Сүлей дүние, сусыған сүмбіле түн

Сағатбек Ахметқажиұлы 1974 жылы 22 маусымда Шығыс Түркістанның Алтай аймағында Буыршын мен Қаба аудандарының арасындағы Киікбай деген жерде дүниеге келген. 2010 жылы мамырда атамекенге оралған. Өлеңдері Қытайда шығатын газет-журналдарда, одан бері де «Егемен Қазақстан», «Заман-Қазақстан», «Үшқоңыр», «Шалқар», «Арқа ажары», «Жетісу», «Төртінші билік» газеттері мен «Қазақстан әйелдері», «Үн», «Тұмар» журналдарында жарық көрген. «Қанас меруерттері», «Киелі мұнара», «Сезім тамшылары» альманахтары мен «О, ағажай», «Көкжал түн» жеке жинақтары жарық көрген. «Бір шымшым топырақ» жинағын баспаға әзірлеуде. Қазір Ақмола облысының Ерейментау ауданы Тайбай ауылында тұрады.

Ай бетінен,
ағажай аспанынан

Жан дауысым зарығып талып ұшқан,
Сүлей дүние сусыған сүмбіле түн.
Көз алдымда туған жер тұтқындағы,
Қысқы қотан қар басқан Қабырстан.

Көмейде сөз күрмеліп, таңдайды арман,
О, ағажан, сағындым шалғай қалған.
Ойпыл-тойпыл ойларым, мазам қашқан,
Жанар таумын жартысы жанбай қалған.

Ақыл салар ағайын көбі күлік,
Күрсіндің бе? Соларға күңіреніп.
Ай бетінен, ағажай аспанынан,
Жаным Аға, отырмын сені көріп.

Ұжданыңды бауыздап умытып у,
Мұзда туған мүжіліп мұратыңмын.
Томағалы қаншеңгел қаншегірдей,
Бүркендің бе? Қайғысын құба түннің.

Баянауыл Балқантау бөктерінде,
Әлденені шөліркеп көкседің бе?
Бей уақытта көз артып шаршағанша,
Тәуекел деп Арқаға көшпедің бе?

Қас қаққанша өтеді-ау, өмір елік,
(Келсең аға тыныстап кеңір едік).
Түс көремін, түсімде жүзің сынық,
Жаным аға, жүремін сені көріп.

Бақытымды ұрттап
тұрмын суыған

Шаттығымнан жамыраса шымыр ән,
Талантым бар таңдайымда тұныған.
Ерейментауға атанымды шөгеріп,
Бақытымды ұрттап тұрмын суыған.

Салмағы ауыр сапарымнан сыр ұқтым,
Жанарымнан жалын ойнап, тұнық кіл.
Жауыр болған жамбы-жалбыз жырларым,
Ер Көкшедей жерұйықта күліп тұр.

Үмітінен қол үзбесе, өсер ел,
Шайыр қамын шапағаттап жесе егер.
Дауыл қайда жебеп жүрер ақ мекен,
Елі үшін етік пен су кешеді ер.

Отқа, оққа дайын Отан, бұл басым,
Тамырымда тулап жатыр ұлы қан.
Иман Жүсіп, Ақаныңдай еркелеп,
Шабытымды ұрттап тұрмын суыған.

 

Қинайтыны топырақ
қия белдің

 

 

Қуырған жыр апшысын Құлагермін,
Келмейді қу томарға құлап өлгім.
Ін қазған іргеңдегі көр тышқандар,
Сүңгісін беліндегі сұрап ердің.

Күбірлеп көлеңкемде күншілерің,
Күншілдікке күйдірген күрсінемін.
Аллаға құл, Үмбет боп пайғамбарға,
Қуат алған Құраннан бүршік едім.

Ұлтыма ұйтқы болар ұран едім,
Түп қазығы туған жер, тұрағы ердің.
Қаймағы бұзылмаған қайран ауыл,
Қинайтыны топырақ қия белдің.

Күндерім күрең қабақ өтсін мейлі,
(Көргенімді тұз жала, көпсін мейлі).
Туған жер мен ақ мекен арасында,
Махаббатым тәнімде ескірмейді.

Сексеуіл мен құмың да, алаботаң,
Қамысың да, қағың да маған «Отан».
Бұйдасы жоқ түсімде Буыршынмен,
Алтай жаққа асығыс бара жатам.

Сағатбек АХМЕТҚАЖИҰЛЫ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар