Қарғын су қапы қалдырмасын

Кеше облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен өткізілген кезекті әкімдік отырысында көктем айларында өңірде су тасқынын болдырмау мақсатында ағын суды апатсыз өткізу және алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралардың барысы, білім беру және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың қорытындылары талқыланып, алдағы күннің нақты міндеттері белгіленді.

Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Әкімдік отырысын бастамас бұрын аймақ басшысы жиналғандарға жақында Бұланды ауданының әкімі лауазымына тағайындалған Жомарт Нұркеновты таныстырды. Одан кейін облыстық білім басқармасының басшысы қызметіне тағайындалған Талғат Жүнісов ант қабылдады.
Әкімдік отырысының күн тәртібіне сай алғашқы мәселе бойынша облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Алексей Советовтың баяндамасы тыңдалды. Департамент басшысының айтуынша, 2017 жылғы жаз және күз айларында елді мекендерді су басудан алдын алу және 2018 жылы апатты болдырмау бағытында кешенді іс-шаралар өткізілді. Су басу қаупі бар елді мекендерді инженерлік қорғау бойынша жоспарға сәйкес 16 ауданның 84 елді мекендерінде су тасқынының алдын алу бойынша инженерлік-қорғаныс іс-шаралары өткізілді. Оның ішінде 28,4 шақырым су өткізгіш арықтары кеңейтілді және тереңдетілді, 12,1 шақырым бөгеттерді жөндеу және нығайту жұмыстары жүргізілді, 39,4 шақырым қауіпті аумақтарға топырақ үйінділері мен бөгеттер тұрғызылды.
Ағымдағы жылы 2017 жылмен салыстырғанда аудандық және қалалық бюджеттерде төтенше жағдайлардың алдын алу және жоюға қарастырылған қаражат 12 пайызға өсіп отыр. Төтенше жағдайлар департаментіне 2018 жылғы облыстық бюджеттен су тасқынына қарсы іс-шараларын өткізуге 51 миллион теңге сомасында қаражат бөлінген. Облыс аумағында су тасқынына дайындық шаралары «2018 жылғы көктем мерзімінде су тасқынына қарсы іс-шаралар туралы» Ақмола облысы әкімінің 2018 жылғы 14 ақпандағы №А-2/71 қаулысына және су тасқынына дайындалу және апатсыз өткізу бойынша іс-шаралар жоспарына сәйкес жүргізіліп жатыр. Көктем мерзімін апатсыз өткізу жөніндегі облыстық жедел штаб құрылды.
– Бүгінгі күнге дейін облыс бойынша төтенше жағдайдың алдын алу үшін 270 тонна жанар-жағар май, 5,5 мың тонна инерттік материалдар, 15,6 мың қапшықтар қоры дайындалды, – деді Алексей Советов.
Дегенмен, кейбір аудандарда көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары сылбыр жүргізілуде. Мәселен, Аршалы, Егіндікөл, Ерейментау, Целиноград аудандарында және Көкшетау қаласында әлі күнге дейін қапшықтар дайындалмаған, Ал, Ақкөл, Астрахан, Бұланды, Біржан сал, Есіл, Жақсы, Жарқайың және Шортанды аудандарында дайындық төмен. Әсіресе, Астрахан және Целиноград аудандарында қапшықтар сатып алу өзекті мәселе болып отыр. Сондай-ақ, Астрахан, Атбасар, Егіндікөл, Ерейментау аудандарында инерттік материалдар, Егіндікөл, Ерейментау, Целиноград аудандарында жанар-жағар май қоры дайындалмағандығы да айтылды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыстық білім басқармасының басшысы Талғат Жүнісов баяндады. Оның айтуына қарағанда, білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бағытында мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту, орта, техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы 4 нысаналы индикатор, 26 көрсеткіш және 73 іс-шара қарастырылған. Осы мақсатта былтырғы жылы облыстың білім беру саласын қаржыландыруға 65,3 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде 14,3 милиард теңгесі бағдарламаны жүзеге асыруға бағытталған. Жыл қорытындысы бойынша бұл қаржы толық игерілді. Отырыста осы екі мәселе бойынша Атбасар, Сандықтау, Целиноград, Аршалы, Біржан сал және Астрахан аудандарының әкімдері селекторлық режимде есеп берді.
Сонымен қатар, облыс басшысы Қорғалжын ауылдық округінің әкімі Жанат Омаровтың кәмелеттік жасқа толмаған баланың денсаулығына залал келтіру оқиғасына байланысты полиция, денсаулық сақтау және білім органдары тексеру жүргізіп жатқанын атап өтті.
– Тексеріс қорытындысы облыстың Әдеп жөніндегі кеңесінде қаралатын болады, – деді облыс басшысы.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі көктемгі су тасқыны қаупі бар аудандар мен қала басшыларына алдын алу шаралары мен дайындық жұмыстарын ширатуды тапсырды.

Аслан Оспанов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар