Астанада етті мал шаруашылығын дамытудың жаңа жобасы таныстырылды

Астанадағы «Азия» бизнес орталығында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Асқарбек Үйсімбаевтың төрағалығымен «Ақмола облысында етті мал шаруашылығын дамыту» жобасының таныстырылымы өткізілді.

Мәжіліске облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қ.Итқұсов, мал шаруашылығы бөлімінің жетекшісі С.Шайгөзов, «Агроэкспорт ЛТД» серіктестігінің бас директоры С.Рахымбаев, «ҚазБифф ЛТД» серіктестігінің бас директоры С.Садықов, «Ерейментау Ақбас» серіктестігінің бас директоры М.Шәмшінұров, «СК Фууд» серіктестігінің директоры М.Бақтыбаев және басқа да мүдделі кәсіпорындардың өкілдері қатысты.
Облыста экономиканың аграрлық секторын дамытуға бағытталған мемлекеттік және салалық көптеген бағдарламалар жүзеге асырылуда, – деп атап көрсетті облыс әкімінің орынбасары. Іске асырылған шаралардың нәтижесінде мал шаруашылығы тұрақты дамып келеді. Мысалы, өткен жылы ірі қара саны 399,3 мың басқа өсті (101,4%), мұның ішінде сиыр саны 205,1 мың басты құрады, сойыс салмағындағы ет өндіру 61,3 мың тонна (108,7%), сүт дайындау 383,8 мың тоннаға (101,8%) жетті.
Ірі қара мал етін экспортқа шығару бағдарламасы аясында облыс еттік бағыттағы 12,2 мың бас ірі қара сатып алды. Бұл жергілікті табынды асылдандыруға елеулі үлес қосты. Бағдарламаның алғашқы кезеңінде «ҚазБифф ЛТД» және «СК Фууд» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде ірі екі жоба жүзеге асырылып, құндылығы жоғары Ангус және Герефорд асыл тұқымды ірі қара жеткізілді.
Асқарбек Съезбекұлының мәлімдеуінше, жергілікті малды асылдандыру жолындағы кешенді шаралар қазірдің өзінде игі жемісін беріп отыр. Өнімділік те өскен. Ет комбинаттарына өткізілген әр ірі қараның орташа салмағы 2012 жылы 387 килограмм болса, ағымдағы жылы 390 килограмға жетеді деп болжануда. Әйткенмен, уақыт жаңа міндеттер жүктеуде. Сондықтан, саланы дамытудың ғылымға негізделген тиімді технологиясына қатысты жобалар түзілуде.
Алға қойылған міндеттер де ауқымды. Облыста мал өсірумен 350 шаруашылық айналысса, талдамалар көрсеткеніндей, мұндағы аналық малдың 12,6 мыңы ғана (6,6%) асылдандырылған және сұраныстағы асыл тұқымды 1289 бұқаның 1039-ы ғана қолда бар. Бұл орайда, белгіленген кешенді шараларды дер кезінде атқару қажет.
Бұдан кейін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсов жиналысқа қатысушыларды жаңа бағдарламаның жай-жапсарымен таныстырды.
Облыстағы 7 ірі бордақылау алаңында 18,5 мың бас ірі қара мал күтімге алынған. Бұл тиісті жүктеменің 50 пайызы. Жаңа жобаның (мамандандырылған шаруашылықтар) түпкі мақсаты аталған алаңдарды толық қуатында ұстау болмақ. Осыған сәйкес, жобаға қатысушы «Щучинск гормолзавод», «Бастау», «Агроэкспорт ЛТД», «Новокиенка», «Заречное», «Колутон-04» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Жаңа Береке» шаруа қожалығының бордақылау алаңдарының жүктемесін арттыру көзделуде. Бұл мал қабылдау, сатып алу, мал азығымен қамтамасыз ету және асыл тұқымды бұқаларды жалға беру жолымен жүзеге асырылатын болады.
Жобаны мемлекеттік қолдау жобаға қатысушы базалық шаруашылықтарды және тауарлы өнім дайындаушы кәсіпорындарды субсидиялау жолымен жүзеге асырылады. Мамандандырылған әріптестік асылдандырылмаған аналық мал құрамының өнімділігін еселеп арттыруға мүмкіндік береді және мұндай шаруашылықтар қатарының өсе түсетініне жағдай жасайды.

Бақберген Амалбеков.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар