Үнемдеуге көшпекші

Бурабай ауданындағы бірнеше жылу қазандықтары алдағы уақытта отынды 30 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік беретін жаңа жобаны іске қосады деп күтілуде.

Тың жобаны астаналық ғалым Владимир Ким ойлап тауып, ұсыныпты. Отын үнемдеуші жаңа жүйенің қондырғысы Щучинск қаласындағы №3 қазандыққа қойылып, сынақтан өткізілді. Алғашқы нәтижелері жаман емес екен. Су мен мазуттың эмульсиясымен жұмыс істейтін жүйе бір ай ішінде өз тиімділігін дәлелдеген. Жаңа жүйенің отыны – су-мазут эмульсиясы. Бұл отын түрінен ешқандай да түтін шықпайды, яғни, қоршаған ортаға ешбір зиян келтірмейді. Атмосфераға тарайтын зиянды заттар да жоқ. Әрі мұржа да бітелмейді. Коммуналдық мекеме мамандарының пікіріне сүйенсек, «Жылда жағылатын 18 мың тонна мазуттың көлемі 14-15 мың тоннаға азайған.
–Бізге мазут Атыраудан тасымалданады. Оны түсіріп, 90 градусқа дейін қыздырамыз. Көбінесе ол қатып қалып, сапасы нашар болып жатады. Ал, мына жаңа жүйені қолдана бастағаннан бері оның жануы да, сапасы да жақсарды, әрі жылуы мол, – дейді коммуналдық мекеменің директоры Қазақстан Ыдырысов.
Жаңа жүйені ойлап табуға және оны қолданысқа енгізуге басында 20 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсалыпты. Өнертапқыш ғалымды қазіргі уақытта инвес-торлар қолдап жатыр. Тек қандай да бір елді мекендердің атқарушы биліктегі басшылары осы жүйені өздерінде орнатуға келісім берсе, жаңа қондырғының орнатылуына бар қаржыны қалталы азаматтар көтеруге әзір көрінеді.
Жоба авторына сөз берейік:
– Егер біз су мен мазут эмульсиясын пайдаланып, мазутты үнемдейтін болсақ, үнемделген отынның әр тоннасы ауаға 3 тоннаға жуық парник газдарын таратқан болар еді. Яғни, экологиялық тиімділігі өте зор. Бұл жүйеге жергілікті бюджет немесе жеке тапсырыс берушілер шығын шығармайды, себебі, инвес-торлар өздері көтеруге әзір, –дейді.
Ғалымға қолдау білдіріп, оның жобасын қаржыландырып отырған инвестициялық компанияның басшысы Игорь Ляшенконың сөзіне қарағанда, олар көптеген қаржы институттарымен байланыс орнатқан. Қазақстанда қолға алынып жатқан осы жобаға ол 2 миллиард АҚШ доллар көлемінде қаржы салуға дайын екен. «Инвесторларға бұл жобадан қандай пайда бар?» дейтін болсақ, олар өздерінің құйған қаржысын үнемделген отынның есебінен алып отырады. Қазір ғалым осы жобаны жер-жерде таныстырып жүр. Жаңа жүйеге қызығушылық танытып отырғандар қарасы көп сияқты. Аталмыш жоба алдағы уақытта Қарағанды және Көкшетау қалаларының қазандықтарында жүзеге асырылып, үнемді қондырғы орнатылуы мүмкін.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар