Қамқорлыққа ұштасқан шара

Біздің Көкшетау қаласындағы №22 жалпы білім беретін негізгі мектебі 10 қаңтар мен 10 ақпан аралығында «Қамқорлық» қайырымдылық акциясын өткізді. Бұл акцияның мақсаты – әлеуметтік көмек алуға құқығы бар аз қамтылған, көп балалы, тұрмысы қолайсыз отбасылардың балаларына, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және басқа санаттағы балаларға әлеуметтік көмек көрсету, оқумен қамтылуы тиіс мектеп жасындағы балаларды анықтау және есепке алу, сондай-ақ, әртүрлі әлеуметтік себептер, яғни, киімдерінің, аяқ киімдерінің, оқу құралдарының жоқтығы бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алу. Акция кенеттен өткізілген жоқ, алдын ала дайындық жасалып, жұмыс жоспары құрылып, бекітілді.
Жоспар негізінде жоғарыда айтылған топтарға жататын балалар тегін ыстық тамақпен қамтылды. Сондай-ақ, акция аясында ата-аналар мен мектеп ұжымы киіммен, оқу-құралдарымен көмек көрсетті. Мәселен, жеке кәсіпкер Қанат Әутәліпов аз қамтылған отбасылардың 5 баласына 12 мың теңгенің көлемінде оқу-құралдарымен көмек көрсетті. ЖК «Бекеева» 25 мың теңге көлемінде бір топ балаға көмек қолын созып, тағы 2 балаға 5 мың теңгенің қажетті оқу құралдарын әперді. Бұл қамқоршыларымызға айтар алғысымыз шексіз.
Бірлік шағын ауданы бойынша 18 жасқа дейінгі балалар тізімі анықталды. Рейдтік іс-шаралар кезінде тәртіп бұзған оқушылар анықталған емес. Сабақты себепсіз босатқан оқушылармен мектеп әкімшілігі, психолог, әлеуметтік педагог, сынып жетекшілері әрдайым жұмыс жүргізуде. Сынып жетекшілері қосымша «Көршіңізге қамқорлық жасаңыз» атты тәрбие сағаттарын өткізді.
Жалпы, «Қамқорлық» акциясы шарасының барысында 48 балаға 42 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді.
Айгүл ЖАРКЕНОВА,
Көкшетау қаласындағы
№22 жалпы білім беретін негізгі мектептің
әлеуметтік педагогы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *