ҰЛТЫМ – НЕМІС, ЖАНЫМ – ҚАЗАҚ

Германиядан қазақ жұртына ризашылық сәлемін жолдаған неміс азаматы осылай дейді

Кешегі мызғымас Кеңестік Одақтың шаңырағы ортасына түсіп, керегесі құлаған тоқсаныншы жылдардың басында ертеңгі күндері не боларына алаңдаған Қазақстандағы ұлттық диаспоралардың біразы ата жұрты – Отанына оралуды жөн деп тапты. Әсіресе, неміс ұлты өкілдері Германияға көптеп қоныс аударды. Бірақ, солардың қай-қайсысы болмасын Қазақ еліне, Қазақ жеріне, Қазақ халқына деген ерекше құрметі мен жүректерінен ақтарылар ыстық ықыластарын өздерімен бірге ала кеткен десек қателеспейміз. Өйткені, халқымыздың атына әдейілеп әлі күнге дейін жылы лебіздерін білдіріп, жан шуақтарын жеткізіп жатуы жан тебірентерлік, көңілімізге өз ұлтымызға деген мақтаныш сезімін ұялатарлық жай.

Сонымен, алыстағы Германиядан Қазақстанға сәлемін жолдаған неміс азаматы сөзінің әлқиссасын: «Сәлеметсіздер ме, қымбатты достар! Менің есімім Александр Шмидт», – деп бастапты. Одан әрі айтпақ ойын төмендегіше сабақтаған.
Мен бұл сөзімді қазақ халқына деген ыстық ықыласты сезіммен назарға ұсынып отырмын. Өйткені, біз сол жерде туып, сол жерде азамат болып жетілдік. Әсіресе, біздің халқымыз, яғни, әке-шешелеріміз бен ата-бабаларымыз Ұлы Отан соғысы басталғанда ежелгі ата қоныстарынан жер аударылып айдалған кезде Қазақстанға табаны тиген немістердің айы оңынан туды деп білемін. Кейбір ақпарат құралдарында Қазақстандағы немістер санасыз, қазақ жұрты жабайы да топас халық, аштық жайлаған ел деген жазбаларды оқығанымда қаным қайнап, жүрегімді ыза кернейді. Мен Сібірдегі, Украинадағы немістерді де жақсы білемін. Өйткені, олар мен біздердің (Қазақстанда өмір кешкен немістер жайында айтып отыр –автор ескертпесі) арамыз жер мен көктей. Қазақстанда өсіп-өнген немістер Германияның өзінде өте қонақжай әрі мейірман. Олар бұл үрдісті – жақсы қасиеттерді бойларына қазақтардан сіңірген, солардан үйренген.
Өзгелер болмаса да, өзіміз жақсы білеміз, біздердің алдыңғы толқын ата-баба, әке-шешелеріміз ұлты неміс болған соң тағдыр тәлкегіне ұшырады. Оларды қанқұйлы фашистердің санатына жатқызды. Қыстың көзі қырауда тамыр жайып, сүттей ұйып отырған ежелгі мекендерінен 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысы басталғанда бір-ақ күнде кеңес әскерлері вагондарға тиеп, қақаған қыста бұрын көз көрмеген, құлақ естімеген жерлерге, аппақ қарлы сайын далаға тастады да кетті. Бұл – қазақ жері, қазақ ұлтының мекені еді. Аш-жалаңаш, қоңылтақ келген немістерге қазақтар үйлерінен орын, төрінен төсек, ауыздарынан жырып нанын берді. Мұндай жақсылықты қазақтардан тек неміс ұлты ғана көрді десем асылық болар, шешен, татар, поляк, Балтық елі жағалауынан зорлап көшірілгендердің бүгінгі көзі тірілерінің, олардың ұрпақтарының қайсысынан сұрасаңыздар да, менің осы айтқан сөздерімді жандандырып береді. Сондықтан да, өз басым бауырмалшылдығы мен ұлтты түсіне қарап бөлмейтін, қайырымы мен мейірбандығы, өздері түгілі, өзгелерге деген шарапаты мен шапағаты шексіз әлемдегі ең ұлы халық кім десеңіздер, мен қазақ халқын бірінші орынға қояр едім. Өйткені, күні бүгінге дейін мұндағы өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдері өздерін бұл ортада – Қазақ елінде бөтенмін деп сезінбейді. Керісінше, жергілікті қазақ халқымен өздерін тең санайды. Ұлтқа бөлу, жікшілдікке салу деген тіпті ойға да келмейді. Бәрі бір туғандай, бәрі бір ананың баласындай.
Мен Германияға көшіп кеткенімде Қазақстанда онда бала кезден бірге өскен Виктор деген досым қалған еді. Бірде сәті түсіп, ата жұртымдай болып кеткен Қазақстанға, әлгі досымның үйіне аялдадым. Оның саяжайындағы дастархан басында әдеттегі әңгіме-дүкен өрбіді. Сөз арасында мен оған: «Сен неге Ресейге көшіп кетпегенсің?» – дедім сұраулы жүзбен. Ол: «Мен ол жаққа да барғанмын, Мәскеуге жақын селодан үй сатып алып, Қазақстандағыдай тұрмысымды сайлауға да кіріскенмін. Бірақ, ондағы түрлері өзіміз сияқты болғанымен, аяқтарына керзі етік, үстеріне сырмалы күпәйке киген орыстар ең алдымен балаларымызды ұра бастады. Артынан үйіміздің терезелерін қиратуға кірісті. Ақыры, үй-жайымызды от қойып, өртеп жіберді. Өзің білетін досың Германның да жағдайы дәл осындай болды», – деп тоқталған еді.
Бұл әңгіме өз жөнімен. Сіздер Украинаға барып көрдіңіздер ме?! Көрмесеңіздер мен айтайын. Онда неміс селоларының бәрі құртылып, жойылып жіберілген. Ресейде айналдырған бір-екі деревня ғана сақталған дегенмен, олардың өзі осыдан екі ғасыр бұрынғы қалыппен тірлік кешуде. Ал, Қазақстандағы немістердің жағдайы бұлардан әлдеқайда көш ілгері. Тіпті, Германиядағылардан артық тұрмаса, олардан кем түсіп жатқан жоқ. Сөзім дәлелді болуы үшін Ақмола облысының Целиноград ауданындағы «Родина» агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін мысалға келтірейін. Бұл аграрлық құрылымды бас директор, Қазақстанның Еңбек Ері Иван Адамович Сауэр басқарады.
–Қазақстанға келіп, біздің шаруашылығымыз бен тірлігімізді көргендер өздерін әлдебір қиялдағы, әлем назарын аударарлық озық үлгілі жайға тап болғандай сезінері хақ. Мұндағылардың барлығы бірін-бірі аты-жөнімен жақсы біледі. Көріңіздер, көздеріңізді қанықтырыңыздар, – дейді біздің қонақжайлылықпен елге келіп, бар болмыстарын бейнероликке түсіріп жатқанымызды көрген Иван Адамович.
Тіпті, бір қызығы, біздің суретке түсіріп жатқанымызда қасымызда жүрген агрофирма басшысы көлігінің ішінде маңызды құжаттары, ресми қағаздары салынған дүниесі жатса да, оның есігін кілттемек түгілі, ашық тастап кеткеніне таңқалғанымыз да бар.
Соны байқап қалды ма:
–Бұл ауылда өзгенің дүниесіне көз алартушылық, ұрлық-қарлық атымен жоқ. Біздегі адамдар таңертеңгі сағат 8-ден жұмыстарына кірісіп, кешкі 7-лерде толық аяқтап, үйлеріне қайтады, – деген еді ол.
Кереметі бір бұл емес. Мұнда өздерінің православие шіркеуі бар, балалар қызықтайтын зоопаркті де осы Родинадан ғана көресіз. Осыдан бірер жыл бұрын Қазақстанның бас қаласы Астанаға сүт өнімдерінің тағамдарын дайындап, жеткізіп тұратын ірі зауыт салынған. Жел қуатымен жұмыс істейтін электр генераторы агрофирманың осы бір тіршілік көзіне сұранысын толығымен қамтамасыз етіп отыр. Дәмхана, асхана, берілген тапсырыстарды орындап беретін кондитер, тағам цехтары жұмыс істейді. Мәдениет үйінің сәулеті мен атқарып жатқан жұмыстарының бәрі бүгінгі заманның озық талаптарының қайсысынан да жоғары. Мұнда үйлерінің қасынан қора-қопсы салып, мал ұстап отырған ешкімді де көрмейсіз. Кәдімгі қаладағы кәсіпорындардағыдай жұмысын істеп, жалақысын алып, тірлік кешуде. Сондықтан, бұл елді мекенге қоныстанып, көшіп келуге ниет білдірушілер көп. Алайда, бұл оңайшылықпен шешіле қоятын мәселе емес. Олардың әрқайсысы бұл мақсатта арнайы құрылған комиссияның талқысында сүзгіден өткізілгендей сұрыпталады. Көбіне көп балалы отбасыларға артықшылықтар жасалады. Мәселен, қарапайым сауыншының өзі айына 140 мың теңге жалақы алып отырады, жаңадан үйленгендерге, перзентті болғандарға бір реттік өтемсіз 150 мың теңге көмек беріледі. Бүлдіршіндері балабақшада тәрбиеленеді. Міне өнеге, міне ұлағат!
Бірде Мәскеуге жолым түсті. Әлі де біраз уақытым болған соң, базарларын аралап көруді ұйғардым. Сауда болған соң, әркім өз тауарын бұлдап, бағасын көтеріп өткізіп жіберуге тырысатыны белгілі. Орыстарды жағалап, жеміс-жидектерінің бағасын сәл түсіріп беруді өтінгеніммен, біреуі де жылы қабақ танытпады. Сөйтіп, ұзыннан-ұзақ сөрелерді жағалап келе жатқанымда көзіме қазақ азаматы оттай басылғаны. Мен оған: «Уай, жерлес. Амансың ба? Мен қазақстандықпын, қазақ елінде өскен неміс азаматымын. Қазақ халқын ерекше құрметтеймін», – дедім туғанымды көргендей ағымнан жарылып. Сондағы оның қуанғанын айтсаңызшы! Ананы-мынаны айтып, тез шүйіркелесіп кеттік. Қоштасар кезде ол: «Мынаны Германиядағы отбасыңа елдің сәлемдемесі деп ала бар», – деп алдындағы тәтті жеміс-жидектерінен бір қалта етіп салып берді. Ал, оны алмаймын деу қазақты қорлағаның, оның шын ықыласты пейілін кері қайтарғаның болып саналатынын жасымыздан бойымызға сіңіргендіктен, мен бұл сыйды сөз қайтармай қабыл алған едім сонда.
Ресейдің Вологодск облысында ертеректе Германиядан келіп орнығып қалған немістердің үлкен қонысы бар. Бірақ, олар өздерінің байырғы ұлттық ұстанымдарын бұлжытпай сақтап қалғанымен, таза орыстанып кеткен десем де болады. Біздің тілшіміз Мария Васильева да Поволжьеде немістерге тән өзгешеліктің сақталып қалғандығын көзімен көріп қайтқаны бар. «Бұл мекеннің атауы орысша Подольск деп аталғанымен, тұрғындары бір-бірлерімен өздерінің тілінде – немісше сөйлеседі. Бірақ, тұрмыстары осыдан екі жүз жылғы қалпынан әлі өзгере қоймаған. Қазақстандағы немістерге қарағанда әлдеқайда төмен», – деген еді ол.
Осыны естігенде өзімнің Қазақстанда туғаныма, сол елдің мейір-шапағатын бойыма сіңіргеніме, онда ұлтаралық араздықтың, кемсітушіліктің мүлде жоқтығына қуанғанмын. Содан да өз басым қай ұлттың өкілдерінің қай-қайсысын да ерекше құрметтеймін. Өйткені, Сібірге айдалып, қасіреті адам төзгісіз лагерьлерде қамалып, азапты ғұмыр кешкен, еңбек армиясындағы ауыр жұмысқа жегілген прибалтикалықтардың, немістердің, өзге де ұлт өкілдерінің 10-20 пайызы ғана аман қалса, Қазақстанға жер аударылғандардың 90 пайызы тіршілік дәмдерін тауыспай, ел санатына қосылып, адамдық бейнелерін қайта жаңартып, өмірлерін ұзартты. Мұның бәрі қазақ халқының қайырымдылығының, жанашырлығының арқасы деп білген абзал. Мұндай қазақ халқына деген ерекше құрметтеушілікті татарлар да, шешендер де, балқарлар да, поляктар да, тағы басқа тағдыр талайын бастарынан кешкен өзге ұлттың өкілдері де ауыз толтырып айтатындығы содан.
Осындай негізсіз жазалау мен жер аударуға ұшырағандар жыл сайын 1 наурызда қазақ халқының атына арналған Алғыс айту күнін өткізуді дәстүрге айналдырған. Ал, мұндай шара әлемнің бірде-бір елінде жоқ. Бұған қалай сүйсінбессің! Тіпті, Санкт-Петербургтен, Мәскеуден, тағы басқа ірі-ірі қалалардан Қазақстанға жер аударылған білімді де білікті, ғылымның «тасын шағып, майын ішкен», өнер мен мәдениеттің шырағын жаққан талай зиялы қауым өкілдерін қазақ халқы көздерінің қарашығындай сақтап, жүдеп-жадап, азып-тозып кетуіне жол бермеді. Тіпті, төбесіне шығарып, төріне отырғызды. Әріге барсақ, өткен ғасырдағы Қазан төңкерісі кезінде Волга бойындағы аштыққа ұшыраған орыс жұртының өкілдері қазақ жеріне жетіп, жандарын сақтап қалғанын да ешкім жоққа шығара алмасы анық.
Сондықтан, сөз соңында: «Қазақ халқы, қазақ жұрты сіздерге мың алғыс. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, егер сіздердің елдеріңіздің басына әлдеқандай ауыртпалықты күн туа қалса, мен Қазақстанға баруға әзірмін. Мұнда мені ешкім де жатсынбай қабыл алатындығына сенімдімін. Мен қазақ жұртын сүйемін, жақсы көремін. Өйткені, мен өзімді қазақпын деп санаймын. Ол менің кіндік кесіп, дүниеге келген жерім. Яғни, ұлтым неміс болғанмен, жаным қазақ екенін ешқашан жадымнан шығармаймын, шығармақ та емеспін», – деген жүрегімнен ақтарылған ыстық сезімімді алдарыңызға жайып салуды өзіме парыз санадым.
P.S. Міне, Германиядан менің телефоныма ватсап арқылы сәлемін жолдап, бейнеролигін қоса ұсынған Александр Шмидттің айтқан ойлары, қазақ жұртына деген құрметі осындай сөздермен өрілген. Сондықтан да, оның қазақ жұртына арнаған ыстық сәлемін көпшілік назарына ұсынуды жөн деп таптым.
Жазып алып, қағазға түсірген
Аманкелді ЖҰМАБЕК,
журналист, аудармашы, ақын.
Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар