Базалық мөлшерлемені 9,5 пайызға дейін төмендету туралы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі базалық мөлшерлемені +/-1 пайыз дәлізбен 9,5 пайызға дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Жылдық инфляция 2018 жылға арналған нысаналы дәліз ішінде баяулауын жалғастыруда. Инфляциялық күтулер төмендеу үрдісін көрсетіп отыр. Қысқа мерзімді аралықта жылдық инфляцияның 5-7 пайыз дәлізінің төмен шегінен шығу тәуекелдері бар, алайда орта мерзімді кезеңде инфляция 2019 жылға арналған 4-6 пайыз жаңа нысаналы дәліздің ішінде болады. Сыртқы нарықтарда және сауда әріптес елдердегі жағдайдың даму болашағына қатысты жағымды үрдістерді және оң бағалауды, сондай-ақ, Қазақстан экономикасының өсуін 2018-2019 жылдары сақтау бойынша күтулерді ескере отырып, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2018 жылы бейтарап ақша-кредит талаптарының сақталуын қамтамасыз ете отырып, базалық мөлшерлемені біртіндеп төмендету саясатын жалғастырады.
Жылдық инфляция 2018 жылдың басынан бастап Ұлттық Банк күткендегіден барынша тез қарқынмен баяулап, ақпанда 6,5 па-йыз болды. Бағаның мұндай серпіні сыртқы инфляциялық аяның әлсіреуіне және ішкі нарықтағы жиынтық ұсыныстың өсуіне негізделді. Сауда әріптес елдердегі инфляцияның төмен деңгейі импорттық тауарлар бағаларының төмендеуіне ықпал етуде. Бұдан басқа, халықтың нақты ақшалай табыстарының теріс серпіні сақталған кезде ішкі тұтынудың қалпына келуі баяу қарқынмен орын алуда, бұл өз кезегінде тұтыну бағаларына дезинфляциялық қысым көрсетуде.
Инфляцияның жекелеген құрауыштарының қымбаттауы энергия тасымалдауыштар нарығындағы алдыңғы жыл күйзелістеріне жауап ретінде қысқа мерзімді түзетуді көрсетіп отыр. Қаңтарда құбылмалы құрамдас бөліктерді (жеміс-көкөніс өнімі, энергия тасымалдауыштар, реттелетін қызметтер) ескермегенде базалық инфляция 6,1 пайызға дейін төмендеп, бәсеңдеу серпінін жалғастырды.
Ағымдағы жылы инфляциялық тәуекелдердің сипаты жоғары (нысаналы дәліздің жоғары дәлізінен асып кету тәуекелі) сипаттан төмендеу сипатына ауысты. Ұлттық Банктің бағалауынша, әлсіз ішкі тұтынушылық сұраныс аясында және жекелеген тауар нарықтарындағы күйзелістер болмаған кезде 2018 жылғы 4-тоқсанда инфляция 5 пайыздан аз (нысаналы дәліздің төменгі шегінен төмен) болуы мүмкін. Алайда төмен инфляция аясында күтілетін халық табыстарының қалпына келуі 2019 жылға арналған 4-6 пайыз жаңа нысаналы дәлізге қол жеткізуді қамтамасыз етеді.
Экономикада байқалып отырған дезинфляциялық процестердің аясында инфляциялық күтулер төмендеу үрдісін сақтауда. 2018 жылғы қаңтарда халыққа жүргізілген пікіртерім нәтижелеріне сәйкес бір жыл алға күтілетін инфляцияны бағалау 2017 жылғы қарашадағы 7,7 пайыз ең жоғары мәнмен салыстырғанда 6,6 пайызға дейін төмендеді. Өткен жылы тауарлар бағасы бұрынғыға қарағанда тезірек өсті деп есептейтін респонденттердің үлесі жыл басынан бері 52,1 пайыздан 47 пайызға дейін төмендеді, бұл халықтың инфляцияны қабылдауының жалғасып келе жатқан жақсаруын куәландырады.
Ағымдағы жылы экономикалық белсенділік сенімді өсуін жалғастыруда. 2018 жылғы қаңтардың қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық индикатор 104,7 пайызды құрады. Экономиканың өсуі өндірістік сектордағы белсенділікке негізделген және энергия ресурстарына әлемдік бағалардың өсуіне, сыртқы сұраныстың қалпына келуіне және минералдық ресурстарды өндіру көлемінің өсуіне байланысты.
Инфляцияның баяулауы және экономиканың орнықты өсу бағытына біртіндеп шығу аясында ақша-кредит талаптары бейтараптыққа ұмтылуын жалғастыруда. Базалық мөлшерлемені одан әрі төмендету жөніндегі саясат инфляцияның болашақ деңгейінің орта мерзімді нысаналы дәлізге сәйкестігін және 2018 жылы инфляцияның барынша тез төмендеу тәуекелдеріне, олардың шектеулі және қысқа мерзімді сипатына қарамастан 2020 жылға қарай 4 пайыздық мақсатқа жетуін қамтамасыз етеді.
Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім 2018 жылғы 16 сәуірде Астана уақытымен сағат 17:00-де жарияланады.

«ҚР Ұлттық Банкі» РММ
Ақмола филиалының ақпараты бойынша.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар