Ортақ мақсат жолындамыз

Көпұлттылықтың біздің бар байлығымыз бен басты құндылығымыз екендігін терең түсіну елімізде жаңа институт – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуына түрткі болды. Біздің ортақ Отанымыздағы бірлік пен берекені сақтаудың бұл теңдессіз құрылымы демократиялық жолға бастайтын  экономикалық және саяси реформаларды тиімді жүргізуге мүмкіндік берді. Ол – нағыз халықтық институт. Міне, сол себепті де, биылғы Ассамблея жылы – барша қазақстандықтардың мерекесі мен мерейі.

Аталмыш ұйымның Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінде болсын, әлемде болсын, баламасы жоқ. Оның бас-ты артықшылығының конфессияаралық және этносаралық ғажап үйлесімділікті орнатуында екендігіне ешкім шек келтіре қоймас, сірә. «Өзгені де өзіңдей қабылда, басқаға өзіңе жасағанын қаламайтын жамандықты жасама, − бұл қарапайым шындық. Бізде, Қазақстанда жақсы өмір сүруге барлық мүмкіндіктер бар. Ассамблея шақыратын жол – бұл гүлденудің жолы, болашақтың жолы», − деген Елбасының сөзі менің осы бір ұйым жайлы жоғарыда айтқан ойларымның дұрыстығын дәлелдеп тұрғандай.
Ассамблеядан сайланатын депутаттар тек өз ұлттарының ғана емес, елімізді мекен етіп жатқан барлық этностардың мүдделерін жоғары мінберден қорғайды. Бұл жалпыұлттық деңгейде бірыңғай этникалық саясатты жүргізуге мүмкіндік береді. Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының ел Президенті екендігі де біздің негізгі заңымызға сәйкес, халық бірлігінің басты кепілі болып табылады.
Біздің облыстық мәслихаттың жанынан құрылған депутаттық топ та өз алдына еліміздегі демографиялық және көші-қон сая-сатын жүзеге асыруға және оны жетілдіру жұмыстарына белсенді араласу, өңірімізді мекен еткен этностардың тілі,  мәдениеті мен салт-дәстүрлерінің сақталуына жағдай жасау, саяси жүйені одан әрі демократия-ландыру бағытындағы Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының рөлін арттыру, облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы түйткілді мәселелерді шешуге атсалысу,  облыстық ассамблеяның  облыстық мәслихат, мемлекеттік органдар және азаматтық қоғам институттарымен тығыз байланыс орнатуына жол ашу, сол арқылы конфессияаралық және этносаралық  байланыстардың  үйлесімділігін қамтамасыз ету міндетін қойып отыр.
 Біздің депутаттар өңіріміздегі бейбітшілік пен келісімді нығайтуға бағытталып жасалып жатқан біраз істердің басы-қасында жүр. Мәселен,  депутаттық топ мүшелері Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының аудандардағы көшпелі сессияларына, жастар этникалық бірлестіктерінің өткізетін шараларына, «Нұр Отан» партиясы Доктринасы мен Елбасы Жолдауын халыққа кеңінен насихаттау мен түсіндіру жұмыстарына белсенді қатысады. Облыстық мәслихаттағы әлеуметтік мәселелер жөніндегі комиссия отырысында біз өңірдегі мәдениет үйлері мен кітапханалардың материалдық-техникалық базасын нығайту, мемлекеттік жастар саясатын оңтайлы жүзеге асыру, 2011-2020 жылдарға арналған тілдерді дамыту бағдарламасының облыста  іске асырылу барысы сияқты біздің аймақта тұратын ұлттардың мәдени дамуына қатысты бірқатар мәселелерді қараймыз.
Биыл міне, еліміздің егемендік алғанына 24 жыл толады. Осы уақыттың біз үшін татулық, бірлік пен берекенің кезеңі болғандығын ерекше атап өткен жөн. Демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік қоғам құруда ең алдымен, ұлттық бірлікті қамтамасыз етудің маңызы ерекше.  Экономикалық даму, әлеуметтік алға жылжу мен демократиялық тұрғыдан өркендеу  тек татулық болған жағдайда ғана мүмкін. Талай ғасыр аңсап жеткен тәуелсіздігімізді сақтап қалу мен мемлекеттілігімізді нығайту, тең мүмкіндіктер, ел азаматтарының құқықтары мен бостандықтарының толық қорғалуы, интеллектуалды ұлтты қалыптастыру және ұлттық рухты көтеру идеялары – бізді біріктіруші өмірлік қағидаларға айналуы керек.
Президентіміздің тікелей өз бастамасымен байтақ елімізді мекен еткен барлық ұлттар мен ұлыстарға тең мүмкіндіктер жасалған.  Міне, сол мүмкіндіктерді пайдаланып, елімізді, оның ішінде өңірімізді мекен еткен ұлттар арасындағы достықты нығайту,  Ақмола жерінде тұратын чуваш ұлты өкілдерінің мәдени мұраларының, болмысы  мен тұрмыс салтының және дәстүрлерінің сақталуына атсалысу мақсатында біз  чуваш этно-мәдени орталығын құрған болатынбыз. Қоғамдық бірлестік арқылы түрлі қайырымдылық шараларын қолға алу да көзделген еді. Себебі, достық, бауырластық дегеннің өзі адамдардың бір-біріне деген қамқорлығынан басталса керек.
Ал, енді бірлестік туралы айтқанда, өңірде мыңға жуық чуваш ұлтының өкілі  тұратынына тоқтала кетейін. Жалпы, аймақ көлемінде сараптап қарар болсақ, біз чуваш отбасыларының басым бөлігінің облыс орталығы – Көкшетау қаласы мен Атбасар, Зеренді, Есіл аудандарында көптеп қоныстанғанын байқаймыз. Бүгінгі таңда орталық өңірдегі чуваш отбасылары туралы жан-жақты ақпарат жинау үстінде. Ана тілімізді меңгертер сыныптар ашу да ойда бар. Бұдан басқа,  «Мен, сен ол – бірге бақытты отбасы!» этникалық фестиваліне, «Сабантой – Акатой» мерекесіне қатыссақ па дейміз.
Біз осы аз ғана уақыттың ішінде аталған мақсатты топтармен қызу жұмысты бастап кеттік. Мәселен, өнертапқыш, алғашқы тың игерушілердің бірі, еңбек ардагері, отансүйгіш азамат Осип Семенович Троицкийдің  шығармашылық кешін ұйымдастырдық. Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясы жылын мерекелеу аясында облыстық мәдениет басқармасымен бірлесіп Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, бар саналы ғұмырын өнер саласына арнаған Валерий Васильевич Тарасовтың мерейтойлық кешін де өткіздік.
Қорыта айтар болсам, біз осындай ғажап елде тұратындығымыз бен оның тең құқылы азаматы екендігімізді мақтан тұтамыз және оның болашағын жарқын ету жолында аянбай еңбек ететін боламыз. Бүгінгі қолда бар басты қазынамыз – ол бірлік пен береке. Ендеше, осы татулық пен тыныштықтың шырқын бұзбай, түрлі ұлттар арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға өз үлесімізді қоса бермекпіз. Жоғарыда атап өткен, біз қолға алған ірілі-ұсақты шаралардың бәрінің  көздеген түпкі мақсаты – осы.                    

Елена МАЩИНСКАЯ,
«Чуваш этно-мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, облыстық мәслихаттағы «Достық» депутаттық тобының жетекшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар