Тамылжыған ән кеші

Асыға күткен көгілдір көктем де келіп жетті. Аналардың мейрамы қарсаңында «Көкшетау» мәдениет сарайында көпшілік көрермендердің сұрауы бойынша Заттыбек Көпбосынұлының концерті болып өтті. «Жұмақтың кілті ананың аяғының астында» демекші, Заттыбек өз концертін «Анашым» әнімен бастады. Алла нәсіп етіп, көктемнің басында бойымдағы азды-көпті өнерімнің арқасында сіздермен жүздесіп отырмын деді ол. Кеш «Тойбастар» әнімен жалғасты.

Жалпы, Заттыбек 1974 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданындағы Кеңес ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Шығармашылық жолын 1995 жылы аудан орталығындағы балалар музыка мектебінде ұстаздық қызметпен бастаған көрінеді. Кейін «Шаншар» театрында өнер көрсеткен. 2000-2007 жылдары Шымкент қаласындағы №71 орта мектеп пен №2 балалар музыка мектебінде ұстаздық қызметін әрі жалғастырыпты.
Үстіне киген сахналық киімі де көз сүйсіндірген Заттыбек залдағы әйел, қыз-келіншектер қауымына арнап Шәмші Қалдаяқовтың «Қайықта», «Ақ бантик» әндерін тамылжыта шырқады. «Ауылға барып қайтайық» әні де жанға жайлылық сыйлады. Ана туралы біраз асыл сөздерді айта келіп, Мұқағали Мақатаевтың «Ана сен бақыттысың» әнін де тамылжыта шырқауы көпшіліктің көңілінен шықты.
Концертке інісі Байболат та қатысты. Көпшілік сүйіп тыңдайтын «Немерем» әнін айтқанда, 5 жастағы қызы бар екенін естіп білдік. Осы орайда, әншіге «немерелі бол» деген де тілектер білдірілді.
Роза Әлқожаның «Қол жетпес арман болған құлыным-ай» әні шырқалып, концерт әншінің кең тараған «Ақмаржан» әнімен аяқталды. Сөйтіп, осы концертінде барлығы 20 ән орындаған Заттыбек Көпбосынұлы бұл жолы да талғампаз өнерсүйер қауымды риза етті деп айтуға толық негіз бар.

Қарлығаш ҚАРПЫҚБАЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар