Кеншінің еңбегі әділ бағалануы тиіс

Кеншінің жұмысы ең бір ауыр да бейнетті кәсіптердің бірі. Олардың еңбекақысы төккен маңдай терін ақтауы тиіс. Осы орайда, Степногорскідегі ең ірі кәсіпорындардың бірі – Степногорск тау-кен химиялық комбинаты ұжымының өтінішімен жиналыс болып өтті.

Қала әкімі Әнуар Күмпекеевтің қатысуымен ұйымдастырылған кездесу барысында бүгінгі таңда зауыт ішінде туындап отырған өзекті мәселелер назарға алынып, екі жақтың пікірлері тыңдалды. Қазір кәсіпорында мыңнан астам адам жұмыс істейді. Ұжымдық келісім-шарт бойынша бұл мәселенің комбинатта туындағанына бірнеше жылдың жүзі болғанға ұқсайды. Қала әкімі Әнуар Күмпекеев өз сөзінде жұмысшылар өтінішінің мазмұны жөнінде айтып берді. «Степногорск тау-кен химиялық комбинаты» серіктестігінің бас директоры Игорь Татаров кәсіпорынның бүгінгі таңдағы тыныс-тіршілігіне тоқталып, уран өндірудің көрсеткіштері жыл санап төмендеп келе жатқанын айтты. Мұның да өзіндік себебі бар көрінеді. Туындап отырған мәселелер осының салдарынан болып отыр.
– «ҚазАтомӨнеркәсіп» серіктестігінің барлық кәсіпорындары өнім өндіру көлемін 10 пайызға азайтқан. Бұл жағдай жұмыс барысына кері әсер етті. Осы орайда, кәсіпорын басшылығы алдағы уақытта мыс-молибден өндірісін қолға алуды межелеп отыр. Өткен жылы 559 тонна өнім өндірілді. 2018 жылы оның көлемін екі есеге арттырып, бір мыңнан астам тонна мыс молибден шығаруды жоспарлап отырмыз, – деді кәсіпорын басшысы.
Жиналыс барысында жұмысшылар айлық еңбекақы мөлшері мен ұжымдық келісім-шарт мәселесіне байланысты сауалдар қойды. Кәсіподақ төрағасының міндетін атқарушы Марьям Ильюхина ұжымдық келісім-шарт бірқатар келіспеушіліктермен қабылданғандығын алға тартып, онда белгілі бір себептерге байланысты 2,9 коэффициенті жоқ екендігін айтып берді. Сондай-ақ, еңбек және еңбекақы бөлімінің басшысы Инна Леонова айлық еңбекақы мөлшері жөнінде пікірін білдірді. Бұл жағдайда Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінде көрсетілген заңнамалар бұзылмаған. Дегенмен, жұмысшылар тарапынан еңбекақы мөлшерінің аздығы жөнінде наразылық туындады. Кәсіпорынның бас директоры айлық еңбекақы ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап 7 пайызға артатынын мәлімдеді. Кездесу барысында жұмысшылар тарапынан арнайы киімдер, еңбекақы мөлшерін өсіру және мамандардың жетіспеушілігі жөнінде сауалдар қойылды. Жиналыс-ты қорытындылаған шаһар басшысы кәсіпорын әкімшілігіне жұмысшылардың ұсыныстарын бір айдың ішінде мұқият қарастыру қажеттігін тапсырды. Аталмыш кәсіпорындағы жағдай атқарушы билік өкілдерінің бақылауында тұрғанын, жұмысшыларға жергілікті әкімшілік тарапынан қолдау көрсетілетіндігін жеткізді. Сөздің түйіні – кенші еңбегі әділ әрі лайықты бағалануы керек. Олардың маңдай тер ақысын жемеген жөн.
Полатбек ЖАНБАЕВ.
Степногорск қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар