Келешек үшін тиімді

Латын әліпбиіне көшу – Елбасының тағы бір маңызды бастамаларының бірі және дер кезінде тіліміздің болашағы үшін жасалған қадам.

Шынымен де, технологиялық, жаһандық заманда Қазақстанның латын графикасын таңдауы – мемлекеттік деңгейдегі тиімді шешім деп ойлаймын. Сол себептен, латын әрпіне көшу көпшіліктің қолдауына ие болып жатқанын көріп отырмыз.
Жақында ғана халықтың назарына ұсынылған жаңа нұсқада қазақтың төл әріптерінің белгіленгенін ерекше атап өтуге болады. Алдыңғы нұсқа бойынша сыни көзқарастар ескеріліп, назарға алынғандығы байқалады. Сондықтан, әліпбидің соңғы нұсқасы жастардың көңілінен шыққанын мен нық сеніммен айта аламын.
Жалпы, латын қарпіндегі әліпбиге көшу қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашып, Қазақстанның әлемдік қауымдастықпен жақындасуына мүмкіндік береді. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді қадамдар басталмақ. Ең бастысы, түбі бір түркі дүниесі негізінен, латынды қолданады. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуімізге латын тілі алтын көпір болмақ. Осы тұрғыдан қазақ әліпбиін латын графикасына негізделген әліпбиге көшіру арқылы әлемдік тілдік кеңістікке еркін ене аламыз. Ол дегеніңіз қазіргі дамыған технологиялық ортаға өтудің алғышарттарын жасайды, білім, ғылымның дамуын жаңа деңгейге көтереді.
Жаңа жазу елімізде ұлттық бірегейлікті сақтауға көмектеседі, отандастарымыздың мемлекеттік тілге деген құрметі нығайып, оны үйренуге, меңгеруге деген ықыласы артады. Қиындықсыз, кедергісіз шаруа бітпесі анық, бірақ біз осының бәрі болашақ үшін зор прогреске, прагматикалық ілгері басушылыққа апаратынын түсіне білуіміз керек. Елбасымыздың сарабдал саясаты мен көрегендігінің арқасында санаулы жылдар ішінде қарыштап дамып, күннен-күнге көркейіп келе жатқан еліміздің алдында тағы бір тарихи сын кезең тұр. «Алдыңғы көш қайда бастаса, кейінгілер соңынан ереді» дегендей, сын сағаттарда елін сара жолға бастай алатын Президентіміздің Көшбасшылығына, тың бастамаларымен жарқын өмірге жетелей алатын бастамашылдығына сеніп, әрі соңынан ере білген, бір шаңырақ астында бейбіт өмір сүріп жатқан көпұлтты халқымыздың ынтымақтастығы мен «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген» бірлігінің арқасында екені мәлім.
Аян ХАФИЗ,
Көкшетау қалалық «Жас Отан»
жастар қанатының жетекшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар