Өткенім де, болашағым да ауылмен байланысты

Елдің назарында жүрген, олардың сенімін арқалаған азамат болғаннан кейін, елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалар мені де бейжай қалдырмайды. Депутаттық қызмет бабымен қарапайым халықпен жиі кездесіп, өтініштері болса орындап, ұсыныстары болса, тиісті жерлерге жеткізуге тырысамын.

Әлеуметтік мәселелер, тұрмыстық жағдайға байланысты кейбір проблемалар кез келген елде бар. Онсыз болмайды. Себебі, уақыт алға жылжыған сайын адамның қажеттіліктері де арта түсетіні белгілі. Дегенмен, мен қарапайым халықтың жүзінен алға қарай ұмтылысты байқаймын. Жыл сайын Президентіміздің Жолдауларымен, ел болашағы жоспарланған бағдарламалық мақалаларымен жігерленген отандастарымыздың келешекке деген сенімі зор, мақсаты айқын.
Осы орайда, мен Елбасымыздың биылғы Жолдауында: «Аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек, біз егін егіп, дәнді дақылдарды өсіруді үйрендік. Оны мақтан тұтамыз. Алайда, қазір ол жеткіліксіз», –
деген пікірімен толық қосыламын. Шынымен де, шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз етіп, әлемдік нарықтарға жоғары сапалы дайын өніммен шығуымыз қажет.
Аудандық мәслихаттың индустриалды-инновациялық даму және аграрлық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясына төрағалық ете отыра, бүгінгі таңда елімізде ауыл шаруашылығы саласына қаншалықты зор мән беріліп отырғандығын жақсы түсінемін. Жыл сайын саланы дамытуға мемлекеттен қыруар қаржы бөлінуде. Бұл салада кәсібін ашып, ауыл шаруашылығымен айналысқан адам ешқашан ұтылмайтынын өзімнің жеке тәжірибемнен білемін. Себебі, мемлекет ондай кәсіпкерлерге жұмсаған шығынын толық болмаса да, басым бөлігін қайтару үшін қыруар сомада субсидия бөлуде.
Бір сөзбен айтқанда, біздің елде кез-келген азамат өз ісін аша алады. Қазақстанда әлемнің кейбір елдеріндегі секілді ұлтқа шектеу жоқ. Егемен елімізде ұлтына, дініне қарамай, барлық азаматтарға теңдей жағдай жасалған. Осының бәрі көреген Көшбасшымыздың ұстанып отырған салиқалы саясатының арқасында екені сөзсіз.
Ертеде Германияға кетіп қалған бауырларым мені өздеріне жиі шақырады. Алайда, мен туып-өскен жерімнен, кіндік қаным тамған ауылымнан жырақта өмір сүре алмаймын. Бар ғұмырым осы Новокубанка мен Алтай ауылдарының ортасында өтіп жатыр. Новокубанка ауылдық округінің тарихы сонау өткен ғасырдың 30 жылдарындағы күшпен қоныстандыру саясатынан басталады. 1933 жылы алғаш бұл өңірге репрессияға ұшырағандар қоныстанып, «34 нүкте» деп ат қойылды. 1936 жылы мұнда Ковтюх атындағы ұжымшар құрылып, 1938 жылы «Қазақстанның 18 жылдығы» деген атқа ие болды. Социалистік Еңбек Ері Кан Де Хан басқарған тұста ауыл дами түсті. Аталмыш округ кезінде аудан орталығы да болып тұрды.
Бүгінде Новокубанка ауылдық округі өзге ауылдық округтер секілді дамудың даңғыл жолында. Округке Новокубанка ауылы мен Алтай ауылдары кіреді. Тұрғындардың жалпы саны 2200-ге жуық. Президенттің «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» бағыты бойынша жеке кәсіпкерлер қолдарынан келгенше ауыл тұрғындарының жағдайын жасап, туған ауылдарын көркейтуге белсене араласуда. Бұл үлкен бір игі істің басы ғана деп ойлаймын. Келешекте ауылдарымыз гүлденіп, еліміздің қуатты аграрлық аймағына айналсын деп тілеймін.

Яков БЕЛЬЦ,
Шортанды аудандық
мәслихатының депутаты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар