Көктем кешіккенді кешірмейді

Аграрлық саладағы барлық жұмыс қазір көктемгі егіс науқанына қапысыз дайындалуға бағытталған.

Үстіміздегі жылы 4,5 миллион гектар алқапқа тұқым сіңірілмек. Қазіргі күні қолда бар тұқымға сараптама жүргізілуде. Қажетті тұқымның 97 пайызы дайын. Бірінші және екінші сортты тұқым 80 пайызды құрайды. Жеңілдетілген бағамен босатылатын жанар-жағармайды жеткізу жолдары белгіленген. Ақпан айына жоспарланған жанар-жағармай көлемі толық алынды.
– Егер әлдебір оператор өз жұмысын ақсатып алса, онда мәселені бірден шешу керек. Бурабай мен Ерейментау
аудандарында тұқым дайындау мәселесі бар. Егер кімде-кім әлі екі ай уақыт бар ғой деп ырғалып-жырғалып жүрсе, қатты қателеседі. Мамыр айында бұл сұрақтарды шешуге ешбір уақыт болмайды. Сондықтан, дайындықты осы бастан тап-тұйнақтай жүргізіп, науқанға әзір болуымыз керек, – деді облыс әкімі Сергей Кулагин наурыз айының 9-ы күні өткен кезекті аппарат кеңесінде.
Кеңес барысында «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ҰК» акционерлік қоғамының жергілікті өкілдігінің қызметіне көптеген сұрақтар туындады. Егер тек қана үстеме пайыз жинаумен отырып, өз міндетін дұрыс атқармайтын болса, мұндай өкілдіктің қаншалықты қажеті бар, – деді өңір басшысы.
Кеңесте кәсіпорындардың толық қуатында жұмыс істеуіне айрықша назар аударылды. Айталық, Ақкөлдегі сүт зауыты қазір 30 пайыздық қуатпен ғана жұмыс істеп тұр. Бұл жайында облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров мәлімдеді. Ендігі арада кәсіпорын қуатын 60 пайызға жеткізу қажет. Ол үшін тұрғындардан сүт сатып алуды дұрыс жолға қою мәселесін шешу керек.
Облыс әкімі Сергей Кулагин көктемгі су тасқынының алдын алу мәселесіне ерекше тоқталды. Сандықтау, Атбасар, Астрахан аудандарындағы су басып қалу қаупі бар тұстарды қазірден бастап зерттеген жөн.
Өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда акциз табыстарының көлемінде азаю байқалады. Облыс әкімінің орынбасары Дәурен Әділбековтың пікірінше, рейдтер жүргізудің де тиімділігі бар. Тек сондай бір рейдтің кезінде 700 бөтелке қолдан жасалған арақ табылған.
Облыс әкімінің орынбасарлары Дулат Нұрмолдин мен Нұрлан Нұркенов өздеріне қатысты сұрақтар бойынша атқарылып жатқан іс барысын баяндады. Степногорск тау-химия комбинаты, подшипник зауыты, «КамАЗ-Инжиниринг» тәрізді кәсіпорындар өндіріс көлемін кемітпеу және жұмыс орындарын қысқартпау туралы меморандумға қол қойған.
Облыс әкімі облыстың ғана емес, Орта Азия мемлекеттеріндегі нарықты зерттеп білу жөнінде нақты тапсырма берді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар