Мүддеміз бір, міндетіміз зор

Сан ұлт пен ұлыстың өкілі тату-тәтті күн кешіп жатқан Ақмола жерінде үлес салмағы басым ұлттың бірі – орыстар. Аймақ жұртшылығының 36 пайызын құрайтын біздің қауымның өңірдегі бірлікті сақтап, берекені молайтуға қосып отырған үлесі орасан зор деп білемін.

Бұдан екі жыл бұрын қайта тіркеуден өткен қауымдастығымыздың  осы бағытта атқарар шаруалары шаш етектен. Өңірдің Бурабай, Зеренді, Еңбекшілдер аудандарында филиалдарымыз бар. Жалпы, біз жұмысымызды тек орыс ұлтының салт-дәстүрін насихаттаумен байланыстырып, тек ән, би топтарын құрумен ғана шектелген емеспіз.  Басты қағидамыз біреу. Ол – қоғамдық бірлестік әрқашан қоғаммен тығыз байланыста болуы керек деген ұстаным.  Қоғамдық ұйымдар қоғам мүддесіне, ондағы тыныштық пен тұрақтылықты сақтау жолында ғана еңбектенер болса, ондай елде қандай да бір ұлтаралық қақтығыс, шиеленістердің туу қаупі азаяды.
Қауымдастық Қазақстанның орыс, казак, славян ұйымдарын үйлестіру кеңесінің құрамына кіреді. Жуырда ел Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан аталған кеңестің вице-президенті Игорь Великийдің және «Қазақстанның орыс қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Юлия Захарованың ІІ дәрежелі «Достық» орденін, сондай-ақ, қауымдастықтың атқарушы хатшысы Сергей Машканцевтың «Құрмет» орденін алғанын біздің ұйымдағылар мақтан тұтып, оны осы тұлғалар арқылы өздеріне де артылған үлкен жауапкершілік ретінде бағалап отыр.  
Біз бір-бірімізді түсіне білуіміз керек. Жалпы, түсіністік жайын айтқанда, жергілікті ерекшеліктерді ескермей кетуге әсте болмайды. Олай дейтінім, Ресейдегі орыстар мен Қазақстандағы орыстарды салыстыру тіпті мүмкін емес. Түбі бір ұлттың өкілі ғой демесеңіз, біз екі басқамыз. Бар мұрат-мақсат, таным-түсінігіміз өзіміз күн кешіп жатқан елдің дүниетанымына икемделген. Осы тұста, біздің мемлекетте тұратын әр ұлттың өзін сол халықтың шеңберінде ғана алып қарамай, «Мен – қазақстандықпын!» дейтіні бар. Міне, біз де сондаймыз. Қазақстандықпыз. Мақсатымыз – ортақ Отанымыздың гүлдене, көркейе түсуіне үлес қосу, осы жолда аянбай еңбек ету.
Қоғамдық бірлестік ретінде сол қоғамның айрықша назар аударуды қажет ететін топтарымен жұмысты жолға қойып келеміз. Жалпы, достық дегеннің өзі осы ғой. Ол – қамқорлық, айналаңа, қоршаған ортаға деген жанашырлық. Бұл бағытта ұйымдастырылған шаралардан бір мысал келтірейін. Мәселен, Жаңа жыл мерекесінің қарсаңында біз қасымызға Аяз ата мен Қарша қызды алып, облыстық ауруханада жатқан балаларды мейраммен құттықтап, оларға сыйлық үлестіріп шықтық. Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында да осы сияқты акцияларды өткізіп тұрамыз. Жұмысымыздың басты нысанасы етіп балаларды алатындығымыздың өзіндік себебі бар. «Не ексең, соны орасың», − демекші, кішкентайынан бастап оларды бауырмалдылыққа тәрбиелей білгеніміз жөн. Міне, біз осы бағытты ұстанамыз.
Бұдан кейінгі буын – әрине, жастар. «Жас» деген сөздің өзі бойдағы жалын, ұмтылыс сияқты ұғымдармен астасып жататындай. Олардың әрбірі көшбасшы. Тек әрқайсысының қабілеті әр қилы. Сол дарынды ашсақ деген ниетте Көшбасшылар мектебін құрдық. Онда өскелең ұрпақ өкілдерінің тұлғалық қалыптасуына қажетті сабақтар беріледі. Жуырда ғана мектептің алғашқы түлектері, қарлығаштары қанат қақты, тиесілі сертификаттар алды. Мен сол жастардың алған білімдерін өмірде қажетті жағдайда қолдана алатындықтарына нық сенімдімін. Бұдан басқа, қауымдастық дарынды спортшыларға да қолдау көрсетіп, демеушілік жасап келеді.
Биылғы жыл халқымыз үшін айрықша даталарға толы жыл десек,  соның ішінде елді біріктіре, тұтастыра түсетіні − Ұлы Жеңістің 70 жылдығы. Осы мейрам қарсаңында біз Астана – Брест бағытында автошеру ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Бұл бастамамыз облыстық әкімдік, ардагерлер кеңесі мен ассамблея тарапынан қолдау тауып отыр. Аталған маршрутпен сол бір жеңіске бастаған ерліктер жасалған үш елдің, яғни, Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеті аумағындағы жерлерді жүріп өтіп, сол тарихтың көзі тірі куәгерлерімен, жас-тармен кездесу ойда бар.
Тек өзімізбен-өзіміз томаға-тұйық күн кешіп жатпағанымызды жоғарыда атап өттім ғой. Өзге ұйымдармен біріге ұйымдастырар шараларымыз соған дәлел бола алады. Мәселен, жуырда әзірбайжандардың  бірлестігімен азаматтарды донорлыққа тарту бо-йынша акция өткізу көзделуде. Біз халық немқұрайлылықтан арылып, мейірімдірек бола түссе дейміз. Себебі, бүгінде бар кінәні қоғамға арта салатындар көбейіп барады. Бұлай жалғаса беруі мүмкін емес. Қарапайым мысал. Адамдар қоқысты тастауын тастап, коммуналдық қызметтерді кінәләмауға тиіс. Яғни, қоғамның әр мүшесі ол орта үшін өзінің тікелей жауапты екенін сезіне білгені абзал.
Көп уақыт бола қойған жоқ. Біздегі бір жігіт көлге батып бара жатқан адамды құтқарып қалды. Жанашырлық, достық деген осы емес пе? Оны көпшіліктің алдында марапаттадық. Жай алғыс бар да, қоғамдық марапат бар. Ортаның алдында мадақталған адам өзінің сол қоғам үшін пайдалы іс жасағанын, оған керек екенін түсініп, белсенді азаматтық ұстанымда болуға тырысады. Айтпағым – біз қоғамның басты барометріміз. Са-яси партия болмасақ та, мүдделестерміз. Ендеше, биылғы жыл, достық жылы, береке жылы да біз бар күшімізді осы мүддеге жұмылдыра білейік демекпін.

Александр АРТЕМЕНКО,
«Ақмола облысының орыс қауымдастығы»
қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар