Қысқы спартакиада қызықты өтті

Степногорск қаласында 32-шы қысқы облыстық «Хрустальный колос-2018» спартакиадасы болып өтті.

Қаланың мерекеге сай безендірілген орталық алаңына халық көп жиналды. Облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова өңір басшысы Мәлік Мырзалиннің атынан спартакиадаға қатысушыларды құттықтап, өңірімізден есімдері әлемге, республикамызға танымал көптеген спорт саңлақтары шығып отырғандығын айта келе, Елбасы Жолдауында тұрғындардың 30 пайызын бұқаралық спортқа тарту міндеті қойылғанын атап өтті және спортшыларға дүбірлі додада сәттілік тіледі. Бәсекеге облыстың әр ауданынан келген 700-ден астам спортшыдан құралған 19 команда қатысып, шаңғы жарысы, допты хоккей және биатлон тәрізді қысқы спорт түрлері бойынша сынға түсті. Сап түзеген командалар алдында биатлоннан Қазақстан Республикасының спорт шеберлері, еліміздің бірнеше дүркін чемпиондары Изабелла Парманова, Арина Крюкова, Бөгенбай батыр атындағы дарынды балаларға арналған облыстық спорт мектеп-интернатының тәрбиеленушісі Айна Теміртасова, әйелдер күресі бойынша халықаралық деңгейдегі спорт шебері, жастар арасында Азия чемпионы Нұргүл Нұрғалиева спартакиада жалауын көтерсе, дзюдодан спор шеберлігіне үміткер, республикалық чемпионаттың қола жүлдегері, футзалдан Степногорск қаласы құрамасының капитаны, Ақмола облысының бірнеше дүркін чемпионы Давид Клдиашвили жарыс алауын жақты. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Әсет Бүкібаевтың айтуынша, қысқы спорт түрлері бойынша өтетін жарысқа деген қызығушылық жыл өткен сайын арта түсуде.
– Облыстық деңгейдегі спартакиада жергілікті жас спортшылар үшін республикалық, әлемдік додаларға апарар жолдағы алғашқы баспалдақ. Өткен жылдағыдан гөрі, биыл қатысушылардың саны көп. Сондықтан, жарыс тартысты өтті, –дейді Әсет Бүкібаев.
Үш күнге созылған жарыста Зеренді ауданынан келген спортшылар жоғары нәтиже көрсетіп, командалық есепте спартакиада чемпионы атанды. Ал, одан кейінгі екінші және үшінші орындарға Аршалы, Астрахан аудандарының командалары жайғасты. Қала командалары арасында Степногорск қаласының құрамасы бірінші, көкшетаулықтар екінші және Щучинск спортшылары үшінші орыннан көрінді.
Шараның жабылуы салтанатында степногорліктер келесі спартакиаданы қабылдайтын Бұланды ауданының өкілдеріне жарыс алауын тапсырды.

Аслан Оспанов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар