Дәрігер шапағаты

Аса жауапкершілік пен төзімділікті талап ететін дәрігер қызметі жеңіл еместігін елдің бәрі біледі. Атбасар аудандық орталық ауруханасында 45 жылға жуық үздіксіз еңбек етіп келе жатқан дәрігер-кардиолог-функционалист Гүлзағи Маханова осындай жауапкершілік арқалаған жан.

Бар қажыр-қайратын, білімін, адал еңбегін, ақ пейілін денсаулық сақтау ісіне арнаған жоғары санатты дәрігер-кардиологтың ерен еңбегі қандай да марапатқа лайық. Ол орта мектепті алтын медальға бітіріп, 1968-1974 жылдары жоғары оқу орны – медицина академиясын үздік тәмамдаған. Жолдамамен Атбасар аудандық ауруханасына жұмысқа орналасады. Алғашқы еңбек жолын учаскелік дәрігер болып бастаған ол емдеу бөлімінің дәрігері, одан кейін 1979 жылдан бастап кардиолог-дәрігер қызметтерін абыроймен атқарып келеді.
Ал, бүгінгі күнде зейнеткерлікке шықса да он жылға жуық еңбек етуде. Бірақ, жұмысы көбеймесе, азайған емес. Оның еңбекқорлығы соншалық, дәрігер-кардиолог мамандығына қоса, функционалдық бөлімнің дәрігері қызметін де қоса атқарып келеді. Мұндай дәрігер маманның жетіспеушілігі айтпаса да түсінікті жайт қой. Сондықтан, кардиолог маман ретінде науқастың қан ұю жүйесін, отадан кейінгі науқастарды емдеу, электрокардиостимуляторлар, артериялық гипертоник науқастардың бәрін емдеп қана қоймай, үнемі оларды назардан тыс қалдырмай, қадағалап отырады.
Гүлзағи Айтбайқызы қашанда ерекше ынта-ықыласымен, күн демей, түн демей аянбай еңбек еткен абзал жанның бірі екеніне жүріп өткен жолдары куә. Өзінің ізбасарларын дайындауды да ұмытпаған ол жас дәрігерлерді өз мамандығын игеруге тәрбиелеп жүрген тәжірибелі тәлімгер десек артық айтқандық болмас.
Адал еңбегі үшін 1997 жылы «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған.
Дәрігер бізбен әңгімесінде:
– Мен тек ауруханада ғана емес сонымен қатар, ауыл-селоларға барып тұрғындардың денсаулығын үнемі қадағалап отырамын. Ертеректе механизаторлар мен сауыншылардың денсаулығын тексеріп, әр үш ай сайын іссапарға барып тұратынбыз. Мәселен, күзгі-қысқы науқандық жұмыстар, яғни, егістік, мал төлдету, егін орағы кезінде міндетті түрде шалғай елді мекендерге баратынбыз. Сондай-ақ, мен аудандық әскери комиссариатта әскерге шақырылғандарды тексеру жұмыстарын да бір кісідей атқардым. Бұл іс жауапкершілікті талап етеді. Өйткені, әскер қатарына жүрегі ауыратын балалар қабылданбауы тиіс. Сол үшінде мұқият тексеруден өткізіп, ауру белгісі байқалса, ем-дом жасауға міндеттіміз, – дейді.
Гүлзағи Айтбайқызы үнемі дәрігерлермен шеберлік сабақтарын өткізіп, өзінің білгенін кейінгілерге айтудан еш жалыққан емес. Кардиолог маман өте сирек. Сондықтан да болар, ол сөз арасында:
– Менің емделушілерім үнемі өзіме алғыстарын жаудырып жатады. Осының өзі үлкен мәртебе, – деп еңбегінің өтеуін, көңіл ризашылығын жеткізді. Ол жұбайы екеуі перзенттерін тәрбиелеп, өсіріп, жоғары оқу орнында оқытып, немере сүйіп отырған өнегелі отбасы.
Жалпы, кардиология – медицинадағы ең маңызды бөлім. Міне, сол жолда өз ізін салып, жастайынан келген жұмысына лайықты үлесін әлі де қосып келе жатқан кәсіби маманның қайсарлығы мен күш-жігеріне тәнті боласың. Зейнеткермін деп жұмыстан қол үзіп қалмай, еліне қалтқысыз қызмет етіп жүрген Гүлзағи Айтбайқызы білікті мамандардың бірі.

Асылай Қадырқызы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар