Ізгі қоғамның игі құндылықтары

Ақ ниетті ұлықтаған қоғам ғана адам бойындағы қасиеттерді ашуға қабілетті екендігін жасөспірім күнімнен сезіп келемін. Біз ауыл мектебінде алаңсыз оқыдық, әртүрлі ұлттың балалары бөлініп-жарылудың не екенін білмедік. Шынайы достық, шырайлы қарым-қатынас жетегінде желкілдеп өстік дей аламын.

Әйткенмен, өмір бір қалыпта тұра бермейтіні де ақиқат. Біржан еліндегі Жаңаауылда автомашина жүргізуші кезімде денсаулығым сыр берді. Келіншегім Жаңылған қаланың қызы болғанымен, анау-мынауға қабақ шытуды білмейтін жан. Балалардың бағып-қағу салмағы Жаңылғанға ауа бастаған. Қазақы қалыптың адамымыз ғой, сырттай сыр бермегенмен, іштей жарыма мың алғыс айтып жүрдім. Осындай күндердің бірінде көрші үйдегі жайсыз әке-шеше екі ұлынан жеріп, басы ауған жаққа кетіп қалды. Шыр-шыр еткен балаларды Жаңылған жетектеп үйге алып келген. Сондағы қуанғанымды айтсаңыздар! Ендігі жерде алғысымды жаудыра бергенше, мен де бір жағынан шығысайын деген ойға көштім.
Тәуелсіздік алған жылдары Макинка қаласына көшкенбіз. Сол кездері осындағы балалар үйі жабылып, оның тәрбиеленушілері өзге жақтарға таратыла бастаған. Бұл көшеден жүру қиын еді. У-шу, шыр-шыр дүние. Балалар үйренген жерін қимайды екен. Екі баланы патронаттық тәрбиеге алдық. Несін жасырайын, әуелде қиын болды. І топтағы мүгедекпін. Осы жолы ғой, Жаңылғанның «Бөбек» қорының төрайымы Сара Алпысқызы Назарбаеваға хат жазғаны. Бұл кісіге рахмет! Көзқарас өзгеріп, жағдай жақсара бастады. Ақкөл балалар үйінен 2006 жылы алты бала келді. Үш жылдан кейін тағы бес бала қосылды.
Осы ретте Қазақстан қоғамына, оның жергілікті атқарушы органдарына рия-
сыз алғысымды жаудырғым келеді. Бізге «Болашақ» аталатын шағын
ауданнан қос қабатты коттедж үй бөлінді. Көлікпен көмектесіп жатыр. Осындай қамқорлықтың арқасында біздің үйдің балалары 39-ға жетті, 9 ұлттың өкілі. Ең алғаш бауырымызға басқан Әлияны қазақы жоралғымен, төсек-орын, ыдыс-аяғын қамдап ұзаттық. Көкшетаудағы құдамыз уақыт суытпай келіп тұрады. Қазір 22 немеренің ата-әжесі атанып отырмыз.
Біз осының бәрін көрініп қалу үшін істеп жүрген жоқпыз. Бұл – біздің адамгершілік парызымыз. Жақсылыққа жақын болу адамға қуат береді. Белсенді болып алдым. Ақмола облысы бойынша мүгедектер қоғамының төрағасы, «Бұланды» корпоративтік қорының президенті болып сайландым. Қатардан қалдырмау дегеніміз осы. Елімізде алғаш аталып өткен «Отбасы күнінде» Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова қатысқан салтанатта сый-сияпат алдық. «Алтын жүрек» дипломының иегеріміз. Алматыдан «Халықтық батыр» жобасының жеңімпазы атанып келдік. Ал, 2016 жылы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында озып шықтық. Зайыбым Жаңылған Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясына барып келді. Өзім өткен жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығы салтанатында Елбасының қолынан «Шапағат» медалін алдым. Осының барлығы өзімнің және асырап алдық деуге аузым бармайтын балаларымның бізді жерге қаратпай, абыройлы азаматтар атанғандығының арқасы. Мың да бір алғысымды осыларға да арнағым келеді. Еліміздің бүгіні мен ертеңіне қызмет етіп жүрген ізгі жандардың барлығына рахмет айтайық. Осындай ұлық мерекесі бар Қазақстанымыз қарыштап алға баса бергей!

Серік ӘКІМБАЕВ,
Бұланды ауданы әкімінің кеңесшісі,
ауданның Құрметті азаматы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар