Қайырымдылық жасау ғанибет

Қай қоғамда болсын мәнін де, өзектілігін де жоймайтын бір құндылық бар екені рас. Ол – қайырымдылық. Адамдардың бір-біріне жасаған жақсылығы, қайырымдылығы көңілге жылу сыйлайды.

«Қуанышты бөліссең көбейеді» дегендей, игі іс тындырған жақсылардың есімін біз қашанда елеп, халыққа айтып отырғанымыз артықтық етпейді деп ойлаймын. Неге десеңіз ондай жағымды жаңалықтың шарапаты болады. Ол адамдарды қашанда қайырымдылық жасауға итермелеп тұрады. Осы орайда, мен әркез жақсылық жасауға ынтық болып тұратын, қайырымдылық іске жаны құмар жерлесіміз «Қазына SR» ЖШС бас директоры, Целиноград аудандық мәслихатының депутаты Сайра Матайбаева жайлы ерекше тоқталып өткім келеді. Ол ауданда өтетін мерекелік іс-шараларға белсене атсалысып, халықтың алғысын алуда.
2015 жылы Рақымжан Қошқарбаев округіне қарасты Ағанас ауылын тасқын су шайып, тұрғындар түгелдей баспанасыз қалған болатын. Ауылдағы ағайын қиын жағдайда қалғанда облыстық, аудандық әкімдіктер көмектерін аямады. Тұрғындардың барлығы үймен қамтамасыз етілді. Сол кезде қарапайым халыққа бүйрегі бүлкілдеп, осы игі істің басы-қасында халық қалаулысы Сайра Матайбаева да жүрген еді. Жасаған жақсылығы үшін ол ауыл тұрғындарының алғысына кенелді. Жеке кәсіпкер ауылдың үлкендері – еңбек және тыл ардагерлері Наурызбек Ыдырысов, Күлбағила Шәкенбаева, Ерден Абаевқа сый-сияпат көрсетіп, баталарын алды. Ол кісінің демеушілігімен өткізілген іс-шаралар өте көп.
Биыл аудан әкімі Мәлгаждар Тәткеевтің өзінің есеп беру баяндамасында «Қазына SR» ЖШС Қосшыда 200 орындық бас-тауыш мектеп салып жатқанын, онда ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын 12 сынып болатынын атап өтті. Ендеше, бұл Сайраның болашақ ұрпағымыз үшін жасаған қайырымдылығы екені сөзсіз.
Міне, адамға адамның қадірі осындайда білінеді. Нарық заманы орнады, адамдардың адамгершілік қасиеті төмендеді, азайып барады деп жиі айтып жүрсек те, жеке кәсіпкер Сайраның тірліктері көкейге үміт ұялатады. Қайырымдылықтың ірі-ұсақ болып бөлінбейтінін көрсетеді. Бай бол, кедей бол қайырымды болу міндетің деген ойға жетелейді. Ендеше Сайраның кәсіпкерлігі өркендеп, міндеттері орындалуына тілектеспіз. Ал, қайырымдылық жасау қашанда ғанибет.
Ерден АБАЕВ,
Целиноград ауданының
құрметті азаматы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар