Даму бағдарынан сот та сырт қалмайды

Мемлекет басшысының биылғы жылғы Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында еліміздің болашақ дамуын айқындайтын он бағыт туралы жан-жақты айтылып, нақты міндеттер белгіленген. Сол он бағыттың бірі заң үстемдігі мен жемқорлықпен күрес жайы. Еліміз бағыт ұстанып отырған құқықтық демократиялық қоғамда заң үстемдігі орын алуы тиіс және бүгінгі күні әлеуметтік-экономикалық дамуымызға үлкен кедергісін келтіріп отырған жемқорлықпен күрес мәселесі де маңызды. Осы орайда, сот жүйесі де өз құзыреті шеңберінде заң үстемдігін орнықтырып, жемқорлық қылмыспен күресте мақсатты жұмыстар жүргізіп келе жатқанын айта кеткім келеді.

Соңғы үш жылдың ішінде Ақмола облысы бойынша 121 азамат жемқорлық қылмысқа қатысты сот шешімімен сотталған екен. Сол сотталғандардың 58-іне қатысты айыппұл төлеу түрінде жаза қолданылды. 2015-2017 жылдар аралығында жемқорлыққа қатысты заң бұзғандардан сот үкімімен 184 515 364 теңге көлемінде айыппұл өндіріліп алынды.
Өкінішке орай, мемлекеттік қызметкерлер тарапынан да жемқорлық заң бұзушылықтар кездесіп жатады. Осыған орай, біз жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарға әрдайым жете көңіл бөлеміз. Қазақта «ет сасыса тұз себерсің, тұс сасыса не себерсің» деген мақал бар. Сол сияқты, қылмыспен күреседі деген құқық қызметкерлері тарапынан заңсыздықтар орын алып жатса, бұл қарапайым халықтың билікке деген сенімін азайтатыны анық. Сондықтан, біз судьялардың, жалпы сот органында қызмет ететін барлық мамандардың заң алдында әрдайым таза болуына қатаң назар аударып, осы бағытта мақсатты жұмыстар жүргізіп отырамыз. Ол дөңгелек үстелдер, семинарлар мен конференция, тренингтер түрінде өткізіліп, жемқорлық заң бұзушылықтың қоғамға, мемлекетке, одан қалды соны жасаған адамның тікелей өз басына тигізетін залалдарын түсіндіру негізінде жүргізіледі. Осындай заңсыздықтың алдын алу бағытында жүргізілген жұмыстардың нәтижесі болар, соңғы жылдарда облыс соттарындағы жемқорлыққа қатысты заңсыздықтардың тіркелмегендігі.
Елбасы тапсырмасына орай, құқық саласын ізгілендіру саясаты да үзбей жүргізіліп келеді. Адамдардың конституциялық құқықтары кепілдікпен қорғалуы тиіс. Мемлекет басшысы бекіткен жаңа Қылмыстық кодекстегі өзгерістер мен толықтырулар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау деңгейін көтере түседі. Мәселен, қылмыстық әрекеті бойынша күдікті азаматты қамауға алу 72 сағаттан 48 сағатқа, ал, кәмелетке толмағандар үшін 24 сағатқа шегерілді. Бұл халықаралық стандартқа сай келеді. Соттың санкциясынсыз 72 сағатқа дейін қамауға алуға тек заңда белгіленген ерекше жағдайларда ғана рұқсат етіледі. Заңдағы мұндай өзгерістердің бәрі азаматтардың құқығын қорғауды қамтамасыз етуге игі ықпалын тигізеді.
Елбасының биылғы Жолдауында сондай-ақ, цифрлық технологияларды дамыту мәселесіне де көңіл бөлінген. Цифрлық технологияларды қолдану жұмыс жеделдігін арттыруға игі ықпалын тигізіп қана қоймай, жемқорлық заң бұзушылықтардың алдын алуға да үлкен әсер етеді. Сот саласында соңғы жылдарда бұл бағытта айтарлықтай ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Одан біздің облыстық сот та шет қалып отырған жоқ. Елбасының сот органдары жұмысына жаңа технологияларды қолдану халықтың сот жүйесіне деген қолжетімділігі мен барынша ашықтыққа қол жеткізуді арттыратындығы жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру мақсатымен Жоғарғы Сот 2014 жылдан бастап заманауи технологияларды сәтті енгізіп, жүзеге асырып келеді. Осындай жаңашылдықтың бірі ретінде «Сот кабинеті» сервисін атап өтуге болады. Бұл сот органдары қызметіне бір терезе жүйесімен қол жеткізудің онлайн түрі болып табылады.
Сервистің ерекшелігі сол – тұрғындар өздеріне ыңғайлы кез келген уақытта үйінен немесе жұмыс орнынан шықпай-ақ, интернет желісі арқылы сотқа талап арыздар, өтініштер мен апелляциялық шағымдарды жолдай алады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ресми сайтында «Сот кабинеті» модулі арқылы жеке және заңды тұлғаларға және олардың заңды өкілдеріне соттарға электрондық формаларды толтыру арқылы электронды құжаттар мен іс материалдарын жолдау мүмкіндігі қарастырылған. Сот органдарымен электронды хат алмасу жеке және заңды тұлғалармен қатар, мемлекеттік немесе мемлекеттік емес мекемелерге де қолжетімді. Бұл үшін электронды сандық қолтаңба болса жеткілікті. Аталмыш сервис хат алмасуға өте тиімді тәсіл болып табылады. Сонымен бірге, барлық уәкілетті мемлекеттік органдарға әкімшілік құқық бұзушылық істер материалдарын электронды форматта сотқа жолдау мүмкіндігі де қарастырылған. Бұдан басқа «Сот кабинеті» сервисінде сотқа талап арыздар беруге, мемлекеттік бажды онлайн режимінде төлеуге, сот құжаттарын, істің мәртебесін қарауға және басқа көптеген іс-әрекеттерге мүмкіншіліктер берілген. Соттағы бұл ақпараттық технологияның жаңалығын пайдаланушылар қатарының жыл санап өсе түсіп отырғандығы байқалуда. Ақмола облысы бойынша 2014-2017 жылдары аралығында, яғни, аталмыш сервис жұмыс істей бастаған кездер аралығында тіркелген талап арыздар көрсеткіштеріне назар аударып көрелік. 2014 жылы берілген 32 856 талап арыздардың 1521-і Сот кабинеті арқылы тіркеліп, 4,63 пайызды құраған екен. Ал, 2015 жылы берілген 32674 талап арыздың 11631-і
сот кабинеті арқылы беріліп, 36 пайызға жеткен. 2016 жылы 36145 талап арыз берілсе, соның 22 мыңнан астамы электронды түрде түсіпті. Бұл пайызға шаққанда – 61 пайызды құрайды. 2017 жылдың ішінде сотқа
35 952 талап арыздар берілсе, оның 31967-і, яғни, 88,92 пайызы «Сот кабинеті» арқылы түскен. Осы көрсеткіштің өзінен аталмыш сервистің қазіргі күні жұртшылық арасында қаншалықты кең қолданылып отырылғанын бағамдауға болады.
Сонымен қатар, 2015 жылы шілдеде «Сот кабинеті» электрондық сервисі одан әрі жетілдіріліп, мобильді құрылғы арқылы пайдалана алатын «Сот кабинетінің мобильдік нұсқасы» қосымшасы әзірленіп қолданыста енгізілген еді. Қазіргі таңда бұл қосымша негізінен адвокаттар мен тараптардың және олардың өкілдерінің арасында белсенді қолданылуда. Алдағы уақытта қарапайым жұртшылық та аталмыш нұсқаны барынша кең қолданатын болады деуге негіз бар. Қосымшаны кез келген адам өздерінің ұялы телефондарына жүктей отырып пайдалана алады.
Облыс соттарының барлық сот мәжілісі залдары видео-аудио қондырғымен жарақталған. Бұл сот жұмыстарының ашықтығын, судьялардың заң бұзушылықтарға жол бермеуін, тараптардың сот шешімінің әділдігіне күмән туғызбауын қамтамасыз етеді. Сонымен бірге, соңғы жылдарда сот отырыстарын қашықтан өткізу тәжірибесі де енгізілуде. Бұл негізінен жазаларын өтеп жатқан түзеу мекемелеріндегі адамдардың талап арыздарын қарауға қатысты жүргізілуде.
Елбасы Жолдауында көтерілген еліміздің болашақ дамуы үшін маңызды мәселелерден сот органдары да сырт қалмақ емес. Біз өз өкілеттігіміз шеңберінде Мемлекет басшысы алға қойған тапсырмаларды орындау жолында әрдайым аянбай еңбек ететін боламыз. Өйткені, бұл еліміздің болашағы үшін маңызды екендігін сот саласының әрбір қызметкері жақсы біледі.

Досжан ӘМІРОВ,
Ақмола облыстық сотының төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар