Аға тергеуші

Заманауи қоғамда «әйел полиция қызметкері» деген ұғым жаңашылдыққа жатпайды. Қазіргі кезде Ішкі істер органдары қызметкерлерінің қатарында әйел қызметкерлердің саны арта түсуде. Нәзік жанды полиция қызметкерлері «кабинеттік» лауазымнан бөлек ер азаматтармен қатар тергеу амалдарын жүргізіп, ауыр қылмыстарды ашумен айналысады.
Ішкі істер органдарындағы кәсіби жолын полиция капитаны Меруерт Оралбекқызы Бекішева 2010 жылы Ақмола облысы ІІД тергеу басқармасында бастайды.
Меруерт 1987 жылы Ақмола облысы Зеренді ауданының Сәкен Сейфуллин атындағы ауылында дүниеге келген. Анасы Амангүл Қабиденқызы биология пәні мұғалімі болып қызмет атқарған, қазір зейнеткерлік демалыста. Әкесі Оралбек Қожабекұлы Бұлақ селолық округінің әкімі. Меруерт ағасы мен әпкесінен кейінгі үйдің кенжесі.
Қызық та қиын мамандықты тандауға құқық қорғау саласында қызмет атқарып жүрген ағасы Азамат ықпал етеді. «Ағасы бардың жағасы бар» дегендей дана халқымыз, кішкентайынан ағасын үлгі тұтып, өсе келе ізін басады.
Меруерт 10 жаста болғанда Азамат Ішкі істер министрлігінің Қостанай заң институтына оқуға түседі. Ағасының ант қабылдау рәсіміне барған кезде аталған іс-шараға орайластырылған мерекелік парадта сұңғақ бойлы, өз-өздеріне сенімді, салтанатты әскери киім үлгісінде әдемі жүріп өткен қыздардың маршын көріп, өскенде полиция қызметкері болам деген арман жүрегіне ұялайды.
Зеренді ауданының Еленовка орта мектебін аяқтағаннан кейін Меруерт Оралбекқызы Қарағанды қаласындағы
Б. Бейсенов атындағы ІІМ заң институтына тергеуші мамандығы бойынша оқуға түседі. Үздік студенттердің бірі болғандықтан Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасы арқылы шет елге барып оқуды жалғастыруға мүмкіндік туады. Сол мүмкіндікті жіберіп алмай Меруерт Ресейде, Омбы ішкі істер академиясында теориялық білім алып, басқа мемлекеттердің заңдарын салыстырмалы түрде оқиды, тергеуші мамандығын 5 жылда меңгереді.
Оқуын аяқтап, туған өлкесіне оралғаннан кейін қызмет жолын тергеуші лауазымында бастайды. Жас қызметкерге тәлімгері Ж. Сердалин, тәжірибелі әріптестері
А.Т.Қасымов пен Е.С.Әубәкіров көмектесіп, тергеу істерін жүргізуді үйретеді. 2010 жылы №166-23 Гранитный түзету түрмесінде болған сотталғандар көтерілісі бойынша құрылған тергеушілер тобының құрамында Меруерт ең бірінші рет тергеу жұмыстарын жүргізді.
Өмірлік жары Дулатпен Қарағанды қаласында оқуда жүргенде жерлестер кездесуінде танысады. Бір оқу орнының курсанттары болғандықтан бір-бірлеріне демеу болып, жақсы достар ретінде араласады. Кейін Меруерт Омбы қаласына оқуға кетеді. Алайда тағдырдың жазуы болар, 6 жыл өткен соң 2010 жылы олар қайта кездесіп, бірге жұмыс істей бастайды, таныстықтары махаббатқа ұласады. Екі жылдан кейін екі жас отбасын құрып, Дастан есімді ұлдары өмірге келеді. Жұбайы Дулат полиция майоры, тергеу басқармасының қызметкері.
Қазіргі уақытта аға тергеуші
Меруерт Оралбекқызы кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық көрсету бойынша қылмыстарды сотқа дейінгі тергеу жұмыстарымен айналысады.
Заң сақшыларының жұмысын жан- жақты қарастырсақ оңай емес. Ер азаматтарға арналған сияқты көрінеді. Алайда біздің кейіпкерге қарап құқық қорғау саласында әйел қызметкерлер де өз қызметтік міндеттерін жақсы атқарып келе жатқандарын байқаймыз.

Әйгерім Жексенова,
Ақмола облысы ІІД баспасөз қызметінің маманы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар