Өнер сыны

Елге игілік, адамға ырыздық сыйлайтын еңбекпен қатар, қоғамымызға рухани байлық та қажет. Халықтың жалғыз материалдық сұраныспен өмір сүрмейтіні әдебиет пен мәдениетке, өнерге деген ықыластан да көрінеді.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері жаңаша қырынан танымал болған «Ақмола жұлдыздары» халық шығармашылығы байқауы да ең алдымен осы мақсатты көздейді. Атадан балаға мирас болып қалған, бойымызға ана сүтімен дарыған тілімізді, салт-дәстүріміз бен мәдени мұрамызды сақтап қалудың да бір төте жолы осы болса керек. Өткен жылдары ана бір өліара кезде солғын тартып, көші әлсіреп қалғандай әсер қалдырған мәдени өміріміз кейінгі уақытта қайта жаңғырып, жаңа бір мазмұнымен таныла бастады. Әлі де болса кей жерлерде мәдениет мекемелері жетіспей жатқанымен, өнерге деген сүйіспеншілік, ертеден жалғасын тапқан ыстық ықылас өнер өрісін кеңейтіп, аймақтағы көркемөнерпаздар ұжымдарын сақтап қалуға және қатарын көбейтуге игі ықпал етіп келеді.
Соның арқасында бүгінгі таңда Ақмола облысында екі мыңға жуық көркемөнерпаздар ұжымы тұрақты жұмыс істеп, өнер өлкесінде өзіндік қолтаңбаларымен көріне түсуде. «Рухани жаңғыру» республикалық бағдарламасы мен «Рухани қазына» кіші бағдарламасын, «Өңірлік мәдениет, салт-дәстүр мен мәдени құндылықтар» жобасын жүзеге асыру аясында «Ақмола жұлдыздары» көркемөнерпаздар халық шығармашылығы байқауы биыл да облысымызда тұратын небір таланттар жігерін жаңаша қырынан жанығалы отыр. Бұл байқаудың биылғы ерекшелігі – жаңаша мазмұнда өткізілуінде және үш кезеңнен тұратындығында.
Алдымен айтарымыз, қалалық және аудандық іріктеу кезеңдерінен өткен жеңімпаздар келесі жанрлар бойынша облыстық халық шығармашылығы байқауына одан әрі қатысуға мүмкіндік алады. Солардың бірі бұл жолы цирктік және ерекше жанрлар байқауы болып жеке топтастырылып, «Арена славы» атауымен Бұланды ауданында өткізілмекші. Ал, «Әуелеген әсем ән» эстрадалық вокал жанры байқауы Целиноград және Сандықтау аудандарында өткізілгелі отыр. Аршалы ауданының жұртшылығы «Халықтық ән» жанры бойынша «Арқаның ән дариясы» байқауын тамашалайды. Зеренді және Ақкөл аудандарында «Сарыарқа әуендері» атауымен көркемөнерпаздар оркестрлері, халықтық-аспаптық ансамбльдер өз өнерлерін ортаға салса, Көкшетау және Степногорск қалаларында көрермендер «Танцующий город в степи» хореографиялық ұжымдар байқауына көзайым болады. «Ән салған Ақмола» вокалды хор ұжымдарының байқауы да облыс орталығында, сондай-ақ, Шортанды ауданында өткізілгелі отыр. Ал, атбасарлықтар өз жерінде тоғысатын «Ұлы Жібек жолы» қолданбалы және бейнелеу өнері шеберлерінің байқауына лайықты бағасын береді деп ойлаймыз.
Міне, осы байқаулар аясында облыстың өнерсүйер қауымы біздің көркемөнерпаздарымыздың тек өскелең өнерін ғана тамашалап қоймай, сонымен бірге, жоғарыда аталған мәдени шаралармен бір мезгілде әр жанр бойынша шығармашылық зертханалар мен шеберлік сыныптары ұйымдастырылады. Әрі оларды есімі елімізге белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері өткізеді деп күтілуде.
Мұның өзі байқауға қатысатын жеке орындаушылар, тұтастай өнер ұжымдарының болсын, қанаттары одан әрі қатайып, шығармашылық ізденістің жаңа бір биігіне көтеріле түсулеріне игі септігін тигізетіндігі анық.
Сөз соңында биылғы «Ақмола жұлдыздары» көркемөнерпаздар халық шығармашылығы байқауының үздік орындаушылары мен жекелеген ұжымдарының қорытынды гала-концерті мен оларды марапаттау рәсімі облыс орталығында өтетіндігін еске саламыз.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар