. Аталған тізімде жетім балалар да, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар да бар. 2015 жылы жаңа үйдің құрылысы қарастырылған ба?  
Г.Е.Қадырова, Сандықтау ауданы.
Жауап: 2013 жылы Балкашино селосында 18 пәтерлі тұрғын үй құрылысының мемсараптамасымен қоса, жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді, құрылыстың құны – 103,4 млн. теңге.
11. Көкшетау қаласының Парковая көшесінің бойындағы орталықтандырылған жылу жүйесі бойынша жылу нашар беріледі, үйдегі температура небары 14-15С°. Тұрғындардың бірнеше рет шағымданғанымен, ешқандай шара қолданылмауда. Ал, жылу үшін  төлем толық көлемде алынады. Осы мәселені шешуге көмек көрсетуіңізді сұраймыз.  
Парковая көшесі үйлерінің тұрғындары,
Көкшетау қаласы.
Жауап: Парковая көшесіндегі бір және екі қабатты үйлерге Көкшетау қаласындағы бірде-бір пәтер иелері кооперативі қызмет көрсетпейді. Соның салдарынан жазда осы үйлердегі жылу жүйесі алдағы жылу беру маусымына дайындалмады. Яғни, жылу жүйесін шаю және тексеру, тиек арматурасына түгендеме жұмыстары жүргізілген жоқ, пәтерлерде жылу құралдарын тазалау қолға алынбады. Сондықтан, барлық үйлерге жылу 2014 жылғы 4 қазанда ғана берілді.  
Парковая көшесі бойындағы үйлердің тұрғындары жылу үшін 36 мыңнан 87 мың теңгеге дейін берешек болуына байланысты «Көкшетау жылу» ШЖҚ МКК жылуды шектеп беруде.    

Облыс әкіміне электронды түрде қойылған сұрақтар
1. Сәлеметсіз бе, құрметті Сергей Витальевич, кезекте тұрғандарға пәтер қашан беріледі? Қанша жыл тосудамыз, ал кезектің жылжуы шамалы. Васильковка шағын ауданынан солтүстікке қарай «Қолжетімді тұрғын үй» бағдарламасы бойынша 45 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатқандығын естідім. Биыл бұл үйлер пайдалануға беріле ме, берілмей ме?
А.С.Әбдірахманова, Көкшетау қаласы.
Жауап: 2015 жылдың екінші тоқсанында 4 үйді пайдалануға беру жоспарлануда, оның ішінде кезекте тұрғандар үшін екі 45 пәтерлі тұрғын үй, жас отбасылар үшін  Васильковка шағын ауданынан солтүстікке қарай 45 және 35 пәтерлі тұрғын үйлер.

2. Көкшетау қаласының Наурызбай батыр көшесі бойында автобус жүрмейді. Осы және басқа да жақын орналасқан көшелер мен аудандардың тұрғындарына Ақан сері, Уәлиханов, Буденный, Сәдуақасов, Горький, Сәтбаев, Куйбышев және Кенесары көшелеріндегі аялдамаларға шығуына тура келеді. Наурызбай батыр көшесіндегі жолды күрделі немесе орташа жөндеу мәселесін шешу қажет және оның бойында автобус қатынасын жолға  қою керек. Осы көшеден қаланың бірде-бір ауданына бару мүмкін емес.
Е.Аханов, Көкшетау қаласы.
Жауап: 2015 жылы Көкшетау қаласының жолдарын, сонымен қатар, Наурызбай батыр көшесіндегі жолдың бір бөлігін ағымдағы жөндеуге 136 млн. теңге бюджет қаржысы бөлінді, жұмыстарды жүргізу ағымдағы жылдың мамыр-маусым айларына жоспарланды.
Наурызбай батыр көшесі бойында автобус қатынасын ұйымдастыру қазіргі уақытта мүмкін емес, себебі, көлік құралдарының және жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін көшені күрделі жөндеу қажет.
Сонымен қатар, Ақан сері көшесі бойынша Сәдуақасов аялдамасы (500 м); Сәдуақасов көшесі бойынша «№6 ОМ» аялдамасы (250 м); Уәлиханов көшесі бойынша Янко аялдамасы (300 м);  М. Горький көшесі бойынша Уәлиханов аялдамасы (200 м); Кенесары көшесі бойынша Электр желілері аялдамасы (50 м) жақын орналасқандығын хабарлаймыз, оларда (Жолаушыларды және багажды тасымалдау ережесінің 1-б., 182-т., 1-тт. 2-параграфында атап көрсетілген) 800 метрге дейін жаяу жүргінші қолжетімділігі қамтамасыз етілген

3. Сергей Витальевич, сіз мені қашан қабылдайсыз, осы өтінішім бойынша мені қабылдаудан бас тарту себебі болса, маған хабарлауыңызды сұраймын. Онда мен тікелей Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа өтініш білдіремін. Себебі, мен Қазақстан Республикасының азаматымын және халыққа қызмет ету үшін тағайындалған басшыға өтініш білдіруге құқым бар. Сіз бірнеше рет Атбасарда болдыңыз, бірақ, мен сияқты 2-топтағы мүгедекке сізге баруға мүмкіндік берілмеді. Мұны қалай түсінуге болады?
В.В. Дружин, Атбасар ауданы.
Жауап: Сіз менің қабылдауыма жазылдыңыз, алайда, жазылғандардың көп болуына байланысты менің қабылдауым өткізілетін күн мен уақыты сізге қосымша хабарланатын болады. Сонымен қатар, сіз 2014 жылғы қыркүйекте тұрғын үй беру мәселесі бойынша Атбасар ауданының әкімі А.Никишовтың қабылдауында болдыңыз. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорынан осыған мұқтаж азаматтарға барлық қажетті құжаттарымен қоса, өтініш берілген сәттен бастап тізімде көрсетілген кезек бо-йынша  беріледі.
«Халықтың әлеуметтік-әлжуаз тобы» санаты бо-йынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу үшін сіз екінші топтағы мүгедек ретінде есепте 2013 жылғы 16 мамырдан бастап тұрсыз, кезегіңіз – 188.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы тұрғын үй заңнамасына сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорынан немесе жергілікті атқарушы орган жалға алған жекеменшік тұрғын үй қорынан алғашқы кезекте пәтер алу құқығын Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары, сондай-ақ, жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар пайдалана алады. Осыған байланысты сіз баспанамен  тек кезек бойынша ғана қамтамасыз етілетін боласыз.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар