Ұжымның ұйытқысы

 Кіндік қаны тамған қасиетті мекен – Ақкөлде әлі күнге дейін еңбек етіп, оның өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосып келе жатқан «Агромашхолдинг» акционерлік қоғамы Ақкөл филиалының директоры Владимир Сабельфельдті білмейтін адам өңірде кемде-кем шығар.

  Ол толық емес орта мектепті бітіргеннен кейін 15 жасынан бастап еңбекке араласа бастайды. Комсомол жөндеу-механикалық зауытында жұмысшы болып жүріп, кешкі мектепте білім алады. Оны тәмамдағаннан кейін Целиноград ауыл шаруашылығы институтын экономист мамандығы бойынша бітіріп шығады. Кейін Беларусь әскери округінің тікұшақ әскерлері санатында Отан алдындағы борышын өтеп, әскерден кейін жұмысшы болған зауытқа шебер болып қайта оралады. Ол кейін цех меңгерушісі, артынша аталған кәсіпорынның директоры лауазымына дейін көтерілген. Бұдан соң үш жылдай Алексеев аудандық комсомол комитетінде өндіріс пен көлік құралдары бөлімін басқарады. «Моншақты» атты жауапкершілігі шектеулі серіктестікті тізгіндеп, жеке секторда да өз бағын сынап көрген тәжірибелі маман 2004 жылдан бастап Ақкөлдегі филиалға басшылық жасай бастайды.
Владимир Карлович қашанда өзінің кәсіби біліктілігі, өз ісінің жілігін шағып, майын ішетін іскерлігімен өзгелерден ерекшеленіп тұрады. Сондықтан да болар, оны тек аймақ тұрғындары ғана емес, республикамыздың әр қиырындағы іскер орта білікті басшы ретінде жақсы таниды. Ол жетекшілік етіп отырған кәсіпорын міне, жуырда он жылдық мерейтойын атап өтті.  «Агромашхолдинг» деген атпен отандық нарықта ғана емес, халықаралық аренада да танылып үлгерген ірі орталықтың бұл деңгейге жетуінің астарында осындай мамандардың тынымсыз еңбегінің жатқанын біріміз білсек, біріміз біле бермейміз. Басшы ретінде ол өзін  ешқашан да ұжымнан жоғары қойған жан емес. Кез-келген адамды тыңдап, қолынан келгенше  одан көмегін аямауға тырысады. Белсенді азаматтық ұстанымдағы жігіт ағасы кәсіпорынның алдында тұрған нақты міндеттерді ойдағыдай жүзеге асыруға бағытталған барлық шараларды уақытында қолдануды өз парызы санайды.
Орыс және неміс тілінде еркін сөйлейтін бұл азаматтың қазақшасы да тәп-тәуір. Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының мүшесі ретінде ұлтаралық келісім идеясын ел арасында барынша насихаттап жүргеніне де міне, біраз жылдың жүзі болып қалыпты.  Бұдан басқа, облыстық көркемөнерпаздар үйірмелеріне де қатысып, дипломант атанған жайы бар.
«Ақкөлді ешбір жерұйыққа айырбастамаймын!», − деп өз туған жерін жанындай сүйетін нағыз патриот  ел Президентінің Алғыс хатымен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, облыс және аудан әкімдері тарапынан берілген Құрмет гармоталарымен бірнеше рет марапатталған.  Бүгінде жары Валентина екеуі қызы Еленадан Дария мен Артем атты қос немере сүйіп отыр.  Өз ісіне берілген елжанды азамат еңбек ұжымдарындағы бірлікті сақтау мәселесіне ерекше көңіл бөледі. Біз де  өз өлкесін ерекше ықыласпен сүйіп, ондағы ырыс пен ынтымақты еселеу жолында аянбайтын Владимир Сабельфельдтей ел азаматтарының еңбектеріне жеміс, бастарына амандық тілейміз.

Ақкөл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар