Банктер экономиканың болмысын көрсетеді

Алматы қаласында өткен онлайн конференциясында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев үш жүзден астам сауалға жауап берді. Бұл сауалдар қоғамның банк қызметіне, еліміздегі экономикалық үрдістерге қызығушылығын көрсетті.

Қаржы реттеушісінің басшысы алдымен, қаржы нарығындағы қазіргі жағдай жөнінде айтып берді. Қаңтарда жылдық инфляцияның 6,8 пайызға дейін төмендеуі жалғасты. Бұл биылғы жылға белгіленген жаңа дәлізге (5-7 пайыз) сәйкес келеді. Қаңтардың қорытындылары бойынша инфляциялық күтулерді бір жыл бұрын сандық бағалау 6,6 пайыз болды. Ол іс жүзіндегі инфляцияның мәніне сай деңгейде тұр.
–Ұлттық банктің алтынвалюта резервтері алдын ала деректер бойынша, қаңтарда 31,7 миллиард АҚШ долларына дейін 3,2 пайызға ұлғайды. Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтері 58,3 миллиард АҚШ долларын құрады. Елдің жалпы халықаралық резервтері 90,1 миллиард АҚШ доллары немесе ішкі жалпы өнімнің 57 пайызына жуық болды,–деді Данияр Ақышев. Сондай-ақ, ол 16 қаңтардан бастап базалық мөлшерлеме 9,75 пайызға дейін төмендегенін және базалық мөлшерлеме енгізілген сәттен бастап оның деңгейі алғаш рет бір мәнді шамаға жеткенін атап өтті. Ол бұдан әрі ақша нарығындағы жағдайға тоқталды. Ақша нарығында артық теңге өтімділігі сақталып отыр. Қаңтар соңында өтімділік алу операцияларының нетто-сальдосы 3,2 триллион теңге болды. Ұлттық банктің қысқа мерзімді ноттары өтімділікті реттеудің негізгі құралдары болып қалуда. Қаңтар соңында айналыстағы ноттар көлемі 4 триллион теңге болған. Данияр Ақышев 2018 жылы Ұлттық банктің барлық құралдары бойынша кірістілік төмендеуде екендігін атап өтті. Өткен жыл соңында ноттар бойынша ең жоғары мөлшерлеме 9,43 пайыз, ақпанда 9,02 пайыз болды.
– Валюта нарығында Ұлттық банк еркін өзгермелі айырбастау бағамы режимін ұстануда. Ағымдағы жылы теңге нығаюы байқалып отыр. Жыл басынан бері 4 пайызға, бір доллар үшін 318,99 теңге. Бұл мұнай нарығындағы жағымды конъюнктура аясында орын алуда. Сондай-ақ, ақпанда салық төлемдері кезеңіне орай теңгеге сұраныс ұлғайды деп түсіндірді Данияр Ақышев. Сондай-ақ, ол банктердің экономикаға кредит беруі қалпына келуде екенін атап өтті. Ағымдағы жылдың қаңтарында жаңа кредиттерді беру көлемі 830 миллиард теңге болды. Бұл 2017 жылығы қаңтардағы көрсеткіштен 44 пайызға көп. Қаңтарда кредиттер бо-йынша мөлшерлеме 14,7 пайыз, бизнес кредиттері бойынша – 13,4 пайыз болды. Ағымдағы жылғы қаңтарда тартылған салымдар көлемі 2017 жылғы қаңтармен салыстырғанда 20,8 пайызға ұлғайды. Шетел валютасымен салымдар 7,8 триллион теңгеге дейін 7 пайызға төмендеген кезде теңгемен салымдардың жалпы көлемі 9,4 триллион теңгеге дейін 2,1 пайызға өсті. Нәтижесінде депозиттерді долларландыру 45,4 пайыз, оның ішінде жеке тұлғалардікі – 51 пайыз, заңды тұлғалардікі – 40 пайыз болды. Ұлттық банк төрағасы банк секторының жиынтық активтері 1 ақпанда 23,8 триллион теңге болғанын айтты. Жұмыс істемейтін қарыздар үлесі банктердің несие портфелінен 9,8 пайыз болды. Банк секторының меншікті капиталы қаңтарда 5 пайызға азайып, 1 ақпанда 2,9 триллион теңге болды.
– Сақтандыру және қайта сақтандыру ұйымдары активтерінің жиынтық көлемі қаңтарда 934 миллиард теңгеге дейін 0,8 пайызға ұлғайды. Сақтандыру резервтері 478,4 миллиард теңгеге дейін 3,9 пайызға өсті. Салымшылардың жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі жинақ ақшасы жыл басынан бері 0,4 пайызға өсіп, 1 ақпандағы жағдай бойынша 7,8 триллион теңге болды,– деді Д.Ақышев. Қаржы секторын «қайта іске қосу» шеңберінде Ұлттық банк Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді орындауда. Банк секторының қаржылық орнықтылығын арттыру бағдарламасы іске асырылып жатыр. Дағдарысқа қарсы шараларды іске асырғаннан кейін Ұлттық банк тарапынан қадағалау күшейтілмекші. Заңнамаға тиісті түзетулер Үкімет пен Парламенттің қарауына жіберілді. Бас банкир өз сөзінде бағалы қағаздар нарығының тартымдылығын арттыру шеңберінде Үкімет пен Ұлттық банктің қор нарығын дамыту жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары қабылданғанын, онда қор нарығын реттеуді ырықтандыру, мемлекеттің экономикаға қатысуын азайту, нарықтық бәсекелестік баға белгілеуді қалыптастыру және зейнетақы активтерін басқарушылар инс-титутын құру бойынша бірінші кезектегі іс-шаралар айқындалғанын атап өтті.
–Бірқатар шаралар іске асырылды. Мәселен, эмитенттердің қор нарығына шығу және бөлшек инвесторлар үшін сауда-саттыққа қолжеткізу рәсімдерін жеңілдету, брокерлердің қызметін елеулі түрде ырықтандыру және банк холдингтерінің инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейту КАЗЕ-де бағалы қағаздармен сауда-саттықтың жандануына алып келді,–деді Д.Ақышев. Ол сондай-ақ, сақтандыру нарығының қаржылық орнықтылығын қамтамасыз етуге, сақтандыру қызметтерінің өңірлік қолжетімділігін арттыруға, сақтандыру өнімдерінің сапасын арттырып, құнын төмендетуге, сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған сақтандыру нарығын дамыту үшін заң жобасы әзірленді деп толықтырды. Бұдан соң еліміздің бас банкирі бірқатар өңір тұрғындары мен тілшілердің қойған сауалдарына тұшымды жауап берді.

Рамазан Тілеуов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар