Бәрі де халықтың игілігі үшін

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әлеуметтік бес бастамасын заман талабына сай туындаған жаңа бағыт, жаңа бағдар деп ұғамыз. Бұл ел рухын көтерген, сенімін нығайтқан зор серпіліс болды.

Баспана мәселесі қашанда өзекті екендігі белгілі. Әсіресе, шаңырақ көтерген жастардың баспана ала алмай жүретіндігі мені үнемі алаңдатады. Жасырары жоқ, елімізде үй салу қарқынды жүргізілгенімен, оның бағасының тұрғындарға қолжетімді болуына қатысты үнемі мәселе туындайтын. Өйткені, адамдардың ипотекалық несиеге қол жеткізуі қиын. Себебі, қазіргі банктер бастапқы жарнаға баспана құнының 30 пайызына дейін салуды талап етсе, енді бұл бағдарлама бойынша ол 20 пайыздан аспайтын болды. Елбасы ұсынған «7 – 20 – 25» бағдарламасы жерлестеріміздің, әсіресе, жастардың баспанаға қол жеткізулеріне жол ашады деп есептеймін.
Сонымен қатар, Елбасы ұсынған бағыттардың ішіндегі жалақысы төмен жұмысшы, қызметкерлерге салықтық жеңілдіктер жасауды қарастыруға орай берілген тапсырма да аймақтардағы өзекті мәселе. Өйткені, негізінен ауыл шаруашылығында еңбек ететін адамдардың табысы төмен екендігі белгілі. Өңірлердегі орташа айлық жалақының айырмасы да әлеуметтік жағдайдың теңгеріміне әсер ететін-ді. Ендігі жерде Президент ұсынған салық жеңілдігі аз жалақы алатын жұмысшылардың табысын арттыруға мүмкіндік бермек. Үндеуде айтылған бес бастама заман талабына сай туындап отырған экономикалық жаңа өзгерістерге қабілетті жаңа Қазақстанды қалыптастыруға жол ашады.
«Ұлы мақсаттарды өзінің алдына ұлы халық қана қоя алады!» дегендей, бұл Үндеу Мәңгілік ел идеясын жүзеге асыруға көмектесіп, алған бағытымызды әрі қарай айқындай түседі деп ойлаймыз. Әлемді өзіндік даму үрдісімен таңқалдырған, жасампаздығымен тамсандырған, жаңғырып, жалын атып қайта тұрған Қазақ елі өзін тағы да бір жаңа қырынан танытары хақ!

Қайырбек ҚҰСАЙЫНОВ,
Астрахан ауданының
құрметті азаматы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар