Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның әйелдер қауымы өкілдерімен «Көктем шуағы» атты кездесу өткізді

Кездесуге еліміздің барлық өңірлерінен келген, экономиканың түрлі секторларында, мәдени-әлеуметтік салаларда және мемлекеттік қызметте істейтін әйел жұртының өкілдері қатысты. Мемлекет басшысы оларды келе жатқан Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, Қазақстанның барша әйелдер қауымына бақыт, денсаулық және бақ-береке тіледі. Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі әйелдердің әл-ауқатын жақсарту екенін атап өтті. – Тәуелсіздік жылдарында біз көп нәрсені еңсердік. Қазір елімізде береке мен тыныштық орнады. «Қазақстан-2050» Стратегиясы, «Нұрлы жол» және басқа барлық бағдарламалар осыны көздейді. Әйелдер, отбасын сақтаушы ретінде бақ-берекені ең алдымен балаларынан, дастарханынан сезінеді, сол арқылы мемлекеттің қамқорлығын сезінеді. Бүгінде мемлекеттік қызметтегі қызметкерлердің басым бөлігін әйелдер құрайды. Денсаулық сақтау саласында олардың үлесі 75 пайызға, білім беру саласында 65 пайызға дейін жетеді. Бизнестегі басшылардың да 40 пайызы нәзік жанды арулар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті туу деңгейінің өсуі жалғасып келе жатқанына, тек былтырдың өзінде дүниеге 400 мың сәби келгеніне назар аударды, биыл ел тәуелсіздігіне 24  жыл толатынын еске салды.
– Бұл уақыт қас қағымда өте шықты, себебі, бәріміздің назарымыз жұмыста болды. Бүгін соның нәтижесін көріп отырмыз, біз құрған мемлекетті бүкіл әлем таниды, құрметтейді, – дей келе, мемлекет басшысы елдегі тұрақтылықтың арқасында экономикамыз қарқынды дамып келе жатқанын айтты.
Соңында Мемлекет басшысы көпбалалы аналарды – М.Аксиеваны Алтын алқамен және А.Жұмабаеваны Күміс алқамен марапаттады.   
Кездесуге Мемлекеттік хатшы, Президенті жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның төрайымы Г.Әбдіқалықова, Парламент Мәжілісінің депутаты Г.Қарағұсова, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі  Т.Дүйсенова, Парламент Мәжілісінің депутаты И.Аронова, Семей қаласының инновациялық- гуманитарлық заң университетінің ректоры Ш.Құрманбаева, «Қазақ аруы-2014» республикалық арулар байқауының жеңімпазы Г.Жоланова, әртіс Б.Сүйіншәлина, «Астана Опера» МОБТ балет әртісі С.Суногава, теннисші З.Дияс, «Планета патшайымы-2014» атағының иегері А.Жұмабаева, бокстан әлем чемпионы Н.Қызайбай, «Қазақстан» РТРК балаларға арналған «Балапан» телеарнасының директоры Л.Сұлтанқызы, волейболшы С.Алтынбекова, танымал «Татьяналар триосының» қатысушылары Т.Бурмистрова, Т.Полтавская және Т.Мартыненко, «Turkvizion-2014» ІІ халықаралық ән конкурсының жеңімпазы Ж.Дұғалова, көпбалалы ана М.Аксиева, Қазақстан жастарының арасында «жасыл бастамаларды» ілгерілету бастамашысы  Т.Немцан, әскери қызметші Д.Рысбекова, профессор, Қазақстан инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі Қ.Аққошқарова, «Astana Solar» фотоэлектрлік модульдер құрастыру зауытының технигі  А.Тащанова, жеке кәсіпкер А.Құрмашова, Қостанай облысынан аудандық аурухананың бас дәрігері Л.Финк, Қ.Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институтының доценті Д.Сиваракша, «Астана Опера» МОБТ жетекші солисі С.Ахметова қатысты.   
Кездесуге қатысушылар Мемлекет басшысына ана мен балаға қамқорлық жасауға, отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған саясат жүргізіп отырғаны үшін алғыстарын айтты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар