Бурабай баурайындағы жеңіс

Өткен сенбі күні Щучинск қаласында Бүкіл-әлемдік «WSB» бокс сериясының VIII кезеңі бойынша қазақстандық «Astana Arlans» пен ресейлік «Patrion Boxing Team» клубының бокс-шылары қолғап түйістірді. «Жақсы-2» спорт кешенінде ұйымдастырылған бокс кешіне облыс әкімі Мәлік Мырзалин қатысып, сөз сөйледі.

Облысымызда былғары қолғап шеберлерінің басын қосқан мұндай шара тұңғыш рет ұйымдастырылып отырғандықтан кешті тамашалауға барған жанкүйерлердің қарасы көп болды. Жарыс басталмас бұрын облыс әкімі шаршы алаңға шығып спортшыларға жеңіс, көрермендерге тамаша бокс өнерін көрулеріне тілектестігін білдірді.
– Мұндай спорттық шара өңірімізде бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл бокс сүйер қауым үшін есте қаларлық оқиға. Дүниежүзілік деңгейдегі бокс кешін өткізу жастардың осы спорт түріне деген қызығушылығын арттырып қана қоймайды, Щучинск-Бурабай курортты аймағына туристер тартуға да игі септігін тигізетіні сөзсіз, – деді Мәлік Мырзалин өз сөзінде.
Сонымен қатар, Афина Олимпиадасының чемпионы, атақты боксшы Бақтияр Артаев та сөз сөйлеп, осы кешті ұйымдастыруға атсалысқан Ақмола облыстық әкімдігіне шексіз алғысын білдірді. Ал, жарысқа келетін болсақ, 49 келіге дейінгі салмақта Қазақстанның төрт дүркін чемпионы, Азия чемпионы, 2015 және 2017 жылдардағы WSB чемпионы Теміртас Жүсіпов пен Ресейдің Қиыр Шығыс Федералды округі чемпионатының екі дүркін жеңімпазы Борис Сидоров арасында өткен жекпе-жек тартысты болды. Алғашқы раундтан-ақ басымдық тізгінін қолға алған Теміртас ресейлік қарсыласынан үстем екендігін көрсетті. Тіпті, төртінші раунд барысында Сидоров ауыр соққы алып қалып, төреші есеп ашты. Нәтижесінде 3-0 есебімен қазақ боксшысы жеңіске жетті.
Бұған дейін 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде шаршы алаңға шыққан Қазақстанның үш дүркін чемпионы, Азия ойындарының чемпионы, 2017 жылғы жетінші маусымның WSB чемпионы Ілияс Сүлейменов Ресейдің екі дүркін чемпионы
Василий Веткиннен басым түсті. Одан кейін 64 келіге дейінгі салмақта шаршы алаңға көтерілген 2017 жылғы WSB чемпионы Ділмұрат Мәжитов те ресейлік Константин Богомазовтың жолын кесті. Ал, ауыр салмақта бірқатар халықаралық турнирдің жеңімпазы Нұрбол Алтаев Ресейдің Орталық Федералды округі чемпионатының жеңімпазы Ровшан Ягубзадені 2-1 есебімен жеңді.
75 келіге дейінгі салмақта 2017 жылғы WSB чемпионы Әбілхан Аманқұл ресейлік танымал боксшы Расул Алиевтен айласын асырды. «Astana Arlans»-«Patriot Boxing Team» командалары боксшыларының келесі жекпе-жектері 9 наурыз күні өтеді. Естеріңізге сала кетсек, «Astana Arlans» боксшылары 2018 жылдың бірінші са-йысын Қарағанды қаласында 10 ақпан күні «Indian Tigers» командасына қарсы өткізген болатын. Нәтижесінде арландықтар 4-1 есебімен жеңіске жеткен еді. Ендеше отандастарымызға алдағы жекпе-жектерінде де жеңіске жете берсін деп тілейік!

Аслан Оспанов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар