Өнердің жетік тілімен

Достық деген – ауқымы аса кең ұғым ғой. Меніңше, оны әр тілде, әртүрлі тәсілмен жеткізуге болады. Біз болсақ, сол татулық, тыныштық туралы түсінігімізді сөзбен емес, өнермен әспеттейтін қауымбыз.

Шеберлердің басын қосып, біріге жұмыс жасай бастағанымызға біраз жылдың жүзі болып қалғанымен, ресми түрде Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы халықтық сәндік-қолданбалы өнер шеберлері қауымдастығы болып тіркелгенімізге биыл екінші жыл.  Былайғы адамға: «Ұста мен достықтың қатысы қанша?» − деген ой келуі мүмкін. Бәлкім, бұл заңды түсінік те шығар. Бірақ, менің бұған қатысты айтпағым – кез-келген халықты халық, ұлтты ұлт ететін оның ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан мәдениеті, салт-дәстүрі мен өнері.  Қандай да болмасын жұрттың болмысын біз олар сонау бір замандарда қолданған ыдыс-аяғы, киім-кешегі мен әшекей бұйымдарынан танып жатамыз. Тіпті, тарихшылардың зерттеулеріне, ғалымдардың нақты бір тұжырымдарға келуіне де бізге ұсақ-түйектей көрінетін осы бір дүниелер әсер етеді.
Яғни, ұлттың қалыптасуындағы қолданбалы өнердің маңызы зор деген сөз. Міне, біздің жұмысымыздың негізгі бағыты да, көздеген басты мақсатымыз да осы. Жалпы, еліміз дарындарға бай ғой. Өз аймағымыз да сондай таланттардан кенде емес.  Бүгінде облыстық деңгейдегі біздің қауымдастықтың құрамына жүзден астам шебер кіреді. Оның ішінде отыз-қырығы өз бұйымдарын тұрақты түрде көрмелерге шығарып, сатылымға қоятын белсенділер.
Жалпы, бізде әр бағытты дамытуға жеке-жеке көңіл бөлінеді. Мәселен, ағаш жонып, одан түрлі музыкалық аспаптар мен бұйымдар жасайтын Шоқан Елеманов, теріден ат әбзелдерін тігетін Алексей Беломеснов, жүн өнімдері, яғни, киізден кәде-сыйлар дайындайтын Вера Фризин, түрлі қуыршақтарымен жұртты тамсандырып жүрген Татьяна Проконная, бисер моншақтарынан бұйымдар тігетін Мария Кунавина, жұмсақ ойыншықтар тоқитын Анна Содицкая, қалта, қоржын жасайтын Гүлнәр Жүнісова, кілемшелер тоқитын Кенжебай Смағұл мен ұлттық нақыштағы кәде-сыйлары ерекше Ольга Лузинаны, басқа да өнер шеберлерін атап өтуге болады. Ал, Рустам Яковлев атты зергер музейлермен тығыз байланыста жұмыс істейді. Бүгінде оған елордамыз Астана қаласы мен Ақтөбе мұражайларынан  ұлттық бұйымдарға тапсырыс түсті. Шебер оған бар ынта-жігерін салып, жүрегімен беріле, ойын топтастыра жасағандықтан, қолдан жасалған дүниенің әрбірі, оны жасаушы азаматтардың әрқайсысы да зор мадаққа лайық. Сондықтан да, жоғарыдағы тізімді бұдан әрі жалғастыра беруге болады.
Достық үйі ашылғалы бізде шеберлердің жеке көрмелерін ұйымдастырып тұруға мүмкіндік беретін көрме залы ашылды. Міне, содан бері осы бір ғажап өнер туындыларын тамашалап, сатып алып жатқан азаматтар саны да күн санап арта түсуде. Бүгінгідей нарық заманында «Көрмемді өткізіп беріңізші!» деп әр табалдырықты тоздырып, жылдар бойы сол мақсатына жете алмай жүрген өнер адамдары қаншама? Бұл тұрғыдан алғанда, біз бақыттымыз. Залымыз бар. Зергер, ұста, шеберлер өз тауарларын қалаған бағасымен саудалайды. Бір жағынан бұл халыққа да жеңіл. Себебі, жұрт дүкендердегі қосымша бағасыз, ешбір делдалсыз көздің жауын алар жауһарды қолжетімді бағамен сатып ала алады.
Осы сұраныс мәселесін айтқанда, ақмолалық шеберлердің тағы да жолы болып тұр. Олай дейтінім, түрлі деңгейдегі халықаралық, республикалық шаралар жиі ұйымдастырылып, жыл бойы турист толастамайтын Бурабайда өз жерлестеріміздің кәде-сыйлары саудаланады. Мұны да бізге көрсетіліп отырған зор қолдау деп қабылдағын жөн.
Биыл Ассамблея жылы біз үшін бұрынғыдан ерекше жыл болғалы тұр. Сондықтан да, оны өз деңгейінде атап өтуге біздің дайындығымыз жоғары. Осы Достық үйіндегі әдістемелік кабинетте  тұрақты түрде шеберлік сыныптарын ұйымдастырып тұруды көздеп отырмыз.  Әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардың балалары үшін оны тегін өткізу де ойда бар.  Бұл да жастарды өнерге баулуға, жалпы, қоғамға қосқан кішкентай бір үлесіміз болса екен дейміз. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған біздің көрмеміз бүгінде облыс тұрғындарының назарына ұсынылуда.
Біз шеберлерімізді халықаралық көрмелерге қатыса аларлықтай, солардың туындыларын еліміздің атынан ұялмай көрсетердей деңгейге жеткізсек дейміз. Мен биылғы мерейлі жылда осы мақсатқа бір табан жақындай түсеміз деген ойдамын.

 Людмила ЯРОЦКАЯ,
Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы халықтық cәндік-қолданбалы өнер шеберлері қауымдастығының төрайымы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар