Жұмыстың күрделілігіне қарамастан, атқарылған іс қомақты

Ақмола облыстық дін істері басқармасында «Насихат» кеңес беру-оңалту орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры Ермек Баяділов өткен жылғы басқарма жариялаған үш лот аясында мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс шеңберіндегі қызметтерді іске асыру қорытындылары бойынша есеп берді.

Шараға үкіметтік емес ұйымдар және мүдделі мемлекеттік органдар мен БАҚ өкілдері қатысты.
«Насихат» қоғамдық бірлестігінің директоры Ермек Сайранұлы қатысушыларға діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, дәстүрлі емес діни ағым ықпалындағы азаматтармен жұмыс жасау бағытында жалпы саны 265 іс-шара өткізіліп, 6483 адам қамтылғанын жеткізді. Нысаналы аудиториялар ішінде мешіт жамағаты, деструктивті діни ағым ұстанушылар, жастар, оның ішінде жатақханаларда және спорттық секцияларда жаттығушылар, әйел жамағаты бар.
Бірінші лотта «Ақмола облысы тұрғындары мен исламдағы дәстүрлі емес ағым өкілдерімен мақсатты түрде ақпараттық түсіндіру іс-шараларын ұйымдастыру және өткізу» қызметі бойынша 175 іс-шара атқарылды. Жалпы саны 5 815 адам профилактикалық шаралармен қамтылды. Мәселен, Көкшетау қаласындағы Науан хазірет, Жақия қажы, Ғалым атындағы мешіттер мен Көкшетау-2, Станционный кенті, Бурабай, Бұланды, Ақкөл, Аршалы, Ерейментау, Атбасар, Жақсы, Есіл, Жарқайың, Целиноград аудандық мешіттері мен Қосшы ауылдық мешіті, Степногорск қалалық Паң Нұрмағамбет атындағы мешіттерінде жалпы саны 61 сабақ өткізіліп, барлығы 4 771 адам қамтылды. Ақмола облысы бойынша деструктивті діни ағымдардың өкілдерімен 31 жеке кездесу өтті. Бір адам радикалды райынан қайтарылды. Бұдан бөлек қылмыстық атқару мекемелерінде жазасын өтеп жатқан деструктивті ағым өкілдерімен де жұмыстар жүргізілді. Барлығы 380 адамды қамтыған 16 сабақ өтті. Сондай-ақ, деструктивті діни ағым өкілдерімен 51 жеке кездесу өтіп, 8 адам дәстүрлі ислам бағытын қабылдап, ағым идеясынан толығымен бас тартса, 4 адам радикалды райынан қайтқан. Қылмыстық атқару мекемелерінің қызметкерлеріне арналған Атбасар және Степногорск қалаларында 2 семинар өтіп, 90 адам діни ағым өкілдерімен жұмыс жасаудың тәжірибелік негіздері бойынша ақпарат алды.
Жастармен жұмыс аясында Көкшетау қаласындағы орта арнаулы және жоғары оқу орындары студенттерімен спортзалдарда және жатақханаларда 392 адам қатысқан 11 дәріс өткізілді. Оның ішінде Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің жатақханалары, Көкшетау техникалық институты, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, №7 триатлон мектебі, «Аспан» және «Бурабай» спорт кешендері бар.
Бұдан бөлек профилактикалық жұмысқа қажет 400 әдебиет баспадан шықты. Жалпы, аудитория үшін «Қазақстан-Көкшетау» телеарнасының тікелей эфирінде «Жастарды ағымдардан сақтандыру» тақырыбы бойынша теолог Қанат Алшынбаев сұхбат берді.
Екінші лот аясында жалпы 70 іс-шара атқарылып, оған жалпы саны 470 әйел адам қатысты. Ақпараттық іс-шаралар психолог, заңгер, дінтанушы, теолог, тарихшы мамандардың қатысуымен жүзеге асты. Сондай-ақ, теолог маманның қатысуымен 27 жеке кездесу жүзеге асырылып, 6 әйел адам теріс ағым ықпалынан дәстүрлі ислам бағытына көшкен. Мұндай маңызды іс-шаралар Көкшетау, Степногорск, Есіл, Атбасар, Щучинск қалаларында және Астрахан, Сандықтау аудандарында өтті.
Ал, үшінші лот бойынша 20 іс-шара атқарылды. Оның 11 түрі шеберлік сыныптарына бағытталған. Әйел жамағатына арналған аспаздық, қолөнер ісіне байланысты шеберлік сыныптар Есіл, Атбасар, Щучинск, Степногорск, Көкшетау қалаларында өтсе, медицина қызметкерлерінің кеңестерімен ұштасқан пайдалы іс-шаралар Степногорск, Көкшетау қалаларында оң нәтиже берді. Әйел жамағатында қордаланған мәселелердің бірі – жұмысшы мамандығының болмауы және жұмыссыздық. Осыны ескере отырып, жоба аясында 5 әйел адам тігінші мамандығына оқытылса, 5 адам көлік жүргізу құқығына куәлік алды.
Әлеуметтік әлсіз топқа жататын кейбір азаматтарға уәкілетті мекеме тарапынан мамандар келіп, мемлекеттік төлемақылар мен жәрдемақылар бойынша ақпарат берді және теолог маман тарапынан теріс ағым өкілдерімен жеке бағытта кездесулер өткізілді.
Міне, жобалардың негізгі нәтижесі ретінде өткізілген іс-шараларды, қамтылған адамдардың саны мен сапасын айтқанда, көңіл көншітерлік. Бірқатар теріс ағым өкілдерінің беті бері қарап, қоғамдық бірлестік мамандарымен екіжақты байланыс орнады. Аталған санаттағы аудиториямен жұмыс жасаудың күрделілігін ескерсек, қол жеткізілген табыстардың қомақты екені белгілі. Баяндама барысында деструктивті ағым мүшелерімен жұмыс жүргізудегі туындаған проблемалар легі де аталып өтті. Солардың бірі ағым мүшелерін толық қамту мәселесі, орамал таққан қыз-келіншектерді жұмысқа орналастыру, тағы басқалары.
Шараға қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылып, бұл бағытта әлі де кешенді жұмыстың қажеттігі нақтылана түсті.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар