Туған елінің қамын ойлаған жан

«Красный маяк» кеңшарының негізінде құрылған «Сепе-1» серіктестігі бүгінгі таңда аудандағы іргелі шаруашылықтардың бірі. Ауылда әртүрлі ұлт пен ұлыстың өкілдері тату-тәтті тұрып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып еңбек етуде.

Мұндағы басшылар бар күш-жігерлерін ауылдың тарап кетпеуіне бағыттап, өз ережелерін бұзбауға тырысады. Азаматын көріп, ауылын таны демекші, Сепе ауылындағы шаруашылықты 1993 жылдан бері Омархан Саханов басқарып келеді. Өз ісін жанындай сүйетін басшы сонау қиын-қыстау кезеңде дұрыс жол тауып, серіктестікті сақтап қалды. Бүгінгі таңда сепеліктер 23 мың гектар егістік алқапқа дәнді дақылдар өсіріп, жыл сайын мол өнім алуда. Биыл 15 мың гектар алқапта қар тоқтату жұмысы жүргізілді. Сондай-ақ, серіктестік мал шаруашылығымен де айналысып, 725 бас ірі қара, 149 жылқы, 1761 қой ұстайды.
Тәртіп пен шапшаңдықты ұнататын басшы адам тағдырына ат үсті қарамайды. Басшы жерлестеріне үміт артып, бәрін өз қамқорлығына алған. Оның алға қойған мақсаттарды жүзеге асыру барысындағы ақылды шешіміне жерлестері де сеніп, үміт артады. Қысқа мерзімнің ішінде іскер мамандардың командасын құрып, көшбасшысы бола білді. Кәсіби және адамгершілік қасиеті сенімді қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік берді. «Сепе-1»
серіктестігін басқарған жылдары еңбеккерлердің материалдық жағдайын жақсарту бойынша үлкен жұмыстар атқарылды. Дүниеге сәби келген отбасына қаржылай көмек жиі көрсетіледі. Жалғызілікті зейнеткерлер отын, шөп, ұнмен және етпен қамтамасыз етіледі. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбастарына көмектесіп, тұрғын үйлерін жөндейді. Жоғары оқу орындарында оқитын ауыл студенттерінің оқу ақысын төлейді. Олар оқуды тәмамдаған соң қалаған елді мекендерінде еңбек етуде. Оқу ақысын серіктестікке қайтармайды. Бұл өмірдің баспалдағына қадам басқан жерлестері үшін үлкен көмек. Серіктестік жетістіктерінің арқасында мешіт салынды, бау-бақша отырғызылды. Оның жемісін жергілікті тұрғындар жинайды. Серіктестік директоры ауылда келісім мен тұрақты сақтау үшін көп іс тындырды. Омархан Сахановтың өмір жолы өзгелерге үлгі-өнеге. Дарынды, сергек әрі іскер басшы жауапты, жаңа шешім іздеуден жалықпаған адам. Өнегелі еңбек жолы халық үшін адал еңбек етудің нағыз үлгісі. Ол алға қойған мақсаттар мен міндеттерді орындау үшін тыным таппайды. Басшының жауапты орындағы жемісті жұмысы Қазақстан мемлекетінің мүддесі мен халқына қызмет етудің, еңбексүйгіштік пен өз ісіне берілгендіктің үлгісі болып табылады. Осы орайда, оның омырауына «Шапағат» мемлекеттік наградасы тағылды. Мектепке ерекше назар аударылады. Өйткені, білім әр мемлекеттің іргетасы болып табылады. Ал, мемлекеттің өзі ауылдан басталады. Қазір білім саласында ата-аналардың білім мазмұнына деген қызығушылығы мен талаптарының өсуіне және жаңа бағдарлама мен әдістеме санының көбеюіне байланысты жаңа міндеттер шешілуде. Кейбір ауылда бұл нормалардың қарама-қайшылығы байқалуда. Оқу құралдары, әдістеме, компьютер техникасы мен білікті мұғалімдер жетіспейді. Жас мамандар азын-аулақ еңбекақыға шалғайдағы ауылға барғылары келмейді. Осының салдарынан жергілікті балалардың білім алуға деген құқы шектелуде.
Омархан Баниәшімұлының арқасында Сепе ауылдық мектебіне дипломы бар мамандар тартылуда. Мұғалімдердің ештеңеге алаңдамай еңбек етуі үшін барлық тұрмыстық жағдай жасалған. Мектепке серіктестік тарапынан әртүрлі демеушілік көмек көрсетіледі. Оқушылар мен мұғалімдер тегін тамақтанады. Сепе мектебі өзінің эстетикалық көркі жағынан ауданда бірінші орын алады. Балаларының әдемі мектепте оқығаны тұрғындар үшін қуаныш. Сыртқы жарысқа баратын мектеп спортшыларының формасы мен көлігіне қомақты қаражат бөлінеді. Бұның бәрі балалар үшін салауатты өмір салтын насихаттау болып табылады.
Омархан Саханов адамдармен жұмыс істегенде тез арада тіл табысады. Міндеттерді орындауда кәсіби шеберлік танытып, айналасын ұршықтай үйіріп әкетеді. Оның жеке басы үлкен беделге ие екенін атап өткен жөн. Іскерлік қарым-қатынастағы жауапкершілігі мен сенімділігі кәсіби жоғары деңгейден көрінуде. Ол өзін білікті әрі бастамашыл, қиын және жауапты шешім қабылдай алатын басшы ретінде танытты. Сөйтіп, адамгершілік қасиеті, саяси еркі, бастамашылдығы, кәсіби шеберлігі әріптестерінің жоғары бағасына ие болды. Омархан Баниәшімұлы ауылдың үлкен жауапкершілік жүгін арқалауда. Ол ауылдастарының тұрмыс деңгейін көтеруге бағытталған бүтін кешенді әрі ауқымды міндеттерді шешіп келеді. Оның басшылығымен ауыл әлеуметтік-экономикалық даму, тұрғындардың тұрмыс деңгейін көтеру, заңдылықты нығайту және қоғамдық тұрақтылық жолында одан әрі қарқынды алға баса бермекші. «Сепенің» еңбеккерлері өз басшылары туралы әрқашан осылай ойлайды.
Бауыржан ДОСМҰҚАНОВ.

Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар