Салиқалы Сағадат

Жүрек әмірінен, жан дүниеңнің қалауынан құдіретті ештеңе жоқ шығар, сірә. Кіндік қаның тамған қасиетті топырақтың келбетін нұрландыруға, еліңе еңбегіңді сіңіруге әлгі әмірші түйсік арқылы бұйырып тұрса бір ғанибет. Бүгінде Қорғалжын селосындағы №1 агротехникалық колледж директорының орынбасары болып қызмет істейтін Сағадат Аққожина бұған дейін аудан әкімінің орынбасары болып еңбек еткен кезінде елге көп қызмет жасаған адам. Ол еңбек жолын 1976 жылы Қорғалжын орта мектебінде математика пәнінің мұғалімі болып бастады. Аудандық білім бөлімінде қызмет істеді. Мектеп директоры қызметін атқарып жүргенде ұйымдастырушылық қабілеті мол маман ретінде танылды.

Аудан әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалғанға дейін ауданның тыныс-тіршілігін тәп-тәуір білетін. Сондықтан да, ең алдымен қай шаруаны шешу қажеттігі жайында жоғарыдан нұсқау тосқан жоқ. Барлығы құтты алақанындағыдай. Білім саласы ежелден таныс, әлеуметтік саланың да тыныс-тіршілігі белгілі. Қызметке келген жылдары атаулы әлеуметтік көмек сұраушылар көп болатын еді. Нақтылап айтсақ, 490 адам. Осы орайдағы табысын айшықтап көрсету үшін қазір бірде-бір адамның жоқтығын айтсақ та жеткілікті. 2002 жылдан бері аудандағы жұмыссыздық деңгейі 4 пайыздан 0,5 пайызға төмендеді. Бұрын екі қолға бір күрек таба алмай жүрген азаматтар тұрақты жұмыспен қамтылды. Оған себеп болуы жаңа жұмыс орындарының ашылуы. Өткен жылдың жартыжылдығында 85 адам жұмыспен қамтылды. 51 жұмыссыз қоғамдық жұмыстарға орналастырылды. Осы орайда, аудандағы мүгедектердің де жағдайына жіті көңіл бөлінетіндігін екпін түсіріп айта кеткен жөн. 2012-2015 жылдары аудандағы 85 нысанға пандустар мен санитарлық желілер орнатылды. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бағытында да жанға жағымды жаңалықтар бар. Сөзімізді дәйектей кету үшін өткен жылы 7 миллион 200 мың теңгеге меморандумға қол қойылғандығын айтсақ та жеткілікті.
Аудандағы білім беру саласының тыныс-тіршілігі жыл өткен сайын жақсарып келеді. Білім ошақтарының материалдық-техникалық базасы нығайтылуда. Оқу-тәрбие жұмысының оң жолға қойылуының арқасында соңғы жылдары аудандағы мектеп оқушылары 8 Алтын белгімен, 4 ерекше үлгідегі аттестатқа ие болды. Тоғыз орта мектеп пен балалар музыка мектебіне, «Балауса» бала бақшасына күрделі жөндеу жасалды. Амангелді ауылында жаңа ғимарат салынды. «Балапан» бағдарламасы аясында балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз ету 34 пайыздан 89 пайызға дейін көтерілді. Осы бағдарлама шеңберінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында «Ақ ботақан» бала бақшасы ашылып, 80 балаға тәлімді тәрбие беруде.
Қорғалжынның табиғаты өте көркем. Бұл өңірде туризмді дамытудың мол мүмкіндіктері бар. Осыған орай, арнайы концепция дайындалды. Туризмді дамыту ресурстық орталығы ашылды. Ауданда туризм интернет сайты ұйымдастырылып, көпшілікке қызмет етуде. Осы сайттың ілкімділігінің нәтижесінде Қорғалжынның көркем табиғатын тамашалап, демалушылар саны өсе түскен. Қазір жылына 5 мыңға жуық туристер ат басын бұрады.
2008 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қазақстанның халық әртісі, композитор Кенжебек Күмісбековтің ескерткішінің салынуы ел қуанышына себепші болды. Қырық жылдан астам жөндеу көрмеген аудандық мәдениет үйінің ғимараты 2013 жылы күрделі жөндеуден өткізілді. Көрермендер залына қажетті жаңа креслоларға 19 миллион теңге жұмсалды. Ардагерлер клубы ашылып, жұмыс істеуі – аға буынның ризашылығын туғызып отыр. Сағадат Қарабекқызының мәдениет саласына қосқан үлесі де өз алдына бір төбе. Аудандағы екі өнер ұжымы «халықтық» атағына ие болса, жаңадан үш ансамбль, екі би ұжымы құрылып, жергілікті жұртшылыққа қызмет көрсете бастады. Медицина саласында да ауыз толтырып айтарлық жетістіктер бар. Аудандық орталық аурухананың ғимаратына күрделі жөндеу жұмысы жасалды.
Жастар мәселесі де назардан тыс қалып көрген жоқ. Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытында да жанды жұмыстар атқарылуда. Қазір ауданда бірде-бір жат ағымдағы діни топтар жоқ.
Міне, осылайша қасиетті Қорғалжын даласы жылдан-жылға жасарып, замана көшіне ілесіп келе жатса, сол ауқымды істе біздің кейіпкеріміздің де мол үлесі бар.
Б.ҚАЙЫРЛИН.
Суретте: Сағадат Аққожина №1 агротехникалық колледж директорының орынбасары.

Қорғалжын ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар